2006 жыл: өркенді де, өршіл даму
2006 жыл: өркенді де, өршіл даму
670
оқылды

2006 жыл тәуелсіздік тарихының тура бел ортасы болатын. Ел егемендігіне 15 жыл толған кезеңді Елбасының өз сөзімен айтсақ: «өркенді де өршіл даму үстінде» қарсы алды. Бұл уақыт Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісіндей – мемлекетіміздің ішкі әлеуеті артып қана қоймай, халықаралық аренадағы беделі де жоғарылай түскен жыл болды.

Ұлықтаумен  басталған жыл

Жыл басында Астанадағы Ақорда резиденциясында Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. 11 қаңтар күні өткен инаугурацияға әлемнің 70-тен аса елінен өкіл келіп қатысты. 2005 жылғы 4 желтоқсанда болған Президент сайлауы – ХХІ ғасыр басындағы еліміздің ішкі саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Бұл ретімен санағанда үшінші, ал Конституция қабылданғаннан кейінгі екінші бүкілхалықтық сай­лау еді. Сайлау тізімдеріне тір­келген 8,8 миллион сайлаушының шамамен 6,8 миллионы дауыс беруге қатысты. Солардың ішінде биліктегі Президентке дауыс бер­гендер саны 6,1 миллион адамды, яғни 91,2 % құрады. Сайлау қоры­тындысы халық сенімінің айқын көрінісі еді. Осы жиында Елбасы алдағы онжылдықта Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосу туралы мақсатын жария етті. «Қазақстанның әлемдегі бәсе­кеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Жолдауым 2006 жылы реформа­ларға тың серпін берді. Онда мен негізгі күшті халықаралық ма­ңыздағы «серпінді» жобаларды жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту, аймақтық және халықаралық экономикалық бір­лестіктер жұмысына белсене қа­тысу арқылы халықаралық эконо­микаға кірігу, көлік инфрақұры­лымын дамыту секілді маңызды бағыттарға жұмылдыруды ұсынған болатынмын. Осы стратегия шеңберінде мемлекет бизнеске мықтап қолдау көрсете бастаған маңызды сектор анықталды. Олардың ішінде құрылыс, шағын бизнесті несиелеу, агроөнер­кәсіп­тік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты салалар бар. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен шамамен 550 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге әлем­дік нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын серпінді жобаларға айрықша маңыз беру міндеттелді. Енді біз экспортқа шығарылатын дайын өнімдер жасауға негізделген өндірістер ашуға және дамытуға сенім артуымыз қажет, сондықтан Үкіметке ұлттық тауарлардың бәсекеге қабілетін қолдаудың нақты бағдарламасын түзіп, қа­былдау тапсырылды. Осылайша, бәсекеге қабілетті арттыру тренді іске қосылды» деп еске алады Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.

Жаңарған Әнұран – жаңғырған рух

Шежірелі жылдың шеру бас­таған жаңалығы – қаңтар айында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданғаны. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазыл­ған композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Назарбаев. Осы атаулы жылы жаңа Ән­ұран­ның қабыл­данғанында сим­вол­дық мән бар еді. Бұл жылы Жел­тоқсан оқи­ғасына 20 жыл тол­ған болатын. 1986 жылы тота­ли­тарлық режимге қарсы тұрып, әр елді өз ұлтының өкілі басқарсын деп алаңға шық­қан «азаттықтың алғашқы қар­лығаштары» – жел­тоқсаншылар қақаған аяз, үскірік желге қара­мастан, осы әнді шыр­қап, тәуел­сіздікті аңсаған қазақ рухын маздатып жіберген болатын.

Бел ортадағы бәсекеге қабілет

Швейцарияның Давос қала­сында жыл сайын өтетін Дүние­жүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша 2004 жылдан бастап Жаһандық бәсекеге қабі­лет индексі (GCI) жариялана бастаған еді. Әлем елдерінің саяси-эко­номикалық, қоғамдық-әлеу­меттік даму көрсеткіштерін негізге алып, оның рейтингін бағалайтын бұл индексте осы жылы Швей­цария көш бастап тұрды. Одан кейінгі орында Финляндия, Шве­ция, Дания, Сингапур, АҚШ орын тепкен болатын. Осы 2005-2006 жылдардың қорытындысы бо­йынша Қазақстан 125 елдің ішінде 56-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, ТМД-ның барлық мемле­кеттерінен озық келе жатқанын айғақтады. Өйткені Ресейдің өзі осы тізімде 62-орынға орнықты. Әзербайжан – 64, Украина – 78, Тәжікстан – 96, Қырғызстан 107-орынға тұрақтады. Мұның бәрі тәуелсіздік тудырған сын­дарлы реформалар мен ұлттық жаңғырудың жемісі еді. Елба­сы­ның «Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енеміз» деп ұран таста­ғаны да халықаралық рейтингтік агенттіктерде еліміздің аты атала бастаған осы кезең болатын. Сол жылы 125 елдің қатарынан табыл­ғанымыз, тәуелсіздіктің бел ор­тасындағы мерейтойда ел мерейін асқақтата түсті. Бүгінде бұл индекс 141 елді қамтиды. Осы 15 жылда Қазақстан бәсекедегі бел ортаны берген емес.

Ұлттық қорда 14 млрд доллар

2000 жылдардың басы ел дәу­ле­тін еселеген жыл болды. Әлем­дік нарықтағы қолайлы конъюктура мен ішкі өндірістегі еңбек өнімділігі селбесе келе, жаңадан ашылған Ұлттық қорда шоғырланған қаражат көлемі күрт артты. Мәселен, 2004 жылы бұл көрсеткіш 5 миллиард доллар болса, 2005 жылы 8 миллиардқа, ал 2006 жылы 14 миллиардқа жетті. 2007 жылы бұл сома 21 миллиард АҚШ долларын құрағанын мақ­танышпен айта кеткен абзал. Ұлттық қордың дер кезінде құрылуы Қазақстан тарихындағы айтарлықтай елеулі шешім еді. Мәселен, 2007-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс салдарын ең­серуде қордағы қаржы аса маңызды рөл атқарды. Қордың негізгі қаржы көзі – шикізат секторы ұйым­дарының жоспардан тыс кірісі. Қаржылай ахуалдың күрт жақса­руына байланысты әлеуметтік саясат та жаңа арнаға бұрылды. Статистика агенттігінің мәліме­тінше, 2006 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің жылдық өсімі 7,1%-ды құрады. Жыл соңында инфля­циялық өсім 0,8%-ға жетті.

АҚШ-қа сапар: геосаясат таразысында

Мемлекет басшысының шет­ел­дерге ресми сапарлары қай елдің болмасын халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, оның халықаралық қауымдастыққа кі­рігу процесінде үлкен маңызға ие екені анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы АҚШ-қа ресми сапары осындай тарихқа бедер салған оқиға болды. Өйткені дәл осы жолы Нұрсұлтан Әбішұлы алыстағы АҚШ мемлекетіне ресми сапары кезінде әдеттегідей мем­лекет басшылары орналасатын резиденциялардың бірінде емес, азуын айға білеген Америка пре­зидентінің әкесі үйінде қона жатып, қонақ болған болатын. Жаһандық геосаясаттағы гегемон елдің қазақ халқының басшысына іш тарта ерекше құрмет көрсетуінде ресмиліктен тыс риясыздық жатыр еді. Ал бұған дейін мұндай ерекше жоғары құрмет бұрынғы КСРО мемлекеттері басшыларының бірде-біріне көрсетілмеген екен. Нұрсұлтан Назарбаевтың Амери­каға сапары еліміздің құрметін арттырып қана қоймай, Қазақ­станның геосаясаттағы таразы басын тең ұстаудағы саясатына салмақ бітіріп, бір ширатып алды. Мәселен, сыртқы саясат сарап­шылары осы АҚШ-қа стратегия­лық сапардан соң, Қытай басшы­лығы да екі ел арасындағы бай­ланысты стратегиялық деңгейге көтеруге бұрынғыдан да зор мүдде таныта бастағанын жиі айтады. Одан бөлек, Ресеймен әуелден келе жатқан мызғымас стра­тегиялық әріптестігіміз тағы бар. Бұл тарихи қозғау салған оқиғаны цифр да құптай түседі. 2006 жылдан соңғы ахуал бойынша Қазақстанға келген шетелдік инвес­тиция көлемі 100 миллиард доллардан асып түскен. Бұл стра­тегиялық ишараның жемісі ел тарихына саяси әл-қуатымен ғана емес, экономикалық қауқарымен де дем болып біткені анық. Сапар ба­рысында 26-29 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың АҚШ президенті Дж.Бушпен, АҚШ Конгресі пала­та­ларының өкілдерімен, басты ми­нистрліктер мен ведом­стволар­дың, ірі энергетикалық компания­лардың басшыларымен, көрнекті қоғам және діни қайраткерлерімен кездесуі өтті.

Нұрлан ҚОСАЙ