Мүгедектер үшін пойыздардың қолжетімділігі маңызды
Мүгедектер үшін пойыздардың қолжетімділігі маңызды
208
оқылды

«Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда республикалық және облыстық деңгейдегі Жол картасының индикаторларын іске асыру шеңберінде халықты жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, қозғалысы шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне жолаушылар пойыздары шарттарының сәйкес келмеуі туралы өзекті мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша биыл жұмыспен қамтуды қолдау шара­ларымен 28,5 мың адам қамтамасыз етілетіні атап өтілді. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша «Еңбек» бағдарламасымен жалпы саны 14 794 адам қамтылды. Жұ­мыс орындарын тікелей құратын микрокредиттеу «Еңбек» бағдар­ламасының басты тетіктерінің бірі екенін айтқан Павлодар облысы­ның Кәсіпкерлік және индустриал­ды-инновациялық даму басқар­масының басшысы Сағыныш Маратұлы аталған бағдарламаны іске асыру туралы жан-жақты тоқ­талды. Оның шеңберінде жос­парлы 40 бизнесті дамытуға арнал­ған кредиттердің 29-ы беріліп, «Биз­нестің жол картасы» бағдар­ламасын іске асыру шеңберінде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін 518 жоба мақұлданған. Павлодар облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесов Павлодар өңірі аума­ғында толық көлемде іске асыры­лып жатқан «Жасыл Ел» Павлодар штабының жұмысы туралы айтып берді. Биыл 2 200 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланған. Қосымша ақы – 39 000 теңге. Әңгіме барысында кеңес мү­шелері Жасыл елдің облыс жас­тарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін тамаша бағдар­лама екенін атап өтті. Сондай-ақ штаб мүшелеріне осы бағытта 3 жыл бойы жетекші орын алғаны үшін алғыс білдірді. Сөз соңында олар басқарма басшысының орын­басарына 14 жастан бастап жа­сылелшілердің қатарына жұмысқа орналастыру мәселесін зерделеуді ұсынды. Өйткені бұл сұрақты тұрғындар халық қалаулыларына үнемі қояды. Күн тәртібіндегі үшінші проб­лемалық мәселе pavlodar.times, kerek.pv Instagram желісінің ак­каунттарында орналастырылған Павлодар – Нұр-Сұлтан жолау­шылар пойызы шарттарының аз мобильді азаматтардың қажет­тіліктеріне сәйкес келмейтіні ту­ралы интернет желісіндегі резо­нанстық оқиға болды. «Павлодарвокзалсервис» ЖШС теміржол вокзалында ха­лықтың іс-қимылы шектеулі топ­тары үшін барлық жағдай жа­салған, Павлодар қаласының теміржол вокзалында халықтың іс-қимылы шектеулі топтарының жолаушылар вагондарына ке­дергісіз кіруін қамтамасыз ету мақ­сатында арбамен жүретін мүге­дектер үшін арнайы механикалық көтергіш бар. Өз кезегінде «Пав­лодар Вокзалсервис» ЖШС ди­ректоры Дастан Махметов халық­тың іс-қимылы шектеулі топ­тарына платформадан вагонға көтеруді қамтамасыз ету теміржол вокзалының міндетті қызметтеріне кірмейтінін атап өтті. Ал кеңес мүшесі, «Чернобыль одағы» ҚБ төрағасы Виктор Дей­мунд «Нұрлы жолды» қоспағанда, Қазақстанның көптеген вокзал­дарының сәйкессіздігі мәселесіне тоқталды. Павлодар вокзалының перрондары вагондарға қарағанда айтарлықтай төмен, сондықтан жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін жолаушылар вагондарының қолжетімділігі проблемасы бар екенін жеткізді. Жиынға қатысушылар Пав­лодар теміржол вокзалы мен бар­лық перрондарды қайта жаңар­туды, ол үлкен салымдарды талап ететінін, оны шешуге бү­гіннен бас­тап кірісу керек екенін және өзге де өзекті мәселелерді айтып, талап-тілектерін ашық білдірді.

Әбілмансұр ЖАСАН