Қиғылық салғандар қамауға алынды
Қиғылық салғандар қамауға алынды
214
оқылды

Өткен аптада Атыраудағы «Дина» базарында вакцинаның екінші компонентін алған шетелдік азаматқа қатысты мән-жай анықталды. Шетел аза­ма­ты Атырау қаласындағы №3 ауруханада корона­вирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салғызған 22 жастағы Өзбекстан азаматы өтірік талып, құрысып-тырысып  шу шығарған. Кейін оның вакцинаға қарсы пікір қалыптастыру үшін шу көтергені белгілі болды. 

№3 қалалық емхана мең­герушісі Айман Өтегенова «тәртіп бұзушыны жауапқа тартуға қатысты Полиция де­партаментіне арыз жолдаймыз» деген болатын. Атырау қалалық Полиция басқармасы бастығының бі­рінші орынбасары Е.Биғам­баев­тың айтуынша, дәрігер­лердің арызы қабылданды, медицина қызметкеріне дө­рекілік танытып жұмысына кедергі келтірген Өзбекстан Республикасының азаматына қатысты Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама толтырылып, шетел азаматы мен жұмыс беруші 1 күн қамауға алынған.
Өзбек азаматының аяқ-қолы құрысып жанталасқанын көріп оған көмекке келген қала тұрғыны Мұхтар Әулетовтың айтуынша, вакцина алған аза­мат шынымен де талықсып, қол-аяғы сіресіп қалған. «Ұят қой, өтірік емес. Оның аяқ-қолын уқалау кезінде өз-өзіне келіп, қайта талықсып кеткені рас. Болғанды болды деп шын­дықты айту керек. Қайта-қайта жедел жәрдем шақырдық, олар хәлі нашар жігітті алып кетті», – деді куәгер. Алайда №3 емхана дәрігері Айгүл Үсенбаева: «Екпеден соң дәрігерлер бақылауында бол­ды. Вакцина алды деген анық­тама сұрады. Кейін өзінің жұ­мыс берушісін ертіп келіп шу шығарды. Вакцина паспорты ертең дайын болады деп айт­тық. Алайда вакцина алуға кел­­гендерге «Бұл жерде вак­цина алмаңыздар» деп үгітте­ді», – деді.
Сайып келгенде, Өзбекстан азаматының аяқ-қолы құры­сып жатуын вакцина алуға қар­сылық деген мәселемен по­­ли­цияға ешкім арыздан­баған.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы