Халық Қаһармандары
Халық Қаһармандары
????????????????????????????????????
1,950
оқылды

Қаһармандық – қазақ қанына сіңген қасиет. Есте жоқ ескі заманнан бері бабала­рымыз ержүрек, қайсарлығымен танылған. Олардың көзсіз, сөзсіз ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, ақиқатпен астасқан аңыз. Тәуелсіздік таңы тудырған «Халық Қа­һармандары» атағы да аз емес. Ендеше бейбіт күннің батырлары кімдер?

Жалпы, «Халық Қаһарманы» атағы елімізде 1993 жылдан бастап беріле бастады. Бұл атаққа ие бол­ғандарға айрықша белгі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тап­сырылады. Алғашқы жылдары «Халық Қаһарманы» Отан үшін от кешкендер атанса, кейіннен Қазақ елінің Қарулы Күштерін қалып­тастыру жолында еңбек еткен әскерилер, ғылым, өнер, медицина саласындағы айрықша қолтаңбасы бар адамдар бұл атаққа ие бола бастады. Отан үшін жалаң төсін оққа тосқан батырларымыздың тізімін атақты партизан Қасым Қайсенов бастап тұр. Оған «Халық Қаһар­ма­ны» атағы 1995 жылғы 24 сәуірде бе­рілді. Ал 1998 жылы бұл атақ хал­қымыздың тағы бір батыр пер­зенті Бақтыораз Бейсекбаевқа, 1999 жы­лы Екінші дүниежүзілік соғыста ал­ғашқы болып Рейхстагқа ту тік­кен қазақ Рақымжан Қош­қар­баев­қа жазылды. Қазақтың май­дангер қыздары арасынан мәр­тебелі атақ­қа Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қазақ қызы Хиуаз Доспанова 2004 жылы ие болды. Соғыс кезінде ерекше ерлік көрсетсе де Кеңес Одағының Ба­тыры атағын ала алмаған бірнеше майдангерлер де «Халық Қа­һар­ма­ны» атағына кейін қол жеткізді. Олар­дың қатарында Алексей Ку­ла­ковты Ұлы Отан соғысы аяқ­тал­ғанына 50 жыл толған мерей­тойда Тұңғыш Президент Нұрсұл­тан Назарбаев Алматы қаласына ша­қырып, арнайы орденді тап­сыр­ды. Атақты №316 гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының құрамында Мәскеуді қорғаған, Беларусьті, Балтық жағалауы ел­дерін, Шығыс Пруссияны, Поль­шаны, Чехословакияны, Вен­грия­ны азат етуге қатысқан, елге ора­лып қарапайым мұғалім болып қызмет еткен Мурдин Таипов та «Халық Қаһарманы» атағын 1995 жылы алды. Александр Капорин де Кулаков пен Таипов сияқты соғыс басталғанда Қызыл Армия қатарына алынады. Донецк өзе­нінен өткенде ерекше ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз» ор­денімен марапатталады. Украи­наны, Румынияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін туған жерінде абыройлы еңбек еткен майдангер «Халық Қаһарманы» атағын 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында алды. Осы жылы Оңтүстік Қазақ­стан облысының тумасы, І дәре­желі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері, І топтағы мүгедек Мәулен Қалмырзаевқа да «Халық Қаһар­маны» атағы берілді. Ол елге орал­ғасын да талмай еңбек еткен, Шу өзеніне көпір салынуына мұ­рын­дық болған ардагер. Осы мәртебелі атақты алғаннан кейін ардагер бір айдан соң өмірден өтті. Еліміздің қорғаныс саласында «Халық Қаһарманы» атағы ең алғаш 1994 жылғы 23 мамырда армия генералы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Саға­дат Нұрмағамбетовке Қазақ елінің Қарулы Күштерін қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін берілген. Ал армия генералы Мұхтар Алтын­баев «Халық Қаһарманы» атағына 2006 жылғы 6 мамырда қол жет­кізді. Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев болса, Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін 2008 жылы «Халық Қаһарманы» орденін кеу­десіне тақты. Еліміздің ғарыш саласындағы қаһармандарының көшін Қазақ­станның тұңғыш ғарышкері, сы­нақшы-ұшқыш, генерал-майор Тоқтар Әубәкіров бастап тұр. Оған 1995 жылы «Халық Қаһарманы» төсбелгісі берілді. Ғарышкер, ге­нерал-майор Талғат Мұсабаев атал­мыш атаққа 1995 жылы ие бол­ды. Ресей азаматы Юрий ­Ма­ленченко 1994 жылы Талғат Мұ­сабаевпен бірге алғаш рет «Союз ТМ-19» кемесінің коман­дирі ре­тінде ұшып, 125 тәулік 22 са­ғат 53 минут 36 секунд өмірін ға­рышта өткізген. Осыған байла­нысты ол 1995 жылы Қазақ­стан­ның «Халық Қаһарманы» ата­ғы­мен құрмет­телді. Ал қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовке бұл атақ 2015 жылы табысталды. Бейбіт күннің батырларына келсек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы 1996 жылғы 9 желтоқсанда берілді. Алматы облысы Қаратау ауданы Үштөбе қаласы Абылай хан көшесінде тұрғын үйде шыққан өрт кезінде 3 баланы анасымен ажал аузынан аман алып шыққан Азамат Жұ­маділов ерлігі үшін бұл атаққа 2007 жылы ие болды. 2011 жылы Тараз қаласында лаң­кесті құрықтау барысында қаһармандықпен қаза тапқан Ға­зиз Байтасовқа сол жылы «Халық Қаһарманы» атағы жазылды. Сондай-ақ 2016 жылы әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі үшін Fokker-100 әуекемесінің командирі Дмитрий Родин мен Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы, 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қайрат Үм­бетов «Халық Қаһарманы» атанды. Ғылым, медицина, өнер сала­сында да қаһармандар баршылық. Еліміздің ғылым көшін өрге сүй­реген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту ордені­нің иегері, металлург ғалым Ахат Күленовке Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағы 1994 жылы бе­рілсе, қазақтан шыққан тұңғыш энергетик ғалым Шапық Шөкин 1996 жылы алды. 1995 жылы медицина ғылы­мының дамуына үлес қосқаны үшін академик Мұхтар Әлиев «Халық Қаһарманы» атағымен құрметтелсе, «Халық Қаһарманы» атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші – Роза Бағланова. Халықтың сүйікті әншісіне бұл атақ 1996 жылы табысталды. 1998 жылы қазақтың әйгілі күйші ком­позиторы, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев пен Қазақ­станның халық әртісі, режиссер, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовке аталмыш атақ қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Ал 1994 жылы Қарағанды ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу сов­хозының директоры Алек­сандар Христенко, 1995 жылы Қа­зақстанға еңбегі сіңген құрылы­сшысы Аким Атмачиди «Халық Қа­һарманы» атағымен марапат­талды. Міне, бұл – тәуелсіздік таңы­ның «Халық Қаһармандары». Ал тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік дамытудағы, қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы 2019 жылы берілді. Әрине, өмір көші бір орында тоқтап қалмайды. Ел бар да, ел үшін туған ерлер табылары хақ. Сондықтан қазақ топырағынан әлі талай «Халық Қаһармандары» шығатынына бек сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы