Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек. Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы вакциналау деңгейі төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін шұғыл түрде көшпелі бригада жасақтауды тапсырды. Оның пікірінше, екпе салдырғысы келмейтін адамдармен жұмыс барысында саралау әдісін қолданған жөн.
– Бұл топ біркелкі емес. Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде ойланып жүргендері көп. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Батыстың кейбір дамыған елдері көз жеткізу әдісінен мәжбүрлеу шараларына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайлар болмаса, біз ондай қадамға бармаймыз. Сондықтан өз дегенінен қайтпайтын азғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.