Экологтер осылай деп дабыл қағып жатыр. Жақында климаттың өзгеруінің гидрологиялық салдарын зерттейтін NASA және Sircle of Blue мамандары 2021 жылы үш миллионнан астам адам Балқаштағы судың таяз әсерін сезінетінін ескертті. Сарапшылар «Балқаш көлі Аралдың кебін кие ме?» деп қауіптенеді.
Балық та кетті азайып…
Мамандардың айтуынша, осыдан 35 мың жыл бұрын пайда болған Балқаш көлінде қазіргі уақытта балықтың 26 түрі бар. Олардың барлығы – жерсіндірілген балықтар. Ресми деректер бойынша, 1930-1940 жылдары жылына 5 000 тоннадан астам, ал 1961 жылға дейін жылына орта есеппен 2 300 тонна Балқаш алабұғасы ауланған. Ол кәсіптік мәні бар балықтардың ішінде 2-орында тұрған. Кейіннен Балқаш көліне жерсіндірілген жыртқыш көксерке мен ақмарқа балықтар жіберілуінің салдарынан Балқаш алабұғасының саны азайып, 1966 жылы бар болғаны 10 тоннадай ғана Балқаш алабұғасы ауланған. Ал 1971 жылдан кейін Балқаш алабұғасы мүлде ауға түспеген. Ашаршылық жылдары Балқаш алабұғасы осы өңірдегі жергілікті тұрғындардың құт-берекесі деп есептелініп, көптеген адамның ашаршылықтан аман қалуына септігін тигізген. Мәселен, бұл балықтың көптеп кездесетіні, оған қармақ салған кезде қармақты бірден қабатыны, сүзекі тартса топ-тобымен топырлап түсетіні және жалтылдақ сүйресе үйірімен ілесетіні туралы аңыз әңгімелер көп сақталған. 1970 жылдары Балқаш көлінен жоғалып кеткен құнды әрі дәмді балық – әйгілі Балқаш шармайы (маринка) тағдыры қайталана ма деп қауіптенген тұрғындарды көлдің жайы алаңдатады. Кезінде Балқаштың көкбасын құны төмен балық санын азайту мақсатында көлге жіберілген көксерке ығыстырып шығарған еді. Соның әсерінен бір көлді мекен еткен жыртқыш балықтарға қорек жетпеді. Ұзындығы 12-15 сантиметр шұбарбалық және Қызыл кітапқа енгізілген Балқаш алабұғасын көксерке жеп тауысты. – Бұрындары бір шаршы метр суда жиырма шақты алабұға шүпірлей жүзіп, көл беті «қайнап» кетеді екен. Ел аузында «алабұға – мәрт балық, қармақты салған бетте қабады. Сүзекі тартсаң тобымен, жалтылдақ сүйресең үйірімен ілеседі» деген сипаттағы әңгімелер ғана қалған қазір. Балқаш алабұғасы, Балқаш шармайы және Балқаштың шұбар балығы – көлдің тумасы. 1903 жылы Іле өзені арқылы сазан келген. 1949 жылы – пілмайы, табан, 1957-1958 жылдары көксеркемен бірге жайын, қаракөз, ақбалық, берш, торта жіберілген. Балқаш көлінің тума балықтарының азаюына көксерке, жайын және ақмарқа сияқты жыртқыш балықтарды акклиматизациялау, гидрологиялық режимнің бүлінуі себеп болды. Жыртқыш балықтың биологиялық ерекшелігі – ол жылдам және баяу өсетін болып екі экологиялық түрге бөлінеді. Сондай-ақ көлде жылдам өсіп кеткен жыланбас балықтың зияны көп тиді. Тамақ талғамайтын жыртқыш балық құртшабақтарды ғана емес, ұзындығы 21 сантиметрге жететін торта, сазан, табан, алабұға сияқты балықтармен де қоректенеді. Бұл балық, әсіресе қарқынды қоректену кезеңінде – сәуір-шілде айларында негізінен сазан (43,7 пайыз) және көксеркемен (34,6 пайызға дейін) қоректенеді. Айта кетейік, 1970-1980 жылдары пілмайы балығының ауланымы 30 тоннаға дейін жеткен. 1990 жылдары оның да аулану көлемі күрт азайып кетті. Қаяз бен дөңмаңдай Балқашта өсіп-өніп кете алмады. Балқашта аулауға келмейтін балықтың бес түрі бар. Олар: гамбузия, амур шабағы, жалғантеңге, элеотрис және амур бұзаубасы. Бұлардың бәрі де кәсіптік балықтарды жерсіндіру кезінде солардың шабақтарының арасында кеткен керексіз балықтар. Олардың өсімін тежеу мүмкін болмай отыр, – дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ардагері Боранбай Кенжебеков. Балқаш көлінің негізгі табиғи қоры сазан, табан, қара балық (шармай), мөңке, жайын, ақсерке, көксерке, қаяз, шортан, бекіре, аққайран болғанымен, балық шаруашылығы 7-8 мың тонна балық беруден әрі аса алмай отыр.Ну қамыс та жоқ бүгін...
– Ертеректе Балқаш көлінің жағалауына ит тұмсығы батпайтын нар қамыс жауып жатқан. Жуандығы жас баланың білегіндей қамысты неше алуан қанаттылар, ондатрлар, доңыздар, жабайы мысықтар, жолбарыстар мекендеген десек, ешкім сенбейді. Өйткені көл байлығын көзімен көрмеген бүгінгі ұрпақ бұл сөзімізді аңыз, ертегі сияқты қабылдайтыны анық. Табиғат байлығын адамның қомағайлықпен құртып жібергенін қайдан білсін?! Көнекөздердің айтуынша, ертеде көл ажарын кіргізіп, аттылы кісінің бойын жасырар ну қамыстың үкілі шашақтары ерекше сұлуланып тұрады екен. Самал желмен сыбдыр қаққаны да ғажап көрінеді. Өкінішке қарай, қазір ол көріністі ұшырата алмайсың. Таусылмайтындай көрінген бір кездегі нар қамыстың орнын борпылдақ сор топырақ басқан, – дейді Балқаш қаласының тұрғыны, журналист Нұрдос Кәрім. Табиғат жанашырларын көлдің қазіргі тағдыры алаңдатып отыр. Көл жағасындағы қамыстың құруы онда өмір сүретін аң мен құстың азаюына және судағы тұз мөлшерінің артып, судың тартылуына әсерін тигізеді екен. – Табиғат байлығы да өлшеулі. Кеңес кезінде қамыс зауыты ашылып, қысы-жазы нар қамысты да, балауса құрақты да қылтанағын қалдырмай шауып алды. Болашағын ойламай, жоспар қуалаған шаруалар табиғаттың сырын қайдан ұқсын?! Жағалаудағы қамыс-құрақты құртқан соң, аң мен құс азайып кетті. Бұдан кейін бір литр судағы тұздылық 2,26 грамнан 3,22 грамға артты. Балқаш суының тұздылығының артпауына жағасындағы қалың қамыстың әсері мол еді, – дейді «ЭКОШ» ұйымының жетекшісі Людмила Страшко. Өткен ғасырдың 40-жылдары Балқаш маңындағы 1 миллион гектарға дейінгі алқапты қамыс алып жатты. Бұл Еуразия құрлығындағы қамыс «тоғайының» ең ірісі болды. Көлдің негізгі үлкен аралдары – Басарал, Тасарал, Ортаарал, Алғазы және Шағалалы, Кіші Тасарал, Шайтанарал, Маяктұрған секілді бірнеше басқа да аралдарын қалың қамыс жауып жатқан екен. Қамыстың сиреуіне өрттің де зардабы тиіп отыр. Биылдың өзінде Алматы облысы Балқаш ауданындағы Жиделі ауылынан 25 шақырым жердегі мемлекет қорғауындағы «тоғайды» қызыл жалын шарпыды. Бұдан бөлек, Балқаш қаласына жақын жердегі көл жағалауындағы 10 гектардан аса аумақты алып жатқан қамыс өртеніп кетті.Аралдың кебін кие ме?
