Коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейін 22 жастағы жігіттің денсаулығы нашарлауы жалған болып шықты.
Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
14 маусымда әлеуметтік желіде ыңырсыған жас жігіттің айналасында адамдардың әбігерленіп, қолдарын ысқылап жатқаны туралы видео тарады. Кадр сыртында жігіттің Атыраудағы «Дина» базарында өзін нашар сезінгені, оның алдында сол жерде ковидке қарсы вакцина алғаны түсіндіріледі.
«Дина» базарындағы егу пунктінің медицина қызметкерлерінің ақпараты бойынша, 14 шілдеде сағат 15:00-де Өзбекстанның 22 жастағы азаматы «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алған.
– Оған дейін, кезекте тұрып ол медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытып, вакцинаның жанама әсері туралы арандату мақсатында бейнежазба түсіремін деп қорқытты. Демалыс бөлмесінде 30 минуттай бақылауда болып, үйіне жіберілді, – деді басқарманың баспасөз қызметі өкілдері.
Ал сағат 18:30-да «Динадан» жедел жәрдем қызметіне қоңырау келіп түсті. Диспетчерге вакциналаудан кейін адамның жағдайы нашарлап, құрысу белгілері байқалып жатқанын хабарлаған.
– Жедел жәрдем үш сағат бұрын вакцина алған Өзбекстан азаматына шақырылғаны белгілі болды. Жігіт облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізіліп, жағдайы тұрақты және ауруханаға жатқызуға себеп болмаған соң 30 минуттан кейін үйіне жіберілді, – деп нақтылады дәрігерлер.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Атырау қалалық №3 емханасының әкімшілігі тәртіп бұзушыны жауапқа тартуды көздеп отырғанын мәлімдеді.
https://youtu.be/mEkNaNzAaNw
Вакцинациядан кейін жалған талмалар мен құрысулар дерегі бойынша Атырау қаласының № 3 емханасы әкімшілігі егу пунктінің медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытып, сондай-ақ вакцинаның жағымсыз әсерлері туралы жалған әрекетке барған жігіттің үстінен полицияға арыз жазды.
– Құқық бұзушының әрекеті заңсыз деп санаймын, өйткені бүгінде еліміз, бүкіл әлем коронавирус инфекциясымен күресуде. Дәл осы вакцинация қауіпті инфекцияны тоқтатуға қабілетті, – деді Атырау қалалық № 3 емханасының директоры Айман Өтегенова.
Сайып келгенде Атырау облысы бүгінде індеттің өршу қаупі жоғары деп анықталған «қызыл аймақ» тізімінде көш бастап тұр. Атырауда вакцина салу баяу жүруде.
2021 жылғы 1 ақпан мен 14 шілде аралығындағы кезеңде барлығы 123 912 адам «Спутник V», QAZVAC және Hayat-Vax вакциналарының I компонентін салдырды. Вакциналардың II компонентін 63 946 жергілікті тұрғын алды.
Аймақта індеттің өршуі салдарынан науқастар саны артып, кісі өлімі күнде дерлік тіркеліп жатқанына қарамастан, тұрғындар той-думан мен дүниеден өткен жандардың қаделерін өткізуді және оған жаппай баруды тоқтатар емес. Қала базарлары мен қоғамдық көліктерде санитарлық талаптардың сақталмауы да өңір халқының індетті жұқтыруда жоғары көрсеткіш көрсетіп отырғанына себеп болуда.