Сарыбас – турнир жеңімпазы
Сарыбас –  турнир жеңімпазы
156
оқылды

Көкшетауда тазы тұ­қым­ды иттердің респуб­ликалық жарысы өтті. Оған Қазақстанның әр аймағынан осы тұқымның 40-қа жуық түрі қатысты.

Республикалық додада Қара­ғанды облысы Ақтоғай ауданы­ның атынан жарыс жолына шыққан Сарыбас атты тазы жеңім­паз атанды.

– Сарыбас – екі жаста. Ол қазақ­тың тазысы. Биыл облыс­тық және республикалық жа­рыс­тарда алты рет бірінші орын­ға ие болды, – дейді тазының иесі Арман Оралхан. Арманның айтуынша, мұн­дай жарыстардың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды, атап айтқанда тазы тұқымын сақтау, сондай-ақ осы тұқымының ең жылдам түрін анықтау.

Жарыстағы қашықтық әр­түрлі – екі шақырымға дейін. Көкшетауда иттер 1,3 шақырым жүгірді. 30 финалистің ішінде Сарыбас мәре сызығын бірінші болып кесті. – Менің ойымша, әр қазақ тазы ұстап, атқа міне білуі керек. Бала кезімнен бері тазыларым бар, мен оларды осы күнге дейін баптап келемін. Иттерге ерекше күтім қажет, оларға арнайы тамақ дайындаймын. Қазір үш тазым бар: Сарыбас, Сұңқар және Ақкиік. Бірақ Сарыбас өзгелерден ерекше. Жарысқа тек соны шығарамын. Болашақта Сарыбастың күшіктерін өсіргім келеді. Алда да жарысқа қатысу жоспарда бар, – деп атап өтті Арман Оралхан.

А.Жасанұлы