Оның бетін аулақ қылсын, алайда алаңдауға бірнеше себеп бар. Біріншісі, Қапшағай су қоймасына қатысты. Міне, жарты ғасырға жуықтап қалды, оны толықтыруға Іленің суы пайдаланылып жатыр. Осының салдарынан өзеннен келетін судың көлемі бұрынғының үштен екі бөлігіндей азайып, көлдің деңгейі төмендеді. Оның мөлшері жылына 15,6 сантиметрге жетті. Сөйтіп, 1908-1946 жылдары су деңгейінің табиғи төмендеуінен асып түсті. Балқаштың таяздануы оның онша терең емес батыс бөлігінен айқын аңғарылды. 1972-2001 жылдары көлдің оңтүстігіне қарай 8 шақырымда жатқан Алакөл құрғап қалды деуге болады. Осы кезеңде Балқаштың оңтүстік бөлігі барынша зардап шекті. Оның төңірегіндегі 16 су жүйесінен тек бесеуі ғана қалды, бассейннің үштен бір бөлігіне жуығы шөлге айналды. Кепкен көлдің түбінен көтерілген тұзды тозаң аймақ климатына кері әсерін тигізді. Ал жағалаудың тұзданған топырағы құнарсызданып қана қоймай, сағаны сағал-сағал қылды. – Іле-Балқаш бассейнінің экологиясын тұралатқан тағы бір фактор – Балқаш комбинатына қарасты бірнеше кәсіпорын төгетін өндірістік қалдық. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының алғашқы жартысында комбинат төккен өндірістік қалдық көлемі жылына орта есеппен 280-320 мың тонна болғаны, көл түбінде 76 тонна мыс, 68 тонна мырыш, 66 тонна қорғасын тұнбасы жатқаны жөнінде мәліметтер бар. Өндірістік қалдық қоймасынан шаң болып көтерілетіні қаншама? – дейді осы саланы бірнеше жыл зерттеген әріптесіміз Әлібек Әбдірәш бір сөзінде. Қазір Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суы көлге жетпей, суармалы егістікке жұмсалады. Бұрын Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отыруға септігін тигізген Аягөз, Биен, Сарқанд және Басқан да бүгінде арнасын өзгерткен. Балқаш шөлейт және шөл белдеуде жатқандықтан, климаты шұғыл континентті. Суының булануы өте жоғары. Сондықтан деңгейі шұғыл өзгеріп отырады. Балқаш көлі кейінгі жылдары 2 метрге жуық төмендеген.Алаңдауға негіз жоқ...
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов осылай дейді. – Алдымен әлемдегі су ресурстарына қатысты жалпы жағдай жақсарып келе жатқан жоқ екенін атап өткім келеді, жыл сайын экономика мен жердегі тұрғындардың өсуімен бірге суға деген сұраныс та артып келеді. Қазір Қазақстанда судың аздығы байқалады, бұл жағдай әсіресе оңтүстікте, Сырдария өзенінің бойында, сондай-ақ республиканың батысында және Іле өзенінің бойында анық сезіледі. Балқаш көліне келетін болсақ, ол бойынша барлық мәселе шешіліп жатыр. Балқаш Аралдың тағдырын қайталамайды деп сеніммен айта аламын. Бұл пікірді ғалымдардың, көпжылдық тәжірибесі бар су мамандарының қорытындыларына сүйеніп айтып отырмын. Зерттеулер көрсеткендей, көлдің тұрақты деңгейде сақталуы (Балтық жүйесінің 341 м белгісінен төмен емес) оған жыл сайын 12 млрд м3 судың құйылуы кепіл болады. Көпжылдық бақылаулар барысында соңғы 25 жылда көлдің деңгейі 342 м-ден төмендемегені анықталды. Бұл деңгейді сақтау үшін көлге Балқаш ағынының 70%-ы болатын трансшекаралық Іле өзенінен жылына кемінде 12 текше метр су келуі қажет. Бүгінде Іле өзенінен Балқаш көліне орта есеппен жылына 12,8 текше метр су келеді. Яғни, көлдің таяздану қаупі жоқ. Іле ағынының 80%-ы Қытайда қалыптасады, ол соңғы жылдары өз аумағында өзен бойында қарқынды дамып келеді. Сондықтан біз ҚХР-мен осы бағытта тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қытайдың өзінің 3500 жылдан астам тарихында ешбір елмен су бөлу жөніндегі келісімдері болмағанын атап өткім келеді. Біз екі елдің Мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап Қытаймен тиісті келісімді дайындау бойынша жұмыс жүргізудеміз. Қытай тарапымен келіссөздер барысында барлық негізгі мәселелер, соның ішінде Іле өзені бойынша Балқашқа жыл сайын кемінде 12 текше метр су келуі тиіс деген ұстанымымыз назарға алынып жатыр, – дейді Серік Қожаниязов. Сөз соңында Балқашты сақтау сіз бен біздің қолымызда екені, ол үшін мемлекет үлкен бағдарламалар түзіп, сол арқылы көлді сақтап қалу керек дегіміз келеді.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы