Ел басшылығының ерекше бақылауында
Ел басшылығының  ерекше бақылауында
313
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Маңғыстау облысында болды. Сапар барысында ол облыс аудандары тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін «Каспий» су тұщыту зауытының қызметімен танысты. Ауызсу мәселесі өңір үшін аса маңызды екені белгілі. Сенат басшысы бұл мәселені шешу үшін қосымша су тұщыту нысандарын салу қажеттігіне назар аударды.

Сенат Төрағасы Үкіметтің соң­ғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше екпін түсіргенін атап өтті. М.Әшімбаев еліміздің бірқатар өңіріндегі, соның ішінде Маңғыстау облысының фермер­лері тап болып отырған құрғақ­шы­лық пен мал шығыны проб­лемаларын да көтерді. Осы мә­селе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтіп, зардап шеккен фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау жө­нінде Үкімет пен әкімдердің ке­шенді шаралар қабылдап жат­қанын айтты.

«Президент фермерлерді қол­дау үшін Үкімет резервін пай­далануды тапсырды. Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдин­гімен бірлесіп, фермерлерді жемшөппен қамту үшін қажетті кешенді шараларды жедел түрде әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жағдайды тұрақтан­дыруға және еліміздегі шаруа­ларды қолдауға бағытталған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет азық жемге, жемшөп жинау жаб­дықтарына қосымша субсидия бөлу және қолайлы өңірлерден мал азығын форвардтық сатып алу үшін фермерлерді жеңілдікпен қаржыландыру шарасын қабыл­дайтынын қаперге салды. М.Әшімбаев құрғақшылық қайталанатын табиғи құбылыс екеніне тоқталды. Сондықтан ел Президенті атап өткендей, жедел шаралардан басқа, саланы азық­пен жабдықтауды арттыру бойын­ша жүйелі шаралар әзірленуі қажет екені айтылды.

Мәулен Әшімбаев сапар ба­ры­сында балық және нан зауыт­тарының жұмысымен де танысты. Ол нысандарда болғанда Сенат­тың заң шығару жұмысына тоқ­талып, пандемия кезінде азамат­тар мен кәсіпкерлікті қолдау жөнінде қабылданған заңдар туралы мәлім етті.

Сенат Төрағасы сол күні Әбіш Ке­кілбаев атындағы мәдени орта­лықта болып, белгілі жазушы мен мемлекет қайраткерін мәңгі есте сақтаудың маңызын қаперге сал­ды. «Әбіш Кекілбаевтың 80 жыл­дық мерейтойына Мемлекет бас­шысы арнайы келіп, осы орта­лық­ты ашқан болатын. Көрнекті жазушы және мемлекет қайрат­кері Әбіш аға – халқымыздың рухани дамуына, сондай-ақ еліміз Тәуелсіздігінің нығаюына елеулі ықпал еткен адам. Ендеше оның есімін мәңгі есте қалдыру – біздің ортақ міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Елдос Сенбай