Азат 30 жыл ішінде ел еңсесі тіктеліп, даму қарқын алды. Мұндай даму, ең алдымен аймақтарда байқалады. Алаштың анасына баланған өңірде соңғы жылдары жеткен жетістік аз емес. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы да өз деңгейінде атқарылып келеді. Қызылорданың бүгіні мен ертеңі жайлы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлшара Наушақызы, кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген еді. Сыр өңірі соңғы 30 жылда қандай маңызды жетістігімен көзге түсті? – Сұрағыңызға рақмет! Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қызылорда облысы ғана емес, тәуелсіз Қазақстанымыз нығайып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында әлем картасында өз орнын нық бекітті. Шекарамыз шегенделіп, Сарыарқа төсінде жаңа елордамыз бой көтерді, рәміздеріміз бекітіліп, көк Туымыз көкте желбіреді. Республиканың барша өңірі өсіп-өркендеді. Соның ішінде экологиялық апат аймағына айналған Сыр өңіріндегі жасалып жатқан игі істерге, өзгерістерге Тұңғыш Президентіміздің осылай баға беруі қолдау ғана емес, әрі қарай алға жылжуға қайрау деп білемін. Расында, осы 1991-2021 жылдар ішінде аймақ қандай жетістіктерге қол жеткізді, кейбірімен қысқаша таныстыра кетейін. Білім беру саласында облыста 2015 жылдан бастап 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 100%-ды құрады. Тәуелсіздік алғаннан бері 414 жеке балабақша ашылды. Бюджет есебінен мектепке дейінгі 48 ұйым салынды. Сонымен бірге 161 денсаулық сақтау нысаны, 164 мектеп пайдалануға берілді. Денешынықтыру және спортпен тұрақты айналысатындардың саны 1991 жылы 44 500 адамға жетті. Мәдениет саласында 31 типтік клуб, 6 мұражай, 1 кітапхана, мемлекеттік мұрағат ғимараты пайдалануға берілді. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан Жастар театры құрылды, 38 тарихи және мәдени ескерткіш қайта жаңартылды, 119 жаңа монументалды өнер ғимараты орнатылды. Өңірлік қасиетті нысан тізіміне 35 ескерткіш кірді. 2018 жылы ЮНЕСКО-да «Қорқыт ата мұрасы» ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді, бүкіл әлемге танылды. Экономиканы индустрияландыру бағытында 2018 жылы облыстағы ең ірі жобалардың бірі – тампонажды цемент зауыты пайдалануға берілді. Іске қосылған сәттен бастап зауыт 750 мың тоннадан астам цементтің 6 түрін шығарып, оның 132 мың тоннасы Өзбекстанға экспортталды. Шетелдік компаниямен бірлесіп, шыны зауытының құрылысы жалғасуда, оны 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Шыны зауыты іске қосылғаннан кейін 27 млрд теңге көлемінде 8 ілеспе өндіріс құрылатын болады. Британдық компаниямен (Ferro-Alloy Resources Ltd) бірге Баласауысқандық ванадий кен орнында тәжірибелік-өндірістік әзірлеу аяқталды. 2020 жылы кәсіпорын 415 тоннадан астам аммоний метаванадатын Ұлыбритания мен Ресейге экспорттады. 2021 жылы Арал қаласында кальцийленген сода өндіретін зауыт пен Шалқия кен орнында тау-кен байыту фабрикасының құрылысы басталып, онда 2 200 жұмыс орны құрылатын болады. Аймақта Ұлыбритания, Франция және Болгария инвесторларының қатысуымен жаңартылатын энергия көздері бойынша құны 47 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылды. – Әлемді әбігерге салып, адамзатқа тез тараған індет қатты күшейген сәтте Қызылорда облысы «қызыл аймаққа» алғашқылардың бірі болып кірді. Қиындықтан шығудан қалай жол таптыңыздар? Мамандар қазір үшінші толқын басталуы мүмкін деп болжам жасауда. Осыған байланысты аймақта қандай шаралар жүруде? – Қызылорда облысы «жасыл аймақта», эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңірде 2020 жылдан бүгінге дейін індет жұқтырған 7 099 адам тіркелсе, оның 94 пайызы жазылды. Стационарларда 565 төсек-орын ұйымдастырылды. Індет күшейген жағдайда төсек-орынды 3 200-ге дейін арттыруға мүмкіндік бар. 518 орын орталықтандырылған оттегімен жабдықталған. Бүгінде инфекциялық стационарда 213 науқас ем алуда, жүктемесі 37 пайыз, реанимациялық төсек-орындарының жүктемесі – 24 пайыз. Аймақта 6 оттегі шығару стансасы бар. Медициналық ұйымдар 686 – оттегі концентратор, 251 – ИВЛ, 8 – компьютерлік томограф, 66 рентген аппаратымен қамтылған. Облыс бойынша 138 дәрігерлік мобильді топ үйден ем жасауда. 2 айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Дәрілік заттардың тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді. 10 ПТР аппараты іске қосылған. Тәулігіне 1 300-1 500 сынама алынуда. Қажетті жағдайда 3 500-ге дейін сынама алуға мүмкіндік бар. КВИ-ге қарсы ерікті түрде вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Бүгін I компонент бойынша 148 мың адам егілді, ал II компонент келген 79 мың адамға салынды. – Қазақстанның кез келген өңірі үшін толық шешілмеген мәселенің бірі – баспана. Осы мәселені Сыр өңірі қалай шешіп жатыр? Биыл қанша пәтер салынбақ? – Соңғы жылдары Қызылорда облысында түрлі құрылыс нысандары көптеп салынуда. Пандемия індеті кезінде құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Өйткені алдымызда азаматтарымызды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету арқылы экономиканы өрістету міндеті тұрды. 2021 жылы облыс бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін барлығы 17,4 млрд теңге қаржы бөлінді. 2021 жылы 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Биыл жалпы ауданы 2 158 пәтерді құрайтын 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл аяғына 1 608 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үйді пайдалануға береміз деп отырмыз. 49 жалға берілетін тұрғын үйлерді салу да жоспарда бар. 2021 жылы олардың саны 695 пәтер болмақ. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 463 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларына беріледі. Сонымен қатар аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды кредиттік үймен қамтамасыз ету үшін 665 пәтерді құрайтын 38 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, жеке құрылыс салушылар есебінен 248 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. – Аграрлық өңір ретіндегі табыстың басым бөлігі ауыл шаруашылығынан түсетінін білеміз. Қызылордада су тапшылығы жиі сезіледі. Сыр өңірінің бренді – ақ күріштің өсімі, экспорты қай деңгейде болмақ? – Өңірдің ерекшелігіне байланысты суармалы егін шаруашылығы жақсы дамыған және біздің аграрлы өңір үшін суармалы су мәселесі қашан да өзекті. Биыл су пайдаланудың бекітілген лимитіне сәйкес, облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Дегенмен соңғы жылдары Сырдарияның төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Осыған орай осы жылы облыста егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 3 672,9 млн текше метрге белгіленіп отыр, бұл – аздау. Су тапшылығы жағдайында біз негізгі дақыл күріш егістігінің көлемін белгілі бір деңгейге дейін тұрақтандырып, оның өнімділігін арттыруды және суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басқа дақылдар көлемін ұлғайтуды қарастырдық. Атап айтқанда, негізгі дақыл күріштің биылғы жылы егілген көлемі 82,9 мың гектарды құрады. Оның орнына суды аз қажет ететін көкөніс, бақша, майлы және мал азығы дақылдары егілді. Сырдың негізгі дақылы – күріш үлкен сұранысқа ие. Облыста өндірілетін күріш өнімі республика халқы қажеттілігін толық қамтамасыз етумен қатар алыс-жақын шетелдерге де экспортталуда. Облыстың барлық экспорт көлемінің 95 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина және Иракқа экспортталуда. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, облыстан 25,9 млн долларды құрайтын 92,9 мың тонна күріш өнімі экспортталса, биыл 4 айда облыстан 10,6 млн долларды құрайтын 36,2 мың тонна күріш өнімі экспортталды. – Соңғы жылдар шаруалар үшін оңайға соқпады. Судың тапшылығын былай қойғанда жер дауы да шаруалардың шымбайына батып тұр. Бұл мәселелер шешімін таба ма? – Бұл жағдай өңір халқына әсер еткені рас. Осы ретте облыс әкімдігі тарапынан «Қызылорда облысындағы жер мәселесіне байланысты туындаған наразылықтардың алдын алу бағытында жүргізілетін іс-шаралардың кешенді жоспары» бекітілді. Сондай-ақ, «Облыста жер дауына байланысты резонансты жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың жедел және ақпараттық әрекет ету алгоритмі» жасалды. Қазір облыс көлемінде шаруашылықтарда жер даулары туындаған жағдайда мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде белгіленген іс-шаралар жоспары мен алгоритмге сәйкес шараларды жүргізеді. Осы жылы Қармақшы ауданының III Интернационал, Жалағаш ауданының Мырзабай ахун, Сырдария ауданының А.Тоқмағамбетов, Қоғалыкөл, Шаған ауылдарындағы шаруашылықтарда жер үлестері бойынша мәселелер туындады. Мемлекеттік органдар, прокуратура тарапынан халыққа бірнеше қайтара түсіндірме берілді, мәселенің тұрақтануына жұмыс істелді. Тараптар келісімге келіп, жағдай тұрақтанды, межеленген егіс егу жоспары орындалып, егін себілді. Жер үлестерін бөлу мәселесі егін жинау науқаны аяқталған соң заңнамада белгіленген тәртіпте жалғасатын болады. Өңіріміздегі жер үлесі даулары болған шаруашылықтардағы мәселелерді түбегейлі шешу үшін мемлекеттік органдардан бөлек, шаруашылық (серіктестіктер) пен орталық уәкілетті органдар тарапынан бірнеше бағытта шаралар іске асырылуы керек, сол кезде мәселе түпкілікті шешіліп, үлес даулары азаяды. Біріншіден, шаруашылықтар (серіктестіктер) құрылтай құжаттарын ретке келтіруі, үлесшілер бөлініп шыққысы келген жағдайда жалпы жиналысты өткізуге кедергі келтірмеуі, жалпы шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі, жер даулары, үлестер бөлінісінің алдын алу үшін халықпен тұрақты жұмыс істеуі керек. Екіншіден, үлесшілер мәселесінің алдын алу үшін заң шығару деңгейінде жұмыс жүргізіліп, үлесшілердің бөлініп шығуын реттейтін нормаларға өзгеріс енгізілгені қажет. – «Сыр елі – жыр елі» атанған өнердің ордасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қандай ауқымды іс-шара өтуде? – Егемен елдің жетістіктерін насихаттайтын 12 тақырыптық бағыт бойынша 266 түрлі форматтағы іс-шараны қамтитын облыстық кешенді іс-шара жоспарын бекіттік. Жыл басынан бері 70 іс-шара өткізілді. Мерейлі мерекеге арнап «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастырдық. Жыр додасына республикамызға белгілі 12 ақын қатысып, тәуелсіз еліміздің 30 жыл ішінде бағындырған белестерін жырға арқау етіп, жыр жүйріктері ұлттық өнерді ұлықтады. Айтыстың жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 70 жасқа толуына орай қаламгерге Сыр елі халқының атынан құрмет көрсеттік. Осы жылдың қыркүйек айында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қазақ тарихында ақындығымен, жыраулығымен танылған Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын Тәуелсіздік жырлары!» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығына орай ескерткішін Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде орнату жұмысы жүргізілуде. 2022 жылы Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жасқа толуына орай Президент Қ.