«Бармақ басты, көз қыстыға» баратын мектеп директорларының жолын кесу үшін жаңа ереже әзірленіп жатыр. Ендігі жерде педагогтерді директордың өзі емес, іріктеу комиссиясы қабылдайды. Жалақылары өскен сайын ауыл мұғалімдерінің «орны» қымбаттай бастады деген пікірлер де бар. Сондықтан жаңа ереже мектептегі жемқорлыққа тұсау сала ала ма?
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары білім бесігіне теңейтін мектеп төңірегінде түрлі қаңқу сөздер жиі сөз болады. Білікті кадрларды іріктеп алуы тиіс мектеп директорларының креслосы да мыңдаған долларға бағаланатыны туралы алып-қашпа әңгімелер бар. Жақында ғана «Дана» мектебінің бас директоры Рената Төлегенова әлеуметтік желідегі парақшасында директорлық 15 мыңнан 25 мың долларға дейін бағаланатынын, ал қарапайым мұғалім болу үшін 700 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін қаражат қажет болатынын айтып жазба қалдырған. Айтуынша, бастауыш сынып мұғалімі лауазымына жұмысқа орналасу үшін 200-300 мың теңге сұрайды. Дене шынықтыру пәні мұғалімінің жұмысқа кіру билеті 150 мыңның арғы жағында. Алайда өз мамандығы бойынша жұмысқа қабылдану үшін алдын ала сыйақы төлегендер әділетсіздікке қарсы тұрып, басшылықтың үстінен арыз жазуға арланады екен. Өйткені арызқой жұмысшының аты-жөні жұмыс іздеп барғанша келесі директорға алдын ала айтылып қояды деп қорқады. Кейде батылы жеткеннің өзінде пара алғанын дәлелдеуге айғақ таба алмайды. «Мұғалімдер арасында сауалнама жүргізіп көргенде көпшілігінің мемлекеттік мектептер мен құрылымдарда жұмыс тәжірибесі бола тұра осындай заңсыздықпен бетпе-бет келгеніне куә болдық. Сұрақ-жауапқа қатысқан 50 педагогтің бесеуі ғана оң жауап берді. Қазір барлық мемлекеттік мектепте, соның ішінде ауылдық жерлерде жұмысқа тұру ақылы. Тіпті, жалақылары өскен сайын ауыл мұғалімдерінің орны қымбаттай бастады», – дейді Рената Төлегенова.Парақор мектеп басшылары көбейді
Білім ошағы болған соң «қаңқу» деп жұмсартып жатқанымыз. Әйтпесе, соңғы екі жылдың өзінде мектеп басшылығының үстінен қылмыстық іс жиі қозғалатын болды. Бес жыл бұрын Алматы облысының Кеген ауылында ауыл мектебінің директоры жұмысқа орналасуға келген мұғалімнен 100 мың теңге пара алған кезде қолына кісен салынды. Ал Іле ауданында мектеп директоры сотталған адамды жұмыс орнында қалдыру үшін пара алған. Былтыр Жамбыл облысындағы «Шу ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінің өнер мектебі» директоры жұмысқа орналастырғаны үшін 150 мың теңге сомасында пара алғаны дәлелденіп, үш жылға темір торға қамалды. Түркістан облысы Мақтаарал аудандық мектеп директоры техникалық қызметкер ретінде жұмысқа орналастыру үшін ауылдасынан 150 мың теңге ақша сұраған. Айта берсең, парақор мектеп басшыларының тізімін бүгін тауысып біту мүмкін емес. Білім сапасын емес, қалтасының қамын көбірек күйттеп жүрген осындай мектеп директорларының санын қысқарту үшін Білім және ғылым министрлігі білек сыбана кіріскен. «Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізуді қолға алдық. Бұрын әр мектептің басшысы мұғалімді жұмысқа қабылдағанда дербес шешім қабылдайтын. Өзі шешім қабылдау үлкен тәуекел болып саналатын. Сондықтан осы тәуекелдердің алдын алу үшін заңнамаға өзгеріс енгіздік. Жаңа ережеге сәйкес, енді бос орын туралы жарнама беріледі. Хабарламада жалақысы мен жұмыс талаптары айтылады. Содан кейін үміткерлер құжаттарын тапсырады. Мұның бәрін электронды форматқа ауыстыруымыз керек. Мұғалімнің біліктілігіне, құзыреттілігіне, кәсібилігіне сәйкес комиссия тиісті шешімді ашық әрі жария түрде қабылдап, мектепке ең қабілетті әрі білімді мұғалімдер келуі керек. Осы механизм білім туралы заңға норма ретінде енгізілді. Енді біз қазір осы норманы іске асыру үшін министрліктің бұйрығын дайындап жатырмыз», – деді Асхат Аймағамбетов.Қазір мемлекеттік білім беру ұйымдарының көптеген басшыларында мерзімсіз еңбек шарттары бар. Көпжылдық еңбектің тиімділігінен гөрі, білім сапасының әлсіреуіне әкелетін тұстары көп. Бұл өз кезегінде басқа қызметкерлердің мансап баспалдағымен жылжуына деген ынта-жігерін басып, білім берудегі бәсекелестіктің орнауына мүмкіндік бермей отыр.Бұдан бөлек, қазіргі жүйенің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болу мүмкіндігіне жол беретінін және бұл оқыту сапасына теріс әсер ететінін айтқан білім басшысы мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институтына қатысты да өзгеріс енетінін айтты. Бұрын білім беру жүйесінде қолданылмаған бұл өзгеріс талайдан бері креслосын ауыстырмаған мектеп директорларына тықыр таянғанын білдіреді.
