Әсел Айтпаеваның өлімі: дәрігерлер Бесик Тордуаның неден қайтыс болғанын айтты
Әсел Айтпаеваның өлімі: дәрігерлер Бесик Тордуаның неден қайтыс болғанын айтты
Фото: turkystan.kz
381
оқылды

Айыпталушы ми инфарктінен қайтыс болған. Дер кезінде жасалған операцияға қарамастан, науқастың жүрегі тоқтап қалған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Грузияның дәрігерлері күдіктінің денсаулығын түрмеге қамалған сәттен бастап бақылаған. Тордуаның қан қысымы жиі көтеріле беріпті. Бір ай өткен соң, түрмеден ауруханаға ауыстырылғанда оған ми инфаркті диагнозы қойылып шұғыл ота жасалады. Екі аптадан соң Бесик Тордуаның жағдайы нашарлап қайтыс болады. 57 жастағы грузин азаматының Әсел Айтпаеваның өліміне қатысы бар. Оған Тбилисиге жұмысқа барған отандасымызды зорлады және өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген айып тағылған. Басты күдікті көз жұмған соң, оған қатысты іс тоқтатылады. Ал бойжеткенді Грузияға жұмысқа шақырып, оны Тордуаға сатып жіберді деп айыпталып отырған Мұрат Мейірбековтің қамауда отыру мерзімі бүгін тағы бір айға ұзартылды. Күдіктінің адвокатының айтуынша, Мейірбековке қатысты «адам зорлау» ісін тергеуді Грузия Қазақстанға беріпті. Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты бізге әлі растаған жоқ. М.Мейірбековтің адвокаты Шыназбек Маханов: «Оқиға бірінші Грузияда болды, сосын Қазақстанға қайтып келді. Ештеңе бір-бірімен жанаспайды, екі жақтағы. Тағылған айыбы бізге сәйкес келмейді. Себебі, адам сату фактісі бойынша бұл алдын ала сөз байласу арқылы жасалған дейді. Жарайды, жақсы. Екінші жағы қайда сонда? Ол болу керек, ол Тордуа Бесик болуы керек. Немесе басқа бір адам болуы керек. Жоқ қой, ол адам. Ондай қаулы жоқ, іс материалдарында. Үшінші айға кетті ғой. Бірде-бір тергеу амалы жүргізілген жоқ, бірде-бір жауап, бірде-бір сараптама алынған жоқ», – дейді.