Қазақ қандай қаза болса да, «жазмыштан озмыш жоқ» деп қоя салады. Бірақ жұмысқа кетіп, бала-шағамды асыраймын деген адамның қайтыс болуын не дейміз? Ол да жазмыш па? Бір жарым жылдың ішінде Қарағанды облысындағы өндіріс орындарында 230-ға жуық кісі жарақат алып, 50 адам қайтыс болған.
Министрлік статистикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деректері бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 691 қызметкер зардап шекті, оның 78-і қайтыс болды. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,8% өскен. Ал өткен жылдың 6 айында 672 адам зардап шекті. Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі бұрынғыдай Қарағанды (139 адам), Шығыс Қазақстан (82 адам), Ақтөбе (56 адам), Павлодар (54 адам), Қостанай (49 адам), Түркістан (37 адам) облыстарында және Алматы қаласында (42 адам) кездесіп отыр. Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 134 адам (19,4%) және құрылыс саласында – 80 адам (11,6%).Сақтық шаралары жоқ
Қазақта «сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Әрине, қандай жұмыс істесең де сақтық керек. Алайда сақтықтан кейін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін сақтамау да баршылық. Мысалы, еңбекті қорғау саласында ең жиі кездесетін бұзушылықтар: қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеу – 14,9% (353); қызметкерлерге оқыту мен нұсқама жүргізбеу – 14,3% (340); жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеу – 10,1% (238). Бұл тек анықталғаны ғана. Ал жазатайым оқиғалардың көпшілігі мыналарға байланысты болған екен: қозғалатын, айналатын заттардың әсері (199 немесе 13,9%); зардап шегушінің биіктен құлауы (171 немесе 11,9%); заттардың, материалдардың құлауы (152 немесе 10,6%).«Қауіпсіз еңбек» жобасы әзірленді
Жақында Қарағанды облысының прокуратурасында 2020 жыл және 2021 жылдың 6 айы бойынша жарақаттану туралы қылмыстық істерді тергеудегі заңдылықтың жай-күйі, сондай-ақ олардың алдын алу бойынша жұмыстың тиімділігі алқалы жиналыста қаралды. Статистикаға сәйкес, өндірісте жарақат алудың 230-ға жуық фактісі тіркеліп, оның 22% немесе 50-і өлімге әкелді. Осыған орай қылмыстық істерді тергеудің проблемалық мәселелері, уәкілетті органдардың жұмысы талқыланды. «Қауіпсіз еңбек» жобасы әзірленді, ол жосықсыз жұмыс берушілерді заңда белгіленген жауапкершілікке тартудың бірыңғай практикасын қалыптастыруға және еңбек жағдайларының лайықсыз болуына төзімсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», – деп мәлімделді облыстық прокуратурадағылар. Сонымен қатар полиция органдарында қолданылып жатқан істерді тергеу бойынша әдістемелік ұсыныстар таныстырылды. Сонымен бірге, жарақаттану деңгейі жоғары аймақтарда арнайы жедел-тергеу топтарын құру жоспарланып отыр.Еңбек инспекциясы не дейді?
«Өңірдің өндірістік объектілерінде төрт айда 83 жазатайым оқиға болды, онда 103 адам зардап шекті, 14 адам қайтыс болды», – деп хабарлады облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында. Жазатайым оқиғаның ең көбі тау-кен металлургия, көмір және құрылыс салаларында тіркелген. Атап айтқанда, бұл қала құраушы кәсіпорындар – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс «корпорациясы» ЖШС және басқалар. – Талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмыс беруші тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінен болады. Жұмысты дұрыс ұйымдастырмау да бұған сеп. Төтенше жағдай көбіне 3 жылға дейін жұмыс өтілі бар қызметкерлер арсында (42%) болады. Жазатайым оқиғалардың 57%-ы өздерінің ұзақмерзімді кәсіби тәжірибесіне сүйенетін 55 жастан асқан қызметкерлер арасында тіркелді. Қайғылы жағдайдың себебінің бірі зейнетке дейінгі жастағы мамандардың жалпы денсаулығына байланысты. Барлық жұмыс беруші міндетті медициналық тексеруді және ауысым алдындағы медициналық куәландыруды жүргізбейді, – деп атап өтті И.Любарская.Кім кінәлі?
Қайғылы жағдайдың болуына ең алдымен жұмыс берушілер кінәлі. Негізінен алғанда, көп жағдайда өндірістегі жұмыстардың немқұрайды ұйымдастырылуы, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, ғимараттардың қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайы, автокөлік қозғалысы ережелерін бұзу, істен шыққан көлік, жабдықтарды пайдалану, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігіне оқытпау, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын, арнайы киім формасымен қамтамасыз етпеу сияқты кемшіліктер – жұмыс берушілердің кінәсі. Сонымен қатар жұмысшылардың да кінәсінен болатын жағдайлар бар. Мысалы, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, сақтық шараларына назар аудармаудың нәтижесінде сол жұмысшының өзі көз жұмады. Құрылыста адамның биіктен құлауы, газбен улануы, тоққа түсуі, үстінен ауыр заттың құлауы жиі-жиі болады. Бұл жерде аса өзекті, шешілуі қиын бір мәселе бар. Ол кәсіпорын басшылары өндірістегі жарақаттану оқиғаларын көбінесе жасырып қалуға тырысады. Не болмаса, әр жұмысшының өміріне жауапты болғандықтан, ауыр жарақатты жеңілге ауыстыра салады. Кей кездері жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігіне қыруар қаражат бөлудің орнына, жарақат алған адамға айыппұл төлеуді қолай көреді. Демек, жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды қатайтумен, яғни белгілі бір жазалаушы іс-шаралармен мәселені толық шеше алмасымыз анық.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы