Биыл Маңғыстау облысында құрғақшылық салдарынан мал азығы күн тәртібінен түспей тұр. Осы мәселе көптен бері талқыға түсіп, тіпті шаруалар облыста қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялануын сұраған болатын.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент шаруаларды жемшөппен қамтамасыз етуді тағы бір алаңдатып отырған мәселе ретінде атап өтті. Президенттің айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. – Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін, – деді Президент. Жиын барысында Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.Осы орайда Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов министр м.а Ербол Қарашөкеевке ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс жолдады. Біріншіден, Маңғыстау өңірінде төрт түлікті өсіруге қатысты кешенді ғылыми-сараптау жұмысын жүргізіп беруді сұрады. Екіншіден, жемшөп тасымалының шығынын жабу үшін субсидия бөлуді қарастыруды айтты. Өйткені қазір еліміздің өзге облыстарында бір орам шөптің бағасы бес мың теңге, бұл Маңғыстауға жеткізілгенше жол шығыны қосылып, бір орам шөптің бағасы 15 мың теңге болады. Әкім бұл жағдай шаруалардың қалтасына үлкен салмақ болып отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар аймақ басшысы министрліктен шаруалардың құдық қазуға кеткен шығынының 80 пайызын субсидиялау қажетін айтты.Іле-шала Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған Ербол Қарашөкеев жақында аймақтағы жағдаймен жіті танысу үшін облысқа екі күндік жұмыс сапарымен келді. Министрдің м.а бірқатар ауданның мал өсірушілерімен, шаруа қожалық басшыларымен және кәсіпкерлермен кездесті. Жергілікті деңгейде азықпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Өзге өңірлермен келісім жасалды
Облыста қалыптасқан қиын жағдайды шешу үшін бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Қазір мал азығы үшін қолжетімді бағада жемшөп жеткізу үшін Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен жұмыстар жүргізілді. «Өңірімізге жақыны Ақтөбе облысы болғандықтан жергілікті деңгейде, 1-4 маусым күні Маңғыстау облысынан арнайы жұмыс тобы құрылып, жемшөп, шабындық және жайылым мәселесін шешу барысында Ақтөбе облысына іссапармен барып екі облыс арасында меморандумға қол қойылып, екі облыс аудандары арасында келісімдер жүргізілді», – деді облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл. Мысалы, Ақтөбе облысының Байғанин, Алға, Темір және Қобда аудандарынан 100 мың га жуық жайылым жерлері бекітіліп, Маңғыстау облысының шаруаларына уақытша шабындыққа берілетін болды. Қазір маңғыстаулық кәсіпкерлер Ақтөбе, Атырау облыстарында шөп шабу жұмыстарына кірісіп кетті. Атқарылған жұмыстардың арқасында өңірге Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарынан шөп жеткізілді. Сонымен қатар қалыптасқан құрғақшылық жағдайына байланысты шамамен 25 шаруашылық яғни 2 259 жылқы, 1 009 ірі қара мал, 720 түйе, 3 170 қойымен өзге облыс аумағына жайылымға көшіріліп жатыр. Оның ішінде Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Ал Бейнеу ауданының шаруашылықтары Байғанин ауданына 3 170 қой, 330 сиыр, 1 470 жылқы, 520 бас түйе басымен көшіп, малды жайылымға жіберді. Қазір аймақта бір түк шөп бағасы 900-1 400 теңге, бір орам шөп 12 000-18 000 теңге, бір қап жем (кебек) 1 600-1 800 теңге аралығында сатылып жатыр. Сондай-ақ шаруашылықтарды нарық бағасынан төмендеу бағада жемшөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 204 млн теңге қаражат қарастырылған. Ал Үкімет резервінен ауыл жануарларының қыстауы үшін азық құнын арзандатуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы отбасылық шаруашылықтарға, шаруа қожалықтары мен жеке-қосалқы шаруашылықтарға беріледі. Қаржы түскен бойда атқарушы орган тарапынан үлестіріледі. Сонымен қатар өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте елден азық шығаруға тыйым салу бойынша шаралар қабылданатыны айтылды. Жемшөп дайындау үшін арзандатылған ЖЖМ көлемдерін қайта бөлу мәселесі де қосымша қарастырылып жатыр. Мал шаруашылығын қолдау үшін өңірде фермерлердің кредиттер бойынша төлемдерін ұзарту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Әкімдікпен бірлесіп жемшөп өндірісін дамыту және жайылымдарды жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Мұнда барлық иесіз жатқан құдықтар мен ұңғымаларды түгендеу, су бөгеттерін салу және ғалымдармен бірлесе отырып құрғақ дақылдарды өсіру қажет», – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрінің м. а Ербол Қарашөкеев. Сапар қорытындысы бойынша ұсыныс, тілектер Үкімет деңгейіне қарауға шығарылмақ.Кәсіпкерлер де көмекке келді
Аймақта жыл басынан бері он шөп шабушы бригада 424 тоннадай шөп шапты. Өңірде қалыптасқан жағдайға қарамастан Маңғыстау ауданында жергілікті кәсіпкерлер де шөп шауып, ауыл-аймақтағы шаруаларды шөппен қамтуды қолға алды. Мысалы, Ақшымырау ауылынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Жұмыртқалы жерінен шөп шауып жатқан екі бригада жарты айда 43 тонна шөп жинаған. Былтырдан қалған қамба шөпті шауып, ауылға тасып жатқан жергілікті кәсіпкерлер Нұржаубай Нұрбеков пен ағайынды Мұстафиндер әкімдікпен келісім аясында шөп бағасын 700 теңгеден асырмай отыр. Олар әзірге шөпті Ақшымырау ауылына тасып жатыр, алдағы уақытта іргелес Қызан ауылына да жеткізбек. Ауыл тұрғыны Орал Шалабаев кәсіпкерлердің бұл әрекеті мал баққан ағайынға үлкен көмек дейді. Жалпы, Маңғыстау ауданы бойынша 14 кәсіпкерге шөп шабу үшін жер берілген, қазір оның бесеуі жұмыстарын бастап кетті. «Баға 700-900 теңге аралығында болады», – дейді кәсіпкерлер. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, еріктілер де аймақтағы шаруаларға көмегін көрсетіп жатыр. Түркістандық Құрмет Талапқазы бастаған еріктілердің көмегі көпке үлгі болмақ. Ол күні кеше қуаңшылықтан зардап шеккен ағайынға арнап дайындаған 10 вагон шөпті аймаққа арнайы әкеліп, жеткізіп берді. Жергілікті деңгейде және Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек шаруаларға дер кезінде жетіп, мәселе оң шешімін тапса игі.Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,Маңғыстау облысы