Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Жыл басынан бергі бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 162 іс-шара өткізіліпті.
«Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай атқарылған негізгі ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Шымқала» этноауылы мен «Қамал» тарихи-мәдени кешені ашылып, ел игілігіне берілді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала әкімінің бастамасымен Қазақстанда алғаш рет ІІ кезеңнен тұратын «Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылды. Жобаға 140 жалпы орта мектептен 536 команда қатысты. Жеңімпаз 4 мектепке демеушілердің есебінен 20 млн теңгеден жалпы сомасы 80 млн қаржы мектептің материалдық қажеттілігіне жұмсау үшін берілді. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен елорда күні қарсаңында заман талабына сәйкес 3 кітапхана қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясы «Тәуелсіздік – бірлік пен тұрақтылық тұғыры» атты іс-шарасын ұйымдастырды», – деді Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов арнайы брифинг барысында. Оның айтуынша, екінші жартыжылдықта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай маңызды іс-шаралар жоспары бекітілген. Атаулы мереке аясында ақпараттық-насихаттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл ретте биыл мерейлі мереке қарсаңында 2 430 қала тұрғынына пәтер кілті табысталмақ. Сондай-ақ «Тәуелсіздік табыстары», «Жасампаздыққа толы жылдар» тақырыптарында бейнефильмдер желісі жергілікті телеарналардан көрсетіліп, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарының слеті» ұйымдастырылады. Тамыз айында өтетін Конституция күніне арналған салтанатты жиналыс, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге арналған іс-шара мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік жиындар бар. Сонымен қатар брифингте Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында Шымкентте өткізілген іс-шаралар жөнінде баяндады. – Шымкенттіктер қай кезде де қайырымдылық жасауда, бір-біріне мейірімділік, ізгілік танытуда белсенді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жариялана салып шымкенттік кәсіпкерлер демеушілік жасауға өздерінің елеулі үлесін қосты. Мәселен, әл-Фараби ауданындағы Әлімбетов көшесі №45в үй ауласы мен Текесу тұрғын алабында пайдалануға берілген 4 спорт алаңшасы жеке кәсіпкер Серік Тульбасовтың жеке қоры демеушілігі есебінен салынды. Аталған қордың көмегімен биыл тағы 7 спорт алаңшасы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, меценат Бауыржан Мырзатаевтың демеушілігімен Хызыр мұнарасының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, Шымкентте тек жоба үшін емес, өңіріміздің жеке азаматтары науқас балаларға, балалар үйлері мен жалғызілікті аналарға, тұрмысы төмен отбасыларына қолдау көрсетіп, қолұшын беріп жүрген, онысын жария етуден аулақ азамат көп. Оларға да алғысымыз шексіз, – деді З.Оралбаева. Оған қоса, Шымкент қаласы әкімдігі мен қала мешіттерінің ұйымдастыруымен «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында күніне 1 000-ға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасына азық-түлік себеттері таратылды. «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында өрттен зардап шеккен Риддер қаласы Лесхоз кентінің тұрғындарына гуманитарлық жүк тиелген 3 көлік жіберілген. Оған азаматтық ұйымдар, волонтерлық қозғалыстар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары және жастар ұйымдары жұмылдырылыпты. «Рухани жаңғыру» бөлімінің ұйытқы болуымен «Балаларға базарлық» акциясы ұйымдастырылды. Игі шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығына орай, «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынған. Акцияда қаладағы 4 ауданның 100 отбасы балаларына кітаптар мен жеміс-жидек себеті үлестірілді. Қайырымдылыққа Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, кәсіпкер көпбалалы аналар демеушілік көрсетті. Олардың қатарында «Жомарт жүрек» республикалық және қалалық жоба жеңімпаздары, іскер азаматтар Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат, кәсіпкер, көпбалалы ана Наргиза Керімбаева басқаратын MOBIL plus компаниясы мен ерікті жастар және республикалық «Шұғыла кітап» баспа үйі бар. Бұдан бөлек, шымкенттік полицейлер 86 отбасына қайырымдылық жасады. «Игі істер» күнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен «Наурыз тал» акциясы өтті. «Эко-сана» қозғалысының бастамасымен қолға алынған акция шеңберінде әр көшетке QR-код орнатылған. Брифинг барысында пікір білдірген Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлиева «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері тарапынан қайырымдылық мақсатында биыл жалпы 90 млн теңге көлемінде қаржы жиналып, халық игілігіне жұмсалғанын атап өтті.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы