Жұттың бірі – өрт. Биыл Қазақстанда аптап ыстықтан қуаңшылықпен қатар, дала өрті де ерекше күшейіп кетті. Бірнеше өңірде шаруалар жайылым, шабындық жерлерінен айырыла бастады. Әсіресе, ел Үкіметінің иек астындағы Арқа төсінде орналасқан Қарағанды, Қостанай облыстары тілсіз жаудың зардабын қатты тартып жатыр. Соның өзі-ақ жемшөп пен ет бағасын шарықтата түсері сөзсіз.
Торғай даласында тұтанып...
Маусымның соңына қарай Қостанай облысының Аманкелді ауданы аумағында найзағай салдарынан 600 гектардан астам жерді жалын шарпыды. Одан кейін бір емес, 8 жерден жай түсіп, көрші Жангелді ауданындағы «Алтын Дала» резерватының аумағынан қою түтін бұрқ ете қалды. Он шақты күнге ұласқан алапат өртке ауыл тұрғындары мен жергілікті бірді-екілі өрт сөндірушілер ескі техника, жалаң қолмен ие бола алмай қалды. Онсыз да биыл қырда шөп шығымсыз болып, мал жайылатын жер тарылып бара жатыр еді, төбеден жай түскен мына жайт қыстың қамын күйттей алмай жатқан жұртты одан сайын есеңгіретіп тастады. Биліктен көмек күтіп шаршаған Екідің, Жаңақала, Көлқамыс ауылдарының тұрғындары қызыл жалынға тракторға тіркелген бөшкемен су құйып, аяқтарының астын киіз байланған құрықпен сабалап әлектенді. «Арқалықтан бір автобус адам келді көмекке. Бірақ қолдарында құралдары жоқ, жалаң қолмен не істей алады? Күннің ыстығы мен самал жел жағдайды ушықтырып барады» деп ашынды сонда Жаңақала ауылының тұрғыны. Оның айтуынша, қала әкімдігі жіберген ескі өрт сөндіру көлігі жолда өзеннен су алып жатқанда батпаққа батып, бұзылып тынған. Ал, Арқалық қаласы төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Данияр Рүстемов ауылға өрт сөндіру қызметі шыққанмен, шалғайда байланыстың жоқтығынан олардан хабар ала алмағанын жасырмады. Сол кезде Жангелді ауданының Аралбай ауылы аумағында өрт әп-сәтте 40 гектар аумаққа жайылып, Амангелді ауданының Қабырға ауылдық округінде де тілсіз жау халыққа түн ауғанша бой бермей жатқан-ды. Оқиғадан сырттай хабар алып отырған Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев: «Маңғыстау, Қызылордада шөп, су жоқтықтан мал қырылуда. Бір айдан бері Торғай жақта дала өрті күшейіп, жайылым мен шабындықтар жанып, техника жоқтықтан халық жалаңаш қолмен сөндіре алмай, қиналып жатыр. Мұндай апатты жағдайда Үкімет басшысы апат орнына барып, жедел шешім, шұғыл шара қабылдау керек қой. Апат орнына Үкімет басшысы түгіл, облыс әкімі де бармаған. Не ойлары бар екен?» деп астанадан үн қатты. Ал оған Арқалық қаласының әкімдігі әлеуметтік желі арқылы өз уәжін айтып ақталды. Айтуынша, қалалық өрт сөндіру бөлімінен әр ауылға бір-екі техника мен ондаған маман жіберілген. «Екідің, Жаңақала ауылдары аймағындағы дала өрті кезінде Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Раисов, қалалық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Асылхан Нұрғалиев өрттің басында болып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Өрттің сөндірілу барысы қала әкімі Әмірхан Асановтың жіті қадағалауында болды», – дейді одан әрі. Алайда Қостанай облысынан қосымша күш жұмылдырылмауы салдарынан, шала бықсып барып, қайта тұтанған ол өрт Екідің ауылының Жайлаукөл, Жыланды, Қыналы, Сатый, Сарбас, тағы басқа жайлаулары мен қыстақтарының жайылым, шабындық жерлерін түгел отқа ораған қалпы, ақыры Қарағанды облысының көршілес Ұлытау ауданына өрлеп кете барды. Оны Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке қарағанда пысықтық танытып, Ұлытау ауданына тікұшақпен бара қойған Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өз аузымен айтты, «Ұлытаудың Шеңбер, Қорғасын ауылдары арқылы Қостанай облысынан келген өрт» деп. Ал Арқалық қаласының әкімдігі жалынмен арпалысып жүрген жергілікті тұрғындардың көзін бақырайтып қойып, «өртті ауыздықтадық» деуден танатын емес.Ұлытауға ұласты
Шіліңгір шілде Қарағанды өңіріне де оңай соқпай тұр. Жалпы, өңірде қауіпті кезең басталғалы 130 дала өрті болыпты. Оның ішінде айналдырған бір аптада Ұлытау, Қарқаралы, Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа аудандарында 24 өрт тіркелген. Әсіресе, жер көлемі жағынан облыс бойынша бірінші орындағы Ұлытау ауданында жағдай ушығып, жалын 40 мың гектарға жуық жерді шарпыды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің өзі ондағы жағдаймен танысып, тұрғындарға жалпы аудан бойынша 17 өрт ошағы бақылауға алынғанын жеткізді. «Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкімдіктер 20 тонна көлемінде жанар-жағармай мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», – деді ол. Сол сәтте өңір басшысының арнайы келгені шығынға белшеден батып, таяқ ұстап қалған шаруаларға дем беріп, ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Сондай-ақ тек Жангелді, Пионер ауылдары маңында 28 мың гектар жер қызыл жалын құрсауында қалғандықтан, 3 елді мекенде төтенше жағдай режимі сақталып, Пионер ауылындағы жедел штабқа әскерилер тартылды. Іргеге бір аптада шатырлар тігіліп, 200-ге жуық құтқарушы келген. Бірі келсе, бірі кетіп жатқан өрт сөндіргіш техниканың да 20-дан астамы сонда шоғырланды. Себебі қатты жел тұрып, малдың қиы мен тезек қайта тұтанып, жаңбырдың да жаумай қоюы жұмысты едәуір қиындатып жіберген еді. Жалпы, Қызылорда облысымен іргелес жатқан Ұлытаудың жазы ыстық болғандықтан, өрт те жиі қайталанып тұрады. Бірақ тілсіз жау халықты осынша әбігерге алғаш рет салған екен. Көнекөздер «соңғы 30 жыл бойы өрттің жан-жақтан бір мезетте лап қоюы болмаған» деп отыр. Шынында да, апта бойы күндіз-түні жұмыс істеген 175 түрлі техника мен 1 000-ға жуық құтқарушы және еріктілерге бой бермеген өрт Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек, Борсеңгір, Пионер, Байқоңыр, Шеңбер, Жангелді, Ақтас, Амангелді ауылдарының жайылымы мен шабындықтарын тып-типыл етті. Тіпті, биіктігі 2-3 метрге дейін жеткен өрттен Ұлытау ауданы Қоскөл елді мекенінің 23 жастағы тұрғыны Бейбарыс Ескендір қаза тапты. Сондай-ақ Жангелді ауылына қарасты Демеубай қыстағында «Әбдібеков» шаруа қожалығының 200 қойы мен 10 торпағы, ал Байқоңыр ауылында 300-ге таяу қой өртеніп кетті. Адамдары болса, жан сауғалап, әрең аман қалған. Ауданның жалпы шығынын есептегенде, 9 қожалықтың жайылымнан айырылғаны анықталды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров жергілікті шаруалармен кездесіп, оларды қолдауға уәде берді. Енді шаруалар мемлекет меншігіндегі жерді бір жылға тегін алуы мүмкін. Ал малынан айырылғандарға нарықтағы бағаға сай өтемақы төленеді. Дегенмен Пионер ауылының тұрғыны Тайып Балғазинов: «Жердің бәрі түгел кетті. Шабындық та кетті. Енді малды сатамыз» деп отыр. «Шабындық» демекші, 3-7 шілде аралығында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ғана емес, Бұқар жырау, Нұра, Шет, Осакаров, Қарқаралы аудандарында және Қаражал қаласында да жалпы ауданы 33 995 гектар дала өрті болыпты. Одан бөлек, 8 шілде күні Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылдық округінің жайылымын және Қаражал қаласымен арадағы 30 шақырымға жуық шабындығын жалын жалмап кеткен.Шөп болмаса, ет те жоқ
Қазір Қарағанды облысында малшыларға қыс мезгіліне 2,2 миллион тонна шөп дайындау қажеті ескертілді. «Аудан әкімдіктерінің деректері бойынша, қазір 312,6 мың тонна шөп дайындалды. Жұмыс жоспарына сәйкес жемшөп дайындауды 1 қазанға дейін аяқтау қажет. Техника жеткілікті», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров. Оның айтуынша, шөп бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы меморандумға қол қою жоспарланған және шөпті өңірден тыс жерлерге сатуға тыйым салынуы мүмкін. Бірақ олар жартысы қу тақырға айналған Арқаның қай жерінен 2,2 миллион тонна шөп дайындамақ? Осы орайда 15 жылдан бері біздің еліміздің табиғатын зерттеумен айналысып жүрген Геттинген университетінің қоршаған ортаны қорғаушы ғалымы Йоханнес Камптың дерегіне сүйеніп көрейік. Ол назар аударған жер орбитасынан түсірілген суреттегі 2 мыңнан астам ауыл мен қаланың, 1 300 мал фермасының басым көпшілігі 1991 жылдан кейін құрдымға кетіпті. Сондай-ақ ғалымдар командасы Қазақстандағы Германияның аумағымен бірдей аумақтан 1990 жылғы фотосуреттермен салыстырғанда, өртенген жерлердің әлдеқайда артқанын тапты. «Қазақстан ғаламдық өрт ошағына айналды. Біз өртенген жайылымдар аумағының кем дегенде 10 есе өскенін көріп отырмыз», – дейді Камп. Ал Елбасы мен Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған мақсатына сай, ет экспортын жүзеге асыру үшін еліміздегі жайылымдарды барынша игеру арқылы мал басын өсіріп, экологиялық таза өнім өндіруге ұмтылу – маңызды бағыт. «Осы орайда қолданыстағы жайылымды жақсартып, шалғай жайылымды мүмкіндігінше игеру ет өнімінің артуына үлкен септігін тигізері сөзсіз. Мысалы, етті бағыттағы ірі қара саласы дамыған Канада, Бразилия, Аргентина мемлекеттерінде ет өнімінің басым бөлігін жайылымда семірген малдың еті құрайды» деп жазыпты сала профессоры Айбын Төреханов. Ал «Атамекен» ҰКП АӨК және Тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов зардап шеккен шаруаларға уақытында көмек көрсетілмесе, елімізде ет алдағы жылы 40-70 пайызға көтерілуі ықтимал деген пікірде. «Біріншіден, қуаңшылық пен өрттен зардап шеккен өңірлерге малдың қысқы азығын дайындау кезінде жемшөпті субсидиялауға тікелей қаржы бөлу керек. Екіншіден, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ына жемшөп қорын қалыптастыру үшін қаржыландыру тетігін қарастыру қажет. Бұл жемшөпті өңірлерге белгіленген бағамен жеткізуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөп дайындаған кезде арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қажет», – дейді ол. Үкіметтің бағаны реттеу механизмдерін іске қосуы керегін Қазақстан ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков те алға тартып отыр. «Келесі жылдың малға мамыражай болатынына ешбір кепілдік жоқ. Фермерлер алаңдап, шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды. Малды сойып немесе тірідей арзан бағамен сатады. Мал және ет бағасы құлдырайды. Бірақ қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға мал басының жаппай қысқаруы салдарынан кейін мал шаруашылығында өндірілетін өнімдердің (ет, сүт, май және тағы басқа өнімдер) құны күрт өсуіне әкеліп соғады» деп жазды ол Facebook парақшасында. Шынымен, жағдай бұлай жалғаса берсе, ет тіске емес, тек түске кіруге тақау.Еркеғали БЕЙСЕН