Мұсылман қауымының ортақ қайғысы
Мұсылман қауымының ортақ қайғысы
307
оқылды
Ғалым, ұстаз, дін қайраткері, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын 10 жылдан астам басқарған Әбсаттар қажы Дербісәлінің қазасы – барша мұсылман қауымының ортақ қайғысы. Өзімнің, Қазақстан Мұсылмандары діни басқар­масының ұжымы, еліміздегі барша мұсылман жамағаты атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, қазақ халқына қайғыра көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай. Бар өмірін діни ағарту саласына арнаған Әб­сат­­тар қажы Бағысбайұлы мүфтия­т­тың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге көтерді. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибрат­ты шығармалар өз оқырмандарын ізгілік пен ізденіске, имандылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз. Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болған жылдары жауапты жұмысқа деген ұқыптылығымен, іс-қағаздарды жүргізу барысында тиянақтылығымен, басқару ісінде ақылгөй басшы қасиетімен, адамдармен тіл табысуда зиялы болмысымен, ғылыми ізденісте табандылығымен, т.б. үлгі болар сипаттарымен есте қалды. Ол кісі ғылыми саладан діни салаға ауысып келген соң білім мен ғылымға көп көңіл бөлді. Әсіресе, Нұр-Мүбарак университетінің қа­лып­тасуы мен дамуына көп еңбек сіңірді. Шәкірттерге дәріс оқып, олардың ғылыммен айналысуына ден қойып, құштарлығын оятатын. Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болып қызмет атқарған жылдары елімізде бірқатар зәулім мешіттер мен медреселер ашылды. Жаңадан ашылған медреселердің қолданыстағы заң талаптарына сай жұмыс істеуіне, білім саласында қалыптасқан тәртіп бойынша қызмет атқаруына мән беретін. Ол елімізге белгілі марқұм Сұл­тан Сартайұлы, Өмірзақ Айтбайұлы сынды зиялы қауым өкілдерімен, Мұрат Жұрынов, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді ғалымдармен, танымал тұлғалар­мен тығыз қарым-қатынас ор­натып, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанынан ақыл­дастар алқасын құрды. Ақылдастар алқасы қоғамда дінге қатысты пайда болған мәселелерге қатысты дер кезінде пікір білдіріп, тиісті мәлімдемелер жариялап отырды. Әбсаттар қажы Дербісәлі қоғам, зиялы қауым мен мұсылман жама­ғаты арасында алтын көпір бола білді. Әбсаттар қажы Дербісәлінің үлгі тұтар қасиеттерінің бірі – қыз­метке қабылданатын имамдармен алдын ала кездесіп, оларға ақыл-кеңесі мен насихатын айтатын. Елімізде 3 мыңға жуық мешіт бол­са, сол ғибадатханаларға жаңадан тағайындалған дін қызметкер­лерінің әрқайсысымен сұхбат құра­тын. Ақсақалдық ақылын айтып, діни салада қызмет ету үлкен жа­уап­кершілікті талап ететінін тәп­тіштеп түсіндіретін. Содан кейін ғана жаңа имамның қолына таға­йын­дау туралы бұйрықты ұстатады. Бас мүфтидің жеке қабылдауында болып, оның насихатын тыңдап, сұхбаттасып шыққан дін қызмет­кері ерекше құлшыныспен, жауап­кершілікті сезінген күйде аманаты жоғары жұмысқа кірісетін. Мотивация беру – кез келген басшының қолынан келе бермейтін іс. Әбсаттар қажы Дербісәлі шалғай ауылға жас имамды тағайындаса да оған ерекше мотивация беретін. «Сен ауылға имам болып тағайын­далған соң сол өңірдің рухани бас­шысы болуың керек. Ол үшін адам тұлға деңгейіне жетуі тиіс. Тұлға болу оңай емес. Біз жақсы мінезі­мізбен, терең біліммен халықтың алғысы мен ықыласына бөленеміз. Сондықтан сауатты, білімді, жан-жақты болуымыз қажет. Сонда ғана халық сыйлайды» деген сөзі дін қызметкеріне жігер беретін. Ғылыми диссертация қорғаған сәтімде Әбсаттар аға қолдау көр­се­тіп, ізгі тілегін білдірді. Бас мүфти болған кезімде батасын беріп, жаңа қызметіме сәттілік тілеп: «Нағыз жұмыс істейтін сәттерің. Қуат-күштеріңді асыл дініміздің наси­хатына, халқымыздың игілігі мен бірлігін нығайтуға жұмсаңдар. Діни салада көп жылдар бойы жинақ­таған тәжірибең бар. Енді соны Діни басқарма жұмысының жан­дануына сарп ету керек. Алла абырой берсін. Тек сәттілік тілей­мін», – деп бата-тілегін білдірген болатын. Мұндайда ол кісі туралы өткен шақпен естелік айту ауыр. Алла Тағала қадірлі ағамызды панасына алғай. «Достан – дұға» дегендей, ендігі ісіміз – марқұмға Алладан жарылқау тілеу, Құран бағыштау. Жаның жәннатта болсын, Хазірет! Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти