Ақмола облысының жастары Көкшетау тауын бағындыруы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Өйткені жауын-шашынның салдарынан 21 жастағы жігіт таудан құлап, қолын жарақаттап алған.
Өңірдің ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 14 шілде күні болған. Құтқарушыларға 21 жастағы жігіт Көкшетау тауынан құлап кеткені және оған медициналық көмек қажет екені туралы хабар түскен.
«Құтқарушылар дереу оқиға орнына барған. 11 адамнан тұратын топ Көкшетау тауының баурайына көтерілген екен. Шамамен 13.00-де жаңбыр жауа бастаған. Сол аралықта 21 жастағы жігіт тастан тайып кетіп, шамамен 2 м биіктіктен құлаған. Өзі аман қалған. Тек қолы ауырсынғанын сезінген», – деді ведомствода.
Болған жағдайдан кейін топтың бір бөлігі таудан өз бетінше түскен, қалғаны көмек күтіп қалған. Ал зардап шеккен адамды жедел жәрдем Щучинск қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізді. Тексеру нәтижесінде, жігіттің сол қолы жарақаттанғаны белгілі болды.