Жоғары оқу орындарының жабылу процесі жалғасатын секілді. Бірнеше университет дәрменсіз жағдайда. Олар жаңа оқу жылына дейін жетпей, жабылып тынуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, оқытушы-ғалымдардың да, шәкірттердің де миын шайқалтқан жоғары білім саласындағы «зілзалалардың» әзір бітетін түрі жоқ.
Шенеуніктер елдің жүйкесін құртты
Салалық министрлікке сапасыз, жауапсыз ЖОО-ларды тегіс жабуға ең жоғары деңгейде – ел Президентінің өзі екі жыл бұрын пәрмен берген болатын. Қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дәл сол кезде, 2019 жылғы 13 маусымда сала тізгінін уысына алған. Демек, жаңа министр нұсқауды орындауда тегеурін көрсетуі керек еді. Ғалымдар, сарапшылар сапалы білім бермейтін, әлдекімнің қалтасын ғана қампайтуға қызмет ететін ЖОО-лардан жаппай, біржолғы науқан аясында арылуды ұсынған. Оның үлгісі де бар: министр болып тұрған тұста Бақытжан Жұмағұлов бірден 17 университетті жауып тастады. Сарапшылар салада «майдан», қырқыс жүріп жатқанын айтып жатты. Рас, жабылған ЖОО-лар саны одан да көп болар ма еді, Б.Жұмағұлов 2013-2014 жаңа оқу жылына жетпей отставкаға кетті. Ізашарлардың қателігінен сабақ алса керек, БҒМ-нің қазіргі басшысы бір шоқып, екі қарап, аса сақтық танытып, бұл істі ұзаққа созып жіберді. Салдарынан студенттерінің 90%-ның (!) білімі талапқа сай келмейтін университеттің әлі күнге жұмыс істеп тұрғаны әшкереленуде. Бұл салада қандай сорақы жағдай қалыптасқанынан хабар берсе керек. Министрліктің шешімсіздігі мен шабандығы кесірінен көптеген университетте оқытушылар мен студенттер «әне-міне жабылады екен» деп қаулаған қауесеттен қабырғасы қайысып, әрі-сәрі күйде өмір сүруде. Тіпті, дәрменсіз жағдайдағы кейбір ЖОО-ның өзі лицензиясынан айырылу қарсаңында мемлекеттік тапсырысқа ие болып, жаңа студенттерді қабылдағаны белгілі болды. Яғни, лайықсыз ғылым ордаларын жабу кешенді, жоспарлы түрде емес, найзағай түскендей стихиялы, бейберекет жүріп жатқандай сезім қалыптасады. Енді, міне Бiлiм және ғылым министрлігі кезекті «суық» хабарын жариялады: тағы бір университет бас лицензиясынан айырылмақ.«Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиядан айырылу алдында тұр. Осының алдында аталған жоғары оқу орнында профилактикалық бақылау жүргізілген-тін. Оның қорытындысында тексеру парағындағы 46 тармақтың 39-ы бойынша ереже бұзушылық анықталды. Университетке әшкереленген барлық сәйкессіздікті жою үшін уақыт берілді. Алайда қайта тексеру жұмыстары көрсеткендей, ЖОО білім беру қызметінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмысты жүргізбеген», – деді ведомство.
Құрылтайшысы қайтып, ордасының құты қашты
БҒМ-ның барлық университетке айтар өкпесі бір: біз оларға бұзушылықтарды жоюға уақыт береміз, олар жоймайды. Бұл жерде ешқандай да тосын сыр, күтпеген құпия жоқ: ЖОО-лар олқылықтарын жылдар бойы түземеген, демек бірер ай ішінде бәрібір түземейді.– ЖОО-ларға олқылықтарды жоюға уақыт береміз, бірақ олар кемшіліктен арылуға асықпайды. Содан анағұрлым қатаң шара қолдануға тура келеді. Бізге университеттердің оқу жағдайын, білім беру бағдарламасын және студенттерді мамандықтарға оқытуға деген көзқарасын жақсартқаны керек. Әйтпесе, ЖОО-лар сапалы білім емес, тек диплом беретін болады, – дейді БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Эльвира Сапарбекова.Ол отандық бір университетте жаға ұстатар жөнсіздіктер ашылғанын майын тамыза әңгімеледі.
«Мысалы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Оның білім беру бағдарламаларына, жеке оқу жоспарына жүргізілген талдау пәндер бойынша кредиттерді игеруде үлкен айырмашылық барын көрсетті. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-ы тіпті «табалдырық межеден», шекті деңгейден өте алмады. Университеттің оқу процесінде ең төменгі талаптарға сәйкес келмейтін көнерген компьютерлер қолданылады. Сондай-ақ магистратура түлегіне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен 1 жылдық магистратура түлегіне 2 жыл оқыған магистр дәрежесі берілген», – деді Э.Сапарбекова.15 жылдық мерейтойын атап өткен университет биыл төл үлгісіндегі диплом беруге кірісті. Онда ЖОО-ның институционалдық аккредиттеуден өткені көрсетілген және соны өткізген аккредиттеу агенттігінің логотипі басылған. «Сонша жаман университет болса, онда неге министрлік оның ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне жол берген?» деген сұрақ туады. Бұл ретте онда кадрлардың тұрақтамайтыны байқалады: ЖОО сайты толған «бос орындарға байқау». Тек биылғы мамырда доцент, профессорлар, аға оқытушылар секілді 12 ұстазды іздепті. 2020 жылы профессорлық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызметкерлердің 124 бос лауазымына конкурс жариялаған.
100 шақты ЖОО-дан жұрнақ қала ма?
«Талапкерлерді оқуға түсу кезінде жоғары оқу орындарын таңдауға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз!» деп мәлімдеді БҒМ комитетінің төрайымы Эльвира Сапарбекова. Бір қарағанда ізгі ниет пен қамқорлықтан туындағандай көрінетін бұл үндеу шынында мазаққа көбірек келеді. Егер университет жұмыс істеп тұрса, барлық құжаты қолында болса, БҒМ оған мемлекеттік грант бөлсе, бюджеттен қаражат құйылып жатса, мектепті енді ғана бітірген, оңы мен солын танып үлгермеген жасөскін ол ЖОО-ның іле-шала жабылып тынатынын қайдан біледі? Білмеген соң құжатын тапсырады. Мысалы, ШТІКУ алдағы 2021-2022 оқу жылына бакалавриатқа да, магистратураға да талапкер қабылдайтыны туралы хабарландыру жариялады. Онда ҰБТ-да 85 және одан жоғары балл жиған абитуриенттер, мектепті не колледжді үздік бітірген түлектер, 1-3 курстар бойы 75%-дан жоғары оқу үлгерімін көрсеткен студенттер мемгрант алып, аталған ғылым ордасында тегін оқи алатыны айтылған. Ал ақылы оқитын студенттер үшін оқу ақысы айына ең жоғары дегенде 49 мың теңгеге түседі. «4 жыл оқып, 3 жылға ғана төле» деген акция енгізіпті. Қазір елімізде 125 жоғары оқу орны бар. Сонша көп деуге келмейді. ЖОО-лар саны 2001-2002 оқу жылында шырқау шегіне жетіп, 185-ті құрады. Содан бері біршама азайды: 2010-2011 жылы – 149, 2014-2015 жылы – 126, 2018-2019 жылы 124 болды. Бұдан да азаяды.«2021 жылғы 1 шілдеде Шымкенттің мамандандырылған әкімшілік сотының қаулыларымен «Орда» және «Мирас» университеттері лицензиядан айырылды. Бұл оқиғаны оқушы жастар да, олардың ата-аналары да ауыр қабылдады. Студенттер арасында шиеленіс тууда, жастар ашынған, болашаққа сенімін жоғалтқан жағдайда. Қайда барарын білмейді. Себебі мемлекеттік университеттер бұл ЖОО-лардың студенттерін қабылдауға құлықсыз. Оның үстіне «Орда» мен «Мирас» университеттерінде оқу ақысының орташа мөлшері 180-200 мың теңге болатын. Ал мемуниверситеттерде 400-500 мың теңгеден асады! Мұны студенттердің басым көпшілігінің қалтасы көтермейді», – дейді шәкірт Азамат Сүлеймен.Өзге ЖОО-лар өздеріне ауысқысы келетін студенттерге бұрынғы оқу ақысын сақтау түрінде әлеуметтік қолдау көрсетпейтінін ашық айтыпты. Жалпы, қос университет айналасында телехикаяға бергісіз оқиға өрбіді.
Жібек жолы неге Ордаға айналды?
Шымкенттегі Silkway халықаралық университетіне биыл БҒМ-нан тексерушілер сау ете қалады. Осы кезде ғылым ордасы Silkway (Жібек жолы) атауын «Орда» деп ауыстыра қояды. Университет атауы тосыннан өзгеріп кеткенін білген студенттер мұны тексерумен байланыстырыпты. Бірақ БҒМ тексеру мен атау өзгерту арасында байланыс жоқ дейді. Өйткені бәрібір жауапкершіліктен құтыла алмайды.«2021 жылғы мамырда Silkway халықаралық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның барысында профилактикалық бақылау жасалып, бұрын берілген ұйғарымдардың орындалуы зерделенді. Бақылау нәтижесінде университетте 34 бұзушылық әшкереленді. Оның 29-ы – өрескел бұзушылық. Университетке олқылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Содан кейін әкімшілік іс материалдары Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына бағытталды. Университеттің қайта рәсімделуі оның атауының өзгеруі негізінде жүрді және тексерістер нәтижелерімен байланысты емес» деп түсіндірді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.Артынша «Орда» және «Мирас» университеттерінің сайттарында және әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарында қос ЖОО-ның бір университетке бірігетіні туралы ақпарат жарияланды. Сондай-ақ ЖОО құрылтайшылары шәкірттер мен ата-аналарды алаңдауға негіз жоғына сендіріп бақты. Сенгендер шамалы сияқты.
«Біз жауапты шенеуніктерден мәселенің жай-жапсарын біле алмадық. Студенттер оқуын сапалы жалғастыру мақсатында ауысу үшін мемлекеттік университеттерді жағалап жүр. Алайда бұл істі үйлестіріп, кері байланысты жолға қойған ведомство жоқ. БҒМ өзі жауып жатқан ЖОО-лардың студенттерін өзге университеттерге ауыстыруда тым шабандық, салғырттық танытуда» деп қынжылады Азамат Сүлеймен.БҒМ өзге университеттерге қатысты да тексеру жүргізуде. Осы орайда Ақтау Гуманитарлық-техникалық университетінің басшысы Серік Әлиев өз ЖОО-сына қатысты басталған тексерісті тоқтатуды сұрап, БҒМ-ға жүгінді. Тексеру 5 студент пен 3 оқытушының шағымына байланысты басталыпты. Алайда университет ректоры ол шәкірттер мен ұстаздардың атынан әлдекім жалған арыз түсірген деп сендіреді.
«Қазір Ақтау қаласының Полиция басқармасы Ақтау Гуманитарлық-техникалық университетіне қатысты студенттер мен оқытушылардың өтінішін қолдан жасау фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. 27 сәуірде өтінішке қол қойған студент қыз, сондай-ақ Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің педагогі тергелді, олар біздің университетте заңнаманың бұзылып жатқаны туралы министр А.Аймағамбетовтің атына шағым жазу фактісін жоққа шығарды. Оқиғаның байыбына барсақ, министрлікке түскен шағым жалған болып шықты. 5 студент те, 3 оқытушы да шағымға еш қатысы жоғын түсіндірді», – деді ректор министрлікке хатында.Дегенмен БҒМ комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова «университетке қатысты басталған жоспардан тыс тексеруді тоқтату мүмкін емесін, себебі оған құқықтық негіз жоғын» айтты. Тексерудің нәтижесі алда белгілі болып қалар. Бірнеше университетте жоғары лауазым атқарған, Білім және ғылым вице-министрі болған Мирас Дауленовтің айтуынша, 1 жеке ЖОО-ны жабу оның құрылтайшыларын жылына кем дегенде 4 миллиард теңге кірістен айырады. Егер жойылған университеттердегі студенттерді дер кезінде және қолайлы шарттармен өзге ЖОО-ларға көшіру ісі үйлесімді жолға қойылса, сапасыз ғылым ордаларынан арылу үрдісі халықты еш қиналтпас еді. Ол болмаған соң, шәкірттер мен ата-аналар сапасыз білімнен күреп пайда тауып келген құрылтайшыларды қолдап, ЖОО жабылуына қарсы шығып жатады. Бұл отандық жоғары білімді «ақаулы» оқу орындарынан алалау ісін тежейді.
Айхан ШӘРІП