Екі шағын кәсіпорынды іске қосты
Екі шағын кәсіпорынды іске қосты
243
оқылды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Ермек Сұңқарбекұлы соңғы жылдары құрылыс материалдарына деген сұраныстың барынша артып тұрғанын ескеріп, көршілес аудандар аумағында газоблоктар, приторлық блоктар мен төсеніш тастар шығаратын екі шағын кәсіпорынды іске қосты.

Бірінші зауыт былтыр Талғар ауда­­нында салынған. Шағын ғана аумақта өнді­рістік цех, қоймалар, ұңғыма, дайын өнім­дерді сататын шағын дүкен орна­ласқан. Екінші цех осы жылғы мамыр айында Боралдай ауылында ашылды. Жалпы аумағы 1 гектар жерді алып жатыр. Екі шағын кәсіпорында күн сайын 50 шаршы метрден астам төсеніш тастар, 240 дана газоблок пен 1 200 приторлық блок шығарылады. Өндіріс орындарында 17 адам жұмыс істейді.
«Өз кәсіпорындарымды ашқанға дейін құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Тәжірибем болды. Блоктарға сұраныс бар екеніне, кәсіп жүргізуге мүмкіндіктің жеткілікті екеніне көзім жетті. Сол кезде жеке шаруаны жолға қою жайлы идея пайда болды. Еңбекшіқазақ ауданындағы кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасына қатысуға бел будым. Алғаш рет 200 АЕК көлемінде грант, кейін 6 млн теңге көлемінде 6 пайызбен жеңілдетілген несие алдым. Сонымен бірге «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы аясында инно­вациялық жоба ретінде 2 млн теңге кө­леміндегі грантты иелендім. Осы қара­жатқа блоктар мен төсемдер, басқа да жабдықтар шығаратын станоктарды сатып алдым. Жабдықтардың барлығы отандық өнім, тек приторлық блоктар шығаратын станок Қытайда жасалған. Өндіріске арналған шикізат жергілікті карьерлер мен цемент зауыттарынан жеткізіледі», – дейді кәсіпкер.
Ермектің айтуынша, өндіріс пен сату маусымы наурыз айында басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Өнім­дердің көпшілігі жеке азаматтарға са­тылса, қалғанын шамамен 30%-ын мем­лекет­тік және бизнес құрылымдары сатып алады. Алда кәсіпкер өндірісті кеңейтіп, өнер­кәсіптік база салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қызмет көрсету және туризм салаларын байқап көруге ниетті екенін айтады. Алматы облысы кәсіпкерлер палата­сының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 2,5 мың­нан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылыпты. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды ескергенде 700-ден аса бизнес-жоба грант пен же­ңілдетілген несие алған.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы