Мыңнан астам бала тегін үйірмелерге қатысады
Мыңнан астам бала тегін үйірмелерге қатысады
579
оқылды

Облыста оқушылардың білімі мен олардың қауіп­сіздігі әрдайым басты назарда. Ал балаларға қосым­ша білім берудің де алар орны ерекше. Өйткені қо­сым­ша білім беру баланың білім алуы мен шығарма­шылық дамуына жағдай жасайды. Өңірдегі балаларды жан-жақты дамыту мен уақытын тиімді пайдалану мақсатында мыңнан астам балаға тегін үйірме­лерге қатысуға барлық жағдай жасалған. Осы мақ­сатта биыл мемлекеттік шы­ғармашылық тапсырыс­қа бөлінген қаржы 170 млн теңгеден асқан.

Бүгінде 4 пен 17 жас ара­лығын­дағы 1 090 бала тегін секцияларға қатыса алады, жыл соңына қарай 1 558-ге дейін артады. Өтінімдерді тіркеу үшін artsport.edu.kz портал жұмыс істейді. Қазір 577 бала тіркелген. Олардың көпшілігі сурет салуды таңдады, 35 қыз балетпен айналысуды таңдаса, 12 бала домбыра ойнауды үйренгісі келген. Қолжетімді үйірмелер қатарына би, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, театр, кино клубтары, вокал, музыкалық бөлімдер, әдеби клубтар және заманауи өнер индустрия­сының студиялары кіреді. Қазір жеке студиялардың иелері мемле­кеттік тапсырысқа қатысу үшін тіркеу рәсімінен өтіп жатыр. Бұл жерде қатаң талап пен өзіндік ереже бар. Осыған дейін қызмет көрсетуге ниет танытқан 62 өтінімнің тек сегізі ғана жұмысқа жіберілді. Ал аймақта жаңа оқу жылына дайындық басталып кетті. Жақында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалы­ғымен өткен аппараттық жиында облыс мектептерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Өңірде үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесін азайту үшін биыл үш мектеп құрылысы мен үш мектептің қосымша құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Ақтау қаласының 34 шағынауданында 1 200 орындық мектеп және Шығыс-1 шағынауданында 300 орындық мектеп іске қосылғаннан кейін №28 және №29 мектептерде үш ауысым мәселесі шешіледі», – деді облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова. Облыста апатты мектептер жоқ. Қазір мектептерде 12 451 орын тапшы­лығы бар, ал 15 мектепте бастауыш сыныптардың 3 826 оқушысы үшінші ауысымда оқиды. Жол картасын іске асыру барысында 2025 жылға дейін 28 нысан іске қосылады. Г.Қалмұратованың айтуынша, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үлесі — 66%. Қазір балабақшалар желісі жеке сектор­дың арқасында артып жатыр. Осы орайда облыста алдағы бес жылда 102 балабақша ашу жоспарланып отыр, олардың барлығы жеке­меншік болмақ. Биыл 1 490 орындық 19 жекеменшік балабақша ашылуы тиіс. Бүгінде 800 орындық 13 балабақша пайдалануға берілді. Қалған алтауы жыл соңына дейін ашылады. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Былтыр осы мақсатта жергілікті бюджеттен 125,6 млн теңге бөлінді. 94 мектеп­тегі бейнебақылау жүйесі қолда­ныс­тағы нормаларға сәйкес кел­тірілген. 45 мектепте дабыл түйме­лері орнатылды. Облыстағы 51 ба­ла­бақша, 43 мектеп және 9 кол­леджде мамандандырылған күзет бар, 98 мектепте штаттық кестеге сәйкес вахтер және күзетші жұмыс істейді. Облыс әкімі С.Трұмов орынбасары Г.Қалмұратоваға, Полиция департаменті мен білім басқармасының басшыларына жаңа оқу жылына дейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырды.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы