Көші-қон заңын бұзғандарға – 7 млн теңге айыппұл
Көші-қон заңын бұзғандарға – 7 млн теңге айыппұл
248
оқылды

Атырауда жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзғандарға 7 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департамент бастығы, пол­ковник Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзған 5 мың­ға жуық адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Оның 3 мыңнан астамы – шетел азаматы. «Полиция қызметкерлері облыс аумағында «Мигрант», «Заңсыз келуші – 2021» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен рейдтерді жиі ұйымдас­тыра­ды. Мақсат – өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз келуді, тұруды, көші-қон сала­сын­дағы қылмыстарды, заңсыз көшіп-қонушыларды анықтау. Осындай шаралардың нәти­жесінде жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін 4 991 тұлға әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Оның ішінде 3 110 шетел азаматы бар. Сот ше­­шімімен көші-қон заңды­лығын бұзған 100 шетелдік ел аумағынан тысқары шығарылды», – деді Қамза Үмбетқалиев. Оның айтуынша, көші-қон заңдылығын бұзған тұлғаларға 7 029 743 теңге айыппұл салынды. Айыппұл толық өндірілді.