Мұғалімдердің ішінен кадр даярлау керек
Педагог-ғалым Нұрша Оразахынова ережеге енетін өзгерістер жайлы өз пікірін білдіріп, бүгінгі мектеп басшылығына біраз сынын айтты. «Бұрын мектеп директоры болу үшін бірнеше сатыдан өтетін. Өйткені білім жүйесін басқаруға қажетті дүниелердің барлығын білу қажет. Қазір мектеп директорларын тағайындауда басқару қабілетіне біржақты баға беру үрдіс алып кетті. Басқару жүйесінің сапасыз болуының себебі осыдан. Екіншіден, мектеп директоры сабақ бермейді. Өзі білім бермеген соң мектептегі оқу сапасын ол қайдан біледі? Директорлар шаруашылық мәселесімен айналысып кеткен. Сосын директордың бір жерде ұзақ отыруы тиімсіз. Оларды үш жылда бір ауыстырып отыру керек. Қазіргі директорлардың интеллектісі жоғары деп айта алмаймын. Көбісі мұғалімді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстағысы келеді. Тіпті, кейде мұғалімді ата-аналардың табанының астына салып беруге дайын. Ертең ата-аналар оны креслосынан айырып жібереді деп қорқады. Себебі о баста директорлыққа білім сапасын арттыру үшін емес, қалтасын қалыңдату үшін келді. Директорларды бір мектептен екінші мектепке ауыстыру үрдісін құптамаймын. Керісінше, сол мектепте көпжылдық тәжірибесі бар, білікті кадрлардан іріктеп алыну керек. Білімі жоғары маманды ұжымның өзі сайласа деп санаймын. «Балық басынан шіриді» демекші, мектеп басшылығы былыққа батса, ол мектепте білім болмайды. Білім ошағында берекет болмайды. Бұрын Алматыда 140-мектепте Сәуле Өскенбаева деген директор болған. Мықтылығы сол, қол астындағы мұғалімдердің ішінен кадр дайындайды. Ал қазір керісінше өзінен жақсы мұғалімдер шығып келе жатса, етегінен тартып, төбесінен басып көтерілуге мүмкіндік бермейміз. Өз орнын басатындай, ұжымының біліктілігін арттыруға жаны ашитын адамды тәрбиелей білу кемшін. Қазір Алаш зиялыларының дүниесін зерттеп жүрмін. Меніңше, білімге жауаптылар шетелдің қаңсығына таңсық болғанша, алаштықтардың айтқанымен жүрсе адаспайды. Олардың айтқан ақылымен жүрсек, білім сапасының да көш ілгерілеуіне септігі тиер еді», – дейді Нұрша Алжанбайқызы.Үш жылдық еңбек өтілі мектеп жұмысын жандандыруда аздық етеді дейтін кейбір мамандардың айтқандары да заңдылық. Сондықтан Нұрша Оразахынова айтқандай, болашақ директорды алыстан ат арытпай, мектеп асханасын егжей-тегжейлі білетін ұжымның өз арасынан іріктеу оңтайлы болмақ. Бұл өз кезегінде іріктеу арқылы келген мамандардың білімі мен біліктілігі жоғары басшымен жұмыс істеуіне де жеңіл болар еді.Шындығында да, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуы тиіс ұстаздарды бойындағы қабілетіне қарап емес, қалтасының қалыңдығына қарап қабылдайтын жерде қандай білім болмақ? Білім саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар жоғары білікті педагогтің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Министрлік жоспарлап отырған жаңа ереже бойынша, мектеп директорларын үш жыл сайын ауыстыру керек.
Жадыра МҮСІЛІМ