Солтүстік Қазақстанның Ақжар ауданында симментал тұқымды бұқа балық аулап отырған 67 жастағы балықшыны сүзіп тастаған. Зейнеткер ауруханада қайтыс болған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ауыр жараланған балықшыны сиыр бағып жүрген бақташы тауып алған. Ол дереу жедел жәрдем шақыртқанымен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Жарақаты тым ауыр болған екен. Ал полиция малды қараусыз қалдырған бақташы жазаланғанын айтты.
«Оқиға Ақжар ауданында болған. Бақташы адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқтырған мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы 2-бөлігі бойынша жазаланды. Жалпы, жыл басынан аталған бап бойынша 1229 хаттама толтырылған. Мал иелері анықталғанға дейін арнайы қамау орындарына 3 225 мал бас қамалды. Облыс тұрғындарын заңнама талаптарын сақтауға, малдың еркін жайылуына жол бермеуге және мал бағу кезінде сақ болуға шақырамыз», – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.