Тоқаев әнші есімін мәңгі есте қалдыру үшін іс-шара қабылдауды тапсырды. Осыған орай Қызылорда қаласында Роза Бағланованың ескерткішін орнату жұмыстары басталды. Мұнан өзге, келер жылы «Ақмаңдайлым» республикалық әншілер конкурсын өткізу ойымызда бар. Сондай-ақ атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығын атап өтеміз. Ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихын зерттеуге ерекше назар аударылуда. Осы жылдың мамыр айында ең ежелгі өркениет орталықтары болған қалалар – сақтардың астанасы Бәбіш мола, оғыздардың бас қаласы Жанкент, қыпшақтар мен Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеу жалғасты. – Сіз тәуелсіз Қазақстанның тарихында Мемлекеттік хатшы, облыс әкімі болған тұңғыш әйелсіз. Ер-азаматтармен иық тірестіріп, үлкен жауапкершілікті алып жүру нәзік жанды тұлғаға ауырлық тудырмай ма? – Өзіңіз айтқандай, тәуелсіз Қазақстанда бірқатар жоғары лауазымда болған шынымен тұңғыш әйел екенмін. Бұл жауапкершілігімді арттырмаса, кеміте түспейді. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деген сөзі бар. Мемлекет басшысы тарапынан ұсыныс түскенде қобалжығаным рас. Оның үстіне біздің елімізге ғана емес, әлемге зиянын тигізген пандемия тұсында облыс басшылығына келу де оңайға соқпады. Дегенмен мұндай қиын кезеңде әйел адамға ел басқару қиын ба, қиын емес пе, ойлануға, еш босаңсуға болмайды. Қолдан келген бар мүмкіндікті қолданып, жұмысты бастап кеттік. Үкімет тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы жедел шараларды өңірімізде барынша жүзеге асырдық. Мәселелерді барынша шешуге тырысам. Құдайға шүкір, қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ұлыбританияның премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Үйді басқаруда пайда болатын мәселелерді түсінетін кез келген әйел елді басқаруда пайда болатын мәселелерді түсіне алады» деген екен. Қазір тарихи сахнада ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқанын кім де болса мойындайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Қазақ әйелдері әрқашан тәуелсіздігімен, еркіндігімен ерекшеленген, кей жағдайда маңызды шешім шығаруға да тікелей қатысып отырған. Ұлан-ғайыр даламыздың тарихында өмірдің барлық салаларында өздерін жүрек жұтқан өжет көшбасшы, сарабдал ақылымен ел билеген көрнекті қайраткер ретінде таныта білген әйелдер аз емес. Тарих бізге Тұмар ханымды сыйға тартты, ол күйеуінің өлімінен кейін бөлшектенген скиф-массагеттік тайпаларды бір ту астына біріктіріп, халқын парсы патшасы Кирдің басқыншылығынан құтқарды. Орта ғасырдың соңындағы көрнекті әйелдердің бірі Бопай ханым Әбілхайыр ханның сүйікті әйелі ғана емес, ханның өзіне ақылы мен күш-жігері сайма-сай болған. Сонымен қатар хан мұрагерлерінің анасы болды. Бопай ханым көп жағдайда қазақ мемлекетінің сыртқы саяси әрекеттерін айқындап отырды. Бұл бір ғана мысал. Қазіргі заманда қолындағы бостандығы мен еріктілігіне, еліміздің саяси өміріне қатысты белсенділігіне қарамастан, қазақ әйелінің ерекшелігі – өз нәзіктігін сақтай отырып, ежелгі дәстүрлермен ішкі байланысын үзбей, өзін отбасы тірлігінің шуағы мен жанды тіні ретінде сезінуі. Сондықтан жұмысым мен отбасымды үйлестіре білуімнің сыры – осында. Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Талай ғасыр ата-баба арманы болғаны Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Біздің басты ұранымыз – тәуелсіздік бәрінен қымбат деген сөз! Мерейтой аясында өткен жолымызды сараптап, барлық ісімізді кешенді жалғастырудамыз. Елбасының бастамасымен, ел Президентінің басқарушылығымен бірлігі бекем халық ретінде еңбек етіп, тәуелсіз елімізді өркендетуге бәріміз бірге үлес қоссақ, біз алмайтын қамал жоқ дегім келеді. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры берік, Туы биік болсын! – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН