Жас отбасыларды баспаналы еткен жобалар
Жас отбасыларды баспаналы  еткен жобалар
375
оқылды

Ел егемендігінің 30 жылдық бедерінде жастарға аз көңіл бөлінген жоқ. Әсіресе, жас от­басыларды баспанамен қамту бағытында баянды бағдарла­малар жанданып, жүйелі жо­ба­ларға жан бітті. Әрине, тә­уел­­­сіздіктің алғашқы 10 ­жыл­­­ды­ғында тұрғын үй құры­лысы баяу жүргізілгенімен, кейінгі 20 жылдықта ерекше қар­қын алды. Жас отбасы­лар­ды баспана бақытына кенелт­кен бағдарламалардың ал­ғаш­қысы – «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» жобасы.

Аталған бағдарлама аясында 2012-2017 жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салына бастады. 29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына 2 жыл болған отбасылық жұптар бастапқы жарнасыз жалға алынған баспанаға ие болды және тұрғын үй одан әрі сатып алу құқығымен берілді. Сол тұстағы үйлердің 1 шаршы метрі 80 мың теңгеден бағаланса, жас от­басылар 2 бөлмелі үйді небәрі 4 миллион 200 мың теңгеге сатып алып жатты. Соңғы рет 2017 жылы «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша Өске­мен қаласында пәтер үлестірілді. Дәл сол жылы аталған бағдарлама жұмысын тоқтатып, Елбасының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағ­дарламасы дүниеге келді. Аталған жоба аясында 15 жылда 1,5 мил­лион отбасыны баспанамен қамту көзделді. Жаңа бағдарлама тұрғын үй саясатына түбегейлі өзгерістер әкелді. Яғни, енді баспананы сал­ған­нан кейін сатуға басымдық бе­рілді. Ал жалға алынған үйлерді сатып алу құқығымен беру тәжіри­бесі қаржыландырудың тиімсіз тетік­терін көрсетті. Бұдан шығатын тұжырым – көп үй салу үшін кө­бірек сату керек. Ал үйді ұзақ мер­зімге сатып алу құқығымен беру тиімсіздігін дәлелдеді. 2017 жылы Қазақстанның Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі «Ал­маты жастары» деген бағдарламаны ұсынды. Алматылық жастарға ар­налған жаңа тұрғын үй бағдарл­а­масына сол жылы жергілікті бюд­жеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 35 жасқа дейінгі алматылықтар баспана алу үшін 10 миллион теңгеге дейінгі несиені жылдық жеңілдетілген5 пайыздық мөлшерлемемен алды. Несиені қайтару мерзімі әрбір қатысушының төлем қабілет­тілі­гіне байланысты 3 жылдан 19 жыл­ға дейінгі мерзімге ұзартылды. Ал баласы бар алматылық жастарға бағдарлама аясында тағы да басқа жеңілдіктер қарастырылды. Мә­селен, бірінші балаға 10 балл, ал одан кейінгі балаларға 20 балдан есептелді. Сондай-ақ бағдарлама туралы хабарлама шыққан уақытта некелескендеріне бір жылға жетер-жетпес уақыт болған жас отбасы­ларға 30 балл қойылды. Мұның бәрі баспана рәсімдеу кезінде қатысу­шыларға белгілі бір дә­режеде басымдық берді. 2018 жылдың жазында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша үйді тек бастапқы нарықтан алу ке­рек. Сондай-ақ ипотекалық не­сие несиелік тарихы «бұзылмаған», әлеуметтік тұрғыдан қорғалған және төлем қабілеттілігі жоғары адамдарға ғана берілді. Ә дегеннен бағдарламаға қа­ты­сушылардың қарасы қалың болған­дықтан «Баспана» ипотекалық ұйымы бюджеттік сала қызмет­керлері мен жас отбасыларға қа­тысты қаржылық жүктемені тө­мен­детіп, «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобаларын ұсынды. Аталған жобалар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында пилоттық режимде іске қосылды. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы ая­сында білім, денсаулық сақтау, полиция қызметкерлеріне баспана алуға арналған арнайы серти­фикаттар берілді. «ЦентрКредит Банкі» де жас отбасыларға арнап ипотекалық құрал ұсынды. Аталған банк стан­дартты ипотекалық өнім де берді. Жастарға арналған ипотеканың стандартты өнімнен басты артық­шылығы мерзімінде болды. Яғни, жастарға арналған ипотеканың мерзімі 20 жылға дейін ұзартылды. Ал алғашқы жарна көлемі баспана құнының 30 пайызына тең болады. «ЦентрКредит Банк» ұсынған «Жас отбасы» бағдарламасының негізгі басымдығының бірі өті­ніштің жылдам қарастырылуында еді. Өтініш 3 күннің ішінде қара­лып, тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан алуға мүмкіндік туды. Бастысы, жұбайлардың жасы 35-тен аспауы керек. Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі – 16,5 пайыз. Ал жалақыны «ЦентрКредит Банкінен» алатындар үшін 16 пайыз болып бекітілді. Жұбайлар бір-біріне гарант болуға немесе басқа тұлғаларды қатыстыруға мүмкіндік алды. 2019 жылы «Жастар жылы» аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмысшы жастары 1 мың арендалық пәтер­мен қамтылды. Бұл бағытқа жыл сайын 7,2 миллиард теңгеден, ал үш жылда 21,6 миллиард теңге бөлінетін болды. Жалға алынған пәтерлер аталған жылдың 1 та­мызынан бастап беріле бастады. Осылайша, 2021 жылға дейін ел астанасында 1 050, Алматыда 900 және Шымкент қаласында 900 арендалық пәтер салынды. Соны­мен қатар жастарды баспанамен қамту мәселесіне бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі аясында кәсіпорындар мен әлеуетті жұмыс берушілер тартылды. Жас отбасыларды баспанамен қамтуда әлеуметтік бағдарла­ма­лардың да тигізген пайдасы орасан. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасы көпбалалы жас жанұя­лардың баспана бақытына ке­нелуіне жол ашты. Сондай-ақ «Шаңырақ», «5-10-20», «Баспана хит», «Ипотека Орда» сынды жоба­лар арқылы да тұрғын үй алып жат­қан жас отбасылар аз емес. Ең бастысы төлем қабілеттілігің мен отбасылық жағдайың талапқа сай келсе болғаны. Енді биыл «Елорда жастары» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Аты айтып тұрған­дай, жеңілдетілген несиеге баспа­наны шаһардың жастары рәсімдей алады. Бұл жолы тізімге жас бұ­қаралық ақпарат құралдарының мамандары да еніп отыр. Әрине, басымдық бірінші кезекте дәрігер, мұғалім, полицей және өнер адам­дарына берілмек. Алайда бола­шақта тізімді кеңейтіп, өндіріс пен IT саласының қызметкерлерін де пәтермен қамту қарастырылып жатыр. Ипотеканың бастапқы жар­насы – 10 пайыз, жылдық үстеме­ақысы 5 пайыз болмақ. Ал пәтердің құны 13 миллион теңгеге дейін болуы тиіс. Мұндай жоба Жамбыл жерінде де жанданып отыр. Өңірде бағ­дар­лама «Әулиеата жастары» деп айдарланып отыр. Қазір жауапты мамандар, салалық мекемелер бірлесіп, тұрғын үй несиесін үлес­тіру бағдарламасын әзірлеп жатыр. Жобаның бастапқы қаржылан­дыруы 2 миллиард теңге болмақ. Қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңге. Пайыздық мөл­шерлемесі 5 пайыз болса, бастапқы жарна – 0-10-20. Алғашқы кезеңде 200 жас баспанаға қол жеткізе алады. Өтініш пен құжаттар элек­тронды цифрлық қолтаңба арқылы қабылданса, қатысушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс. P.S. Міне, бұл – жастар мен жас от­басыларды баспанамен қамтуға бағытталған баянды бағдарламалар. 30 жылдың бедерінде бір бағдарлама өміршеңдігін тоқтатса, екіншісі – дүниеге келіп жатыр. Бұл жастарға мемлекет тарапынан қолдаудың толастамайтынын аңғартып тұр. Ендеше, осынау мүмкіндіктерді мүлт жібермей, жас отбасылар баспана бақытына көптеп кенелсін деп тілейміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы