Жемқорлық індет – жою міндет
Жемқорлық індет – жою міндет
214
оқылды

Алайда бұл ұранды айта-айта қатаятын болдық. Олай дейтініміз – Жамбыл облысында жемқор­лықпен күрес күшейтілгенімен, әлі де болса «биені бүгімен, түйені түгімен» жұтатындар азаймай тұр.

6 айда 42 қылмыс тіркелген

Департамент берген мәліметке сүйен­сек, есепті кезеңде сыбайлас жемқорлық сипатындағы 42 қылмыс тіркелген екен. Оның ішінде ең басты 4-і сыбайлас жем­қорлық деректерінің жүйелі түрі болса, 2-і – кіші және орта бизнес субъек­тілерінің жұмысына заңсыз араласу және 6-ы мемлекеттік бағдарламаларды сүйе­мелдеу барысында қаржыны жымқыру деректері. Бұдан бөлек, департамент мемле­кеттік органдардың және квазимемле­кеттік сектор басшылары тарапынан жасалынған сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарын да анықтаған. Атап айтсақ, 6 айда облыс деңгейіндегі 2 басшыға және қала мен аудан деңгейіндегі 2 бас­шының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ 16 маманға қатысты іс сотқа жолданып, 26 азамат қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. Тіркелген қыл­мыстар бойынша мемлекетке 116,7 мил­лион теңге көлемінде залал келтірілсе, бүгінде оның 96 миллион теңгесі өнді­рілген. 7,2 миллион теңге тұратын мүлік­ке тыйым салынған.

– Құқықбұзушылық түрлеріне тоқта­латын болсақ, білім саласында бюджет қаржысын жымқыру, ауыл шаруашылығы саласында субсидияны заңсыз бөлу, ден­сау­лық саласында үстемеақыларды не­гізсіз беру, ақша ұрлау, әлеуметтік салада мүге­дектікті тағайындау, жұмысқа ор­наластыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұ­мыстарды қа­былдау барысында өрес­кел заңбұзушылық болған.

Сондай-ақ барлық салаға тән сы­байлас жемқорлық тәуекелі – ол мем­лекеттік сатып алуды «майшелпекке» ай­налдырып алған. Атал­ған жағдай сол са­ладағы мекеме басшылары сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу шараларын ұйым­дастырмай бәрін формалды түрде жасап отыруынан туындауда. «Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарла­масын іске асыру жөніндегі Жол карта­сына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс­тың жалпы сомасының кемінде 5 пайызын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытқа бөлуді көздеген. Алайда 6 айда әртүрлі себептермен әлеуметтік тапсы­рыстар бойынша сатып алулар әлі күнге жүзеге асырылмауда. Мәселен, Тараз қаласы мен Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов ауданда­рында бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп тұр. Бұл үшін Әкім­шілік құ­қықбұзушылық кодексінің 680-бабымен жаза қарас­ты­рылған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бо­йынша де­пар­таментінің бас­шысы Әділхан Әшірбаев.

Мемлекеттік сатып алу «майшелпек» емес

Мемлекеттік сатып алу бағытында жағдайымыз мәз емес. Есепті кезеңде Ішкі аудит департаментімен «Мемле­кеттік сатып алу» заңының талабын сақ­тамағаны үшін 440 әкімшілік іс қозғалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департа­менті тарапынан да бұл бағытта қырағы тексеріс жүргізіліп, заңбұзу­шы­лыққа жол берген 13 азамат анықталған. Олардың көбі – облыстық басқармалар, Тараз қа­ласы мен Жамбыл ауданы әкім­дігіне қа­расты бөлім мамандары.

Мы­салы, Жамбыл облысы әкімдігінің Мем­лекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Алмас Бердыбаевқа есепті кезеңде 11 әкімшілік хаттама толты­рылып, 1,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Өткен жы­лы 83 хаттама жазылып, маман 6,2 мил­лион теңге айыппұл арқалаған. Алайда бөлім басшысының орташа айлық жала­қы­сы 160 000 теңгеден аспайтынын ескер­сек, аталған айыппұлды қалай төлеп жат­қаны түсініксіз. Осының өзі департа­мент мамандарының күдігін күшейтіп отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы депар­тамент есепті кезеңде мекемелерге зерде­леу жұмысын да жүргізіп, 13 ұсыныс бер­ген. Осы ұсыныс негізінде мемлекет­тік сатып алу жоспары қайта қаралып, 950 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделген. Мәселен, Шу ауданы 1 ком­пьютердің құнын 600 мың теңге деп қойса, департамент зерделеуі­нен кейін ол 300 мың теңгеге түсірілген. Нәтижесінде, артық шығын көлемі 3 миллион теңгені құраған. Одан бөлек, 7 мемлекеттік орган мен оған қарасты мекемелерге жүргізілген зерделеу қо­ры­тындысында 20 миллион теңге қазынаға қайта қайтарылып, мемлекет қаржысын талан-таражға салуға жол берілмеген. Қазір ветеринария, табиғи монополия, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары секілді салаға қатысты осындай 23 ұсы­ныс қаралу үстінде.

500 миллион теңге субсидия заңсыз берілген

Тағы бір мәселе – биыл департамент ауыл шаруашылығы саласында беріліп жатқан субсидияларға айрықша көңіл бөлуде. Бүгінде департамент мамандары Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Т.Рыс­құлов, Меркі және Талас аудандарындағы шаруалармен кездесіп, өзекті деген 20-ға жуық мәселені анықтап отыр. Оның бір ғана мысалы – күні кеше департамент облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы алдын ала сөз байласу арқылы мал басын сатып алмаған қо­жалық иесіне 15 миллион теңге субси­дияны заңсыз аударғаны үшін ісін сотқа жолдап отыр. Негізі мұндай заңсыздықтар жуырда «Nur Otan» партиясының Жамбыл об­лыс­­тық филиалында партия жанындағы Аграр­лық секторды дамыту бойынша ай­мақтық кеңестің отырысында да ай­тылған. Осы таңға дейін Ауыл шаруа­шылығы басқармасы тарапынан шаруа қожалық­тарына 18 миллиард теңге қар­жы бөлінсе, субсидиялаудың 28 бағытын толық орын­дау үшін Ауыл шаруашылығы министр­лігіне қосымша 14 миллиард тең­геге сұра­ныс жолданған.

Алайда бекі­тілген ережеде құжаттардың заңдылы­ғына шаруа қожа­лығы жауапты екені көр­сетілген. Басқарма тарапынан жүргі­зілген тексеріс нәтиже­сінде 458 шаруа қожалығының құжаттары талапқа сай емес екені анықталып, ол шаруа қожа­лық­тарына жарты миллиард теңгеден астам субсидия заңсыз төленгені белгілі болған.

P.S Осылайша, Жамбыл облысында шенділер жымқырудан алдына жан салмай отыр. Әрине, көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда сәл төмендегенімен, бұл көңілге жұбату бола алмайды. Сондықтан бұл ба­ғытта әлі де болса талапты тапсыр­малар мен жүйелі тексерістер қажет. Ең бірінші атқамінерлер құлқын емес, ұлтын ойлағаны абзал. Сонда ғана біз сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа жол сала аламыз.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы