Ел футболындағы екі елеулі оқиға
Ел футболындағы екі елеулі оқиға
142
оқылды

Қазақ футболын алда үл­кен өзгеріс күтіп тұр. Соның бірі – ел біріншілігіне VAR жүйе­сінің орнатылуы бол­мақ. Талайдан бері талқы­ланып келе жатқан осы мә­се­леге жақында нүкте қойылады. Қазір аталған жүйе ҚФФ футбол үйінде сынақтан өткізілуде. Жуырда Қазақстан Премьер-лига­сы­ның ресми ойынында жаңа технология қолда­ныс­қа енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан футбол феде­рациясының бас хатшысы Азамат Айтқожиннің өзі мәлімдеді.

Былтыр аталған технология Алма­тыдағы орталық стадионда өткен Қазақстан суперкубогында тұңғыш рет сынақтан өткен бола­тын. Кейіннен спорт журналистері біздің біріншілікке көп өтпей жаңа жүйенің келетінін айтқан. Сол сөз шындыққа айналды. – Біз жүйелі түрде жұмыс істеп, VAR жүйесін іске қосып бере ала­тын серіктесті тауып қойдық. Олар бізге отандық телеөнім дайындай­тын компаниямен бірлесіп, бейне­қайталау нобайын ұсынады. Соны­мен қатар FIFA осы жақында ғана VAR Light жобасын іске қосты. Онда телекөрсетілімге жалғанбаған камераны да бейнеқайталау үшін пайдалануға болады екен. Біз осы жобаны Қазақстанға әкеліп, тексеруден өткізіп беруін өтіндік. Сондықтан да алда VAR Light жобасы еліміздің стадиондарына орнатыла бастайды, – деп сүйін­шіледі Айтқожин.

Енді көп өтпей Қазақстан футбол федерациясы ФИФА VAR Light бағдарламасының мүшесі ретінде отандық футболға VAR жүйесін қондыруды мақсат етіп отыр. Елордадағы «Футбол үйінің» базасында төрешілердің алғашқы оқу әдістемелік жиыны өткізілді. VAR Light жүйесінің енгізілуін Қазақ­стан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің өзі қадағалады.

– Қазақстан футбол федерация­сы заман ағымынан қалғысы кел­мейді. Қазір бүкіл әлем VAR жүйесін енгізіп жатыр. ФИФА ұйымдас­ты­рып отырған бағдарламаға сәйкес бұл жүйе елімізде кезең-кезеңімен іске асады. Оның Қазақстан футбо­лына енгізілуіне VAR жүйесінің Қазақстандағы серіктесі – OLIMPBET компаниясы зор септігін тигі­зу­де. ҚФФ жарысының бас серік­тесі техникалық жағынан толық қамтамасыз етеді. Қазір бірінші кезең аяқталды. Алдымызда әлі қыруар шаруа тұрғанын түсініп отырмыз. Енді VAR жобасының еліміздегі стадиондарға орнатылуы мен сертификациядан өтуі қалып тұр. Сондықтан да неғұрлым тез қызмет етсек, соғұрлым VAR жүйесі қазақ футболына да келіп жетеді деген сөз, – деп мәлімдеді ҚФФ басшысы. Бұл ретте OLIMPBET компа­ниясы­ның даму бойынша дирек­торы Константин Гусев те қазақ футболының қарқынды дамуына өз үлесін қосып жатқанына дән риза екенін, VAR жүйесінің енгізілуі біріншіліктің сапалы деңгейге көтерілуіне ықпал ететінін жеткізді.

5 күн ішінде төрешілерге түрлі сабақ өткізген ФИФА инструкторы Фархад Абдуллаевтың еңбегін мамандар жоғары бағалады. Ол осы кезге дейін реферидің бейне­көмек­шілеріне арналған жүздеген семи­нар өткізген, VAR жүйесінің тео­рия­лық сабақтары мен тәжірибиелік жұмыстарын да өткізуден мол тәжірибиесі бар білікті маман. ФИФА инструкторының жетек­шілігімен ары қарай да қазақстан­дық төрешілер ФИФА әзірлеген бағдарлама бойынша білімін арттырып, тәжірибелік курста өтеді.

Мұндай қуанышты жаңалықтың ізін ала қазақ футболында тағы бір есте қаларлық елеулі оқиға көптің талқысына түсті. ҚПЛ тарихында Қазақстан Премьер-лигасының ойындарында тұңғыш рет әйел адам төрелік етті. 2009 жылдан бастап ресми түрде Қазақстан футбол феде­рациясының ықпалымен төмен­гі дивизиондардағы ойындар­да, әйелдер футболында төрелік етіп келе жатқан Эльвира Нұрмұста­финаға бұл жолы ҚПЛ-дың ойы­нына төреші болу міндеті жүктелді. Осылайша, ол қазақ футболының тарихына енді. – Қазақстан чемпионатында төреші болуға мүмкіндік бергені үшін басшылыққа алғыс білдіргім келеді. Бұл мен үшін зор мәртебе. Алаңға шыққан сәттен бастап маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Өйткені бірінші рет ерлер футболында, жоғары дивизионда бас төреші болу бақыты маған бұйырды. Қуаныштымын. Ойын өте жақсы өтті. Барынша қателік жібермеуге тырыстым. Ойыннан кейін барлығы мені дебютті матч өткізгеніммен құттықтады, – деді Эльвира Meta-ratings.kz берген сұхбатында. Ол сонымен қатар ел спортында бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған VAR жүйесі туралы да пікірімен бөлісті. – VAR-мен жұмыс істеу үлкен жауап­кершілікті қажет етеді. Мони­торда отырғандар да қателікке жол бермеуге тырысады. Жүйені толық иегеру үшін төрешілер көптеген теориялық және практикалық сабақтан өтті. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болмақ. VAR төрешілерге белгілі бір сәттерде жіберіп алатын қателіктерін жөндеуге көп көмегін тигізеді, – деп атап өтті төреші. Қорыта айтқанда, ел фут­болын­дағы екі айтулы оқиға ішкі бірін­шілігіміздің деңгейін арттыра түседі деген үміттеміз. Жаңа заманның көшіне іліскен футболымыз одан ары қарыштап дами берсін дейміз.

Абылайхан ЖҰМАШ