Алматылық тұрғындар үйінің маңынан жүргізілгелі жатқан зират құрылысына қарсы. Ал жергілікті әкімдік «Думан» ықшамауданындағы 92 гектар жерді зират ретінде бөліп отыр екен. Мәселе тек терезеден көрінген көріністе ғана емес дейді. Осы маңнан ауызсуын алып отырғандар ертең мүрдені шайған суды ішеміз бе деп абыржулы. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
«Думан» ықшамауданының тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе үш жылдан бері шешілмей келе жатқан көрінеді. 92 гектар жерді әкімдік зиратқа айналдырып жібермесін деп күресуде. Өйткені, тау бөктеріндегі бос жатқан жер телімі салттық қызмет үшін бөлінген екен. Енді қайтыс болғандарды мұнда жерлейтін болса жерасты суы жарамсыз болып қалады дейді көпшілік.«Таудың басын неге зират қылады? Біз таза ауамен демалғымыз келеді. Таза су ішкіміз келеді. Бала-шаға бар өсіп келе жатқан. Өркениетті балалар бар, мінекей!» — дейді «Думан» ықшамауданының тұрғыны Клара Бекенова.Қазіргі уақытта зираттың қоршалған темір жабындылары кейбір үйлердің маңынан өткен.
«Ақшасы бар адамдарды ғана жерлеп, қалған ақшасы жоқ адамдарды жан-жаққа алып кетпек пе? Бұл да бизнестің бір түрі ғой. Зират деген өте қымбат. Әрбіреуі 10 мың доллардан дейді, жатқан жерлері. Соған қарағанда бұл бизнесмендердің ойлап отырғаны», — дейді «Думан» ықшамауданының тұрғыны Ләззат Ауғанбаева.Шаһар аумағында қазіргі уақытта 70-тен астам зират бар екен. Алайда, олардың көпшілігі толып, жабылыпты. Сондықтан, әкімдік жаңа зират салмақшы. Халықтың қарсылығынан құрылысы тоқтап тұр. Жергілікті әкімдіктегілердің сөзінше, 92 гектар жер ешкімнің меншігіне берілмеген. Ал, мәселені шешуге уақыт беріңіздер деп тағы созбаққа салып жатыр.
«Біз тұрғындардың өтінішін таңдадық. Алдағы уақытта қала әкімшілігі облыс әкімдігімен келіссөздер жүргізеді. Думандағы зиратты облыс аумағына көшіру туралы. Қазіргі кезде онда ешқандай жерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Егер зират облыс аумағына ауысатын болса, онда демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз», — дейді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Сұлтанбаев.