Соңғы жылдары еліміздегі 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жиі жөндеуден өтетін болды. Биыл да бұл әдеттен жаңылмадық. Жаңағы кешендердің бәріне де осы жылдың ішінде қайта жөндеу жүргізілмек. Жұмыс уақытша тоқтаған соң бензин тапшы боп, баға қымбаттайтыны айтпаса да белгілі. Оны кейбір аймақтар бастан өткеріп те үлгерді. Ал мұнай өңдеу зауыттарын жөндеуге мол қаржы шығындалады. Яғни, зауыт жиі жөнделсе, ақша да молырақ бөлінбек. Бірақ бұл ақшаның орнымен жұмсалатынына күмән бар.
«Бір шикілік бар»
Наурыз айының ортасына таман Энергетика министрлігі Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты жөндеу мақсатында жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлаған. Бірақ осы кезде аяқасты Атыраудағы мұнай өңдеу зауытынан ақау шығып, жаңағы екі нысанның құрылысы кейінге шегерілген еді. Дегенмен үш кешен де биыл жөнделеді. Осы тұста бір қызық жайтты айта кетсек. Негізі аталған мұнай өңдеу зауыттары осыдан 3 жыл бұрын ғана, 2018 жылы жаңартылған. Құрылысқа бақандай 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Осыған қарамастан зауыттар қайта жабылып, жұмысын тұралатып жүр. Бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады. Жуырда Президент елдегі мұнай өңдейтін зауыттар мол қаржыға жаңартылса да, неліктен жиі жабылып қала беретінін түсініксіз жайтқа балады. Осыны айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнда бір шикіліктің барын айтқан еді. Сондықтан Үкіметке осы мәселеге назар аударуды тапсырды. Мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысы тұралаған соң елде жанармай бағасы да қымбаттаған. Жыл басынан бері шамамен 13 пайызға өскен екен. Демек, мұнай өңдеу зауыттарын жиі жөндету күрделі схемалардан құралған ақша жымқырудың жолы болуы мүмкін. Осы тұста әңгімені әріден тартуға тура келеді. 2018 жылы шілдеде мотор отынының сапасы K-4 және К-5 экологиялық кластарына сәйкес келуі тиіс болды. Сол кезде Энергетика министрі болған Қанат Бозымбаев үш ірі мұнай өңдеу зауытына енгізілетін жөндеуді басқаруды автоматтандыру жүйесінің тиімділігін алға тартып, зауыттарға 3 жыл сайын 45 күндік жөндеу жүргізілетінін айтқан болатын. Бірақ бұл жөндеу жұмыстары жоспар бойынша әр зауыттың өңдеу көлемін жылына 300 мың тоннаға дейін арттырып, елді бензин тапшылығына ұшыратпау қажет болған. Алайда көріп отырғандай, нәтиже мүлде олай болмады. Қазақстанда бензин тапшылығы әдеттегі жағдайға айналды. 2018 жылы зауыттар жаңартылып жатқанда бензин тапшы болып, Аи-92 маркалы сұйық отынның бағасы кей аймақтарда 200 теңгеге дейін жетті. Енді биыл да кешен жөнделеді дегенде осыған ұқсас жағдай қайталанып отыр. Расымен, жөндеу жұмыстары тек кері әсерін тигізер болса, зауыттарды 3 жыл сайын неге жаңартуымыз керек? Яғни, Президенттің аталған мәселеге көңіл бөлуі орынды. Бұл проблема елге кесірін тигізетін тағы бір проблеманы туындатқанын көріп отырмыз.Вице-министрдің сөзі жалған болып шықты
Биыл наурызда Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов «қазақстандықтар мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кезінде бензин тапшылығы мен қымбаттауын сезінбейтін болады» деп айтты. Оған «қаңтардан бастап біз қор жинау үшін мұнай өнімдерін экспорттауды тоқтаттық. Бұл уақытылы шара болды деп айтуға тиіспін. Бензин бойынша біздің қордағы көлем 200 мың тоннадан 250 мың тоннаға дейін өсті» деп қосып қойған еді. Бірақ мүлде олай болмады. Мәселен, жаздың басында-ақ Қызылорда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы жанармай құю бекеттерінде сұйық отыны тапшы болып жатты. Шынында, Шымкенттің аумағында бүтін бір үлкен аймақты жанармаймен қамтамасыз етуге шамасы жететін қазіргі заманғы мұнай өңдеу зауыты бар. Мәселе неде? Бензин тапшылығының түп себебі 2021 жылғы қаңтарда басталған. Атырау облысына KEGOC энергиясын жеткізуде қиындық болды. Бұл жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизель отынының өндірісіне айтарлықтай әсер еткен апатты тудырды. Кейін сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Наурыздың аяғынан сәуірдің аяғына дейінгі кезеңде күрделі жөндеу үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жоспарлы түрде тоқтату көзделген еді. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында жоғары сұранысқа ие бензин мен дизельді отын өндірісі едәуір төмендеп, зауытты жоспардан тыс жөндеу қажеттілігі туындаған соң, Энергетика министрлігі наурыз-сәуір айында жоспарланған Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысын кейінге қалдырды. Шынында, кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Сосын елімізде жанар-жағармайға сұраныс 20 пайызға өсті. Бөлшек сауда нарығының ірі қатысушылары сұраныс жоғары болатын маусымды қалыпты жағдайда өткізу үшін дизельдің қорын жасауды дер кезінде қамтамасыз еткен. Ал тауар қорын тек 2-3 аптаға ғана жасайтын жергілікті бөлшек сауда мұндай қарқында жұмыс істей алмай қалды. Шымкент МӨЗ жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін, 18 маусымнан бастап сұйық отынды қайта жеткізе бастады. Биыл қаңтар-наурыз айы аралығының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 3 миллион тоннадан аса мұнай өнімдері өндірілген. Ал бензин бойынша көрсеткіш 1,1 миллион тоннаға жетіпті. Энергетика министрлігі жоспардың 94,5 пайызға орындалғанын айтады. Ал дизель отынының көлемі – 1 миллион тонна. Жоспар 89,7 пайыз іске асқан. Бірақ осыған қарамастан тапшылықты көріп отырмыз. Егер әр 3 жыл сайын мұнай өңдеу зауыттары жөнделе берсе, мұндай келеңсіз жағдай жиі қайталанбақ. Бірақ халықаралық тәжірибе бойынша, мұнай өңдеу зауыттары ылғи қадағаланып, қажет кезінде жаңартылып отырылуы қажет екен.Мадияр ТӨЛЕУ