Былтыр пандемия өршіп тұрған кезде Атыраудағы №1 емхананың есепшотынан 70 миллион теңге ұрланған. Бұл COVID-19 індетіне қарсы күреске бөлінген қаражат болып шықты. Дәрі-дәрмегі жоқ өңір халқы өлім аузында жатқанда, бұл ақпарат жұртшылықты шошытқан болатын. Жақында №2 қалалық сот осы іс бойынша үкім шығарды.
70 миллиондық «электронды ұрлық» былтыр күзде белгілі болды. Бұған дейін шенеуніктер ол туралы ақпарат бермеді. Емхана есепшотынан қаражат жоғалғаны туралы пандемия кезінде жұмыс істеген және ковидпен ауырғанына өтемақы алмаған №1 қалалық емхананың 30-дан астам қызметкері жиылып митинг өткізген кезде белгілі болған. Емхана қызметкерлері дифференциалды төлем мен сыйақылардан да қағылғанын айтқан болатын. Оны басшылық №1 емхананың есепшотынан түсініксіз жағдайда 70 млн теңгенің жоғалуымен түсіндірген еді. Дегенмен де №1 Атырау қалалық емханасы дәрігерлерінің наразылық білдіруіне қатысты сол кездегі облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Асхан Байдуәлиев емханадан ұрланған 70 млн теңгенің үстемеақыға, төлемақыға еш қатысы жоқ деп мәлім еткен болатын.«Атырау қаласындағы аталған емхана шотынан 70 млн теңгеге электронды түрде ұрлық жасалған. Бұл туралы тиісті құқықтық органдар тергеу-анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Болған жағдайға байланысты емхана қызметкерлерінің жалақысы қысқармайды, уақытылы беріліп отыр. Міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы жалақылары төленуде» – деген еді Асхан Байдуәлиев.Кейін бұл іс бойынша Алматы облысының екі тұрғыны ұсталып, сот болды. Онда Талдықорған қаласының тұрғыны Д.Тұрсынханның Ladserviceplus 1 ЖШС-ін ашқаны, 3 тамызда Атырау қалалық №1 емхананың есеп бөлімінің қашықтан ақпаратқа қол жеткізу жүйесіне кіріп, өз ЖШС-нің есеп айырысу шотына 70 миллион теңге аударғаны анықталды. Содан кейін ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, сыбайласы А.Әбдірахмановқа берген. Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Д.Тұрсынхан және А.Әбдрахманов Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі 3-тармағымен, ұрлық, яғни алдын ала адамдар тобымен сөз байласу арқылы, аса ірі мөлшерде, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру жолымен, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру фактісі бойынша кінәлі деп танылды. Екі сотталушы да Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі 4-тармағы және 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жарым жылға (Д.Тұрсынхан) және 5 жылға (А.Әбдірахманов) бас бостандығынан айыру жазасын алды.
– Жаза тағайындау кезінде А.Әбдірахмановтың бұрын сотталмағаны, кішкентай төрт баласының болуы, кінәсін мойындауы және шын жүректен өкінуі, қылмысты ашуда белсенді көмек көрсетіп, материалдық зиянды ішінара өтегені; Д.Тұрсынханның бұрын сотты болмағаны, кішкентай баласының болуы жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы