Атауы ауыспаған ауылдар...

Атауы ауыспаған ауылдар...

Теріскей аймақта күрежолдың бойымен келе жат­қанда Нико­лаевка, Петровка, Астраханка, Та­мановский, Бугровое, Андреев­ка, Дмитриевка, Ленинский, Ком­сомольский, Интернациональный, Кривощеково, Сухо­рабовка, Крас­нознаменка, Боголюбово, Благовещенка, Пролетарка деп жалғасып кете беретін атауларды оқығанда  азаттық алғаннан бергі 30 жылда әлі де түйіні шешілмеген мәселе көп екеніне көз жетеді. Солтүстік Қазақстандағы жер-су мен елді мекендердің тарихи атауларының қайтарылмауына кім кінәлі? Топонимдерге келгенде неге салғырттық таныттық?

-ОВКАЛАРДАН КӨЗ СҮРІНЕДІ

Көңілге қаяу түсіретіні сол кеңес заманы кезінде қолдан жасалған қитұрқы саясаттың сал­дарынан қаншама елді мекендер ұлттық реңкі бар атаулардан көз жазып қалды. Көптеген атаулар орынсыз бұрма­ланып, тарихи-мәдени мәнінен жұрдай болды. Пулеметовка, Ко­нюхово, Дашка-Николаевка, Ильи­чевка, Ком­сомолец, Ком­му­низм, Октябрь, Тахтоброд сияқты бей-берекет атаулар қазақтың бол­мысы мен табиғатына үйлеседі деп айта аламыз ба?
Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономасти­калық жұмыс және көрнекі ақпа­рат бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтановтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 13 ауылдық округтің, 33 ауылдың және 200 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген. Бірақ оларды ұлттық сана-сезімге сәйкестендіріп жаңғырту үшін жер­гілікті жерлерде аудан басшы­лары халық арасында үгіт-насихат, түсіндіру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізуі тиіс. Өкінішке қарай, әзірге олай болмай отыр. Тіпті, облыстық мәслихат шеші­мімен биыл ақпан айында өзгер­тілген атауларды да бұрынғысынша жазып жүрген басшысымақтарға не дерсіз?! Мәселен, жетінші шақырылған облыстық мәсли­хат­тың кезектен тыс екінші сессия­сының шешімімен биыл Ақжар ауданындағы екі ауылдың, Мам­лют ауданындағы бір ауылдың атауы қазақшаланды: Киевское – Кіші Қараой, Коммунизм – Баймырза, Ленин ауылы Бике деп қайта аталды. Сонымен қатар Ақжар ауданына қарасты Новосел ауылдық округі Үлкен Қараой аталатын болды. Сондай-ақ Ер­нияз Сұлтановтың айтуынша, биыл облыс аудандарында 200-ден астам көше қайта аталды. Дей­тұрғанмен шын мәнісінде ескі атаулар өзгертілді деп айта алмай­мыз. Мәселен, Мамлют ауданын­дағы Ленин ауылы қағаз жүзінде әлі солай аталып жүр. 25 шілдеде өтетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауына арналған құжаттардың барлығында Ленинский ауылдық округі деп жазылған. Мұның се­бебін сұрағанымызда, Ернияз Сұлтанов ауданның кемшілігі деп түсіндірді. Ал аудандағылар әлі қағаз жүзінде құжаттардың дайын емесін алға тартты.
Тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғында да атауы өзгертілген елді мекендер мен көшелердің құжат­тары жылдам әзірленуші еді. Қазіргідей азаттығымыз нығайған тұста бұл жұмысты жүргізуге не кедергі?

ҰЛТТЫҚ ЗЕРДЕГЕ ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ

Жалпы, егемендікке ие болға­лы Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы 13 ауданның аты қазақша­ланды. Ұлт мақтанышы Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл Жа­баев, Шал ақынның есімдері аудан­дарға берілді. Тек біреуінің аты ғана, басқасының фамилиясы ғана берілген. Бұл істе бірізділік жоғы – бөлек әңгіме. Біздің ай­тайын дегеніміз, Тимирязев ауда­нына академик жазушы Сәбит Мұ­қановтың есімін беру туралы көтерілген бастама аяқсыз қал­ғаны. Аудандық мәслихат пен әкімдіктің біріккен шешімі оно­мастикалық комиссия тарапынан қолдау тауып, республикалық оно­мастикалық комиссияның оң қорытындысы шығарылғанымен, тұрғындар жақсы жаңалықты әлі күнге дейін күтіп елеңдеп отыр. Оно­мастикалық жұмыс және көр­некі ақпарат бөлімінің бас­шысы Ернияз Сұлтановтан сұрап білге­німіздей, алдымен карантин ша­ра­лары кедергі келтіріп, кейін халық санағына байланысты ке­шеуіл­деген. Ал енді Президент Әкімші­лігі рұқсат бермегенге ұқсайды. Зиялы қауым өкілдері сонымен қатар облыс және аудан орталық­тарындағы Ленин, Чапаев, Киров, Фурманов, Буденный сияқты көшелерді қайта атау мәселесін көтеріп жүр. Ескірген атауларды ауыстырған кезде республикалық ономастика комиссиясы бекіткен 345 белгілі есім мен 380 жер-су атынан құрылған тізім бағдарға алынатын болады.
«Солтүстік Қазақстан облысы­ның топонимдері» ғылыми еңбе­гінің авторы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова өңірдегі қазіргі барлық орысша аталып жүрген елді мекендердің бәрінің қазақша атауы болғанын айтады. «ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап келген қоныс аударушылар бар­лығын орысшаға ауыстырып жі­берген», – дейді. Оның пікірінше, бұл үрдіс кеңес дәуірінен бұрын да болған. «Солтүстікте жер-су атта­рының орынсыз өзгеруі шамамен осыдан 230-250 жыл бұрын бас­талған болатын. Отарланған елді мекендердің қазақша атауларын орысшаға айналдыру туралы әс­кери губернатор Г.Меньшиковтің бұйрығы 1774 жылғы 1 қаңтарда орындала бастады», – делінген ғалымдардың еңбегінде.
Осылайша, Ақжар – Покров­каға, Арқалық – Андреевкаға, Қосағаш – Новомихайловкаға, Түлкіойнақ Святодуховкаға ай­налса, Кіндікті – Оседлое, Қор­жынкөл – Спасовка, Бақырілген Петровка деп аталып кеткен қал­пынан әлі таймай, отарлау сая­сатының ескерткішіндей болып қалып отыр.
Облыс мектептеріне енгізілген «Өлкетану» оқулығының және «Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» ғылыми еңбегінің авторларының бірі, Қазақстан жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, фи­лолог, көрнекті ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай: «Өзге ұлттар келген бетте жер-су атауларын күшпен өзгертіп отырған. Бұл – халықтың санасын шатастырып, қазақтың жері емес дегенге әкеліп тіреу. Бір рудың, бір атаның бала­лары бірін-бірі танымай суысып кетуі үшін жасалған амал», – дейді.
Қос ғалым да қазақ халқы то­понимдерді аспаннан алып қоя салмағанына көз жеткізгендерін айтады. «Жер-су атаулардың көбі жердің түсіне, бедеріне қатысты, басқасы сол жердің пайда-зияны туралы болса, елді мекендер негі­зінен сол елдің, рудың беделді аза­маттарының атымен атал­ған», – дейді олар. Бүгінде сол тарихи әділдікті қалпына келтіретін кез келді. Ел болашағын ойласақ, қитұрқы саясаттың шырмауынан құтылып, тарихи атауларды қай­тар­ғанымыз абзал. Қазақ жеріндегі ата-бабаларымыздан қалған елді мекендердің атаулары тарихи құ­жат іспеттес. Ендеше, ұлттық зер­деге жасалған қиянат кейінгі ұр­пақтың да санасын уландырмауын ойлаған жөн.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы