Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті жамағат, қадірлі отандастар!
Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Сіздерге амандық пен саулық, бірлік мен береке тілеймін.
Бағзы заманнан бері ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.
Қаржылай мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беріп, айналасына шуағын түсіріп, шапағатын тигізеді. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық. Әсіресе, әлемді шарпыған жұқпалы дерттен науқастанып, шипа тілеген жандарға көмектесіп, оларға дұға етіп қойғанымыз абзал.
Алла Тағала еліміз бен жерімізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей. Шалған құрбандықтарыңыз, берген садақаларыңыз, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз қабыл болғай.
Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан Мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти