Nur Otan-да Президенттің әкімшілік әділет жүйесін енгізу туралы тапсырмасын орындау барысы талқыланды
Nur Otan-да Президенттің әкімшілік әділет жүйесін енгізу туралы тапсырмасын орындау барысы талқыланды
207
оқылды
Мемлекеттік және жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы, рәсімдік-процестік соттар жұмысының басталуы, сондай-ақ ауыл әкімдерін сайлау. Осы және өзге де өзекті мәселелер «Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды, – деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі. Ауыл әкімдерінің сайлауына «Nur Otan» партиясынан 584 кандидат қатысып отырғаны белгілі. Бүгін үгіт-насихат жұмыстары аяқталады. Оның аясында 45 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 228 мыңнан астам үгіт материалы таратылды. Жалпы, 1,2 млн сайлаушы қамтылды.
«Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына деген халықтың көзқарасы оң. Азаматтардың қызығушылығы жоғары екенін байқап отырымыз», – деді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға сайлаудан өзге, 2025 жылға дейін жүргізілетін мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру ықпал ететінін атап өтті.
«Жергілікті өзін-өзі басқару институтының әлеуетін ескере отырып, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасындағы бөлімдердің бірі – қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру, көрме-жәрмеңкелік қызметті ұйымдастыру, қабірлерге арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу, коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру мәселелерін шешу жөніндегі қызметтерді аудандық деңгейден ауыл деңгейіне беру», – деді Әлібек Қуантыров.
Сондай-ақ, Кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілік әділет жүйесін енгізу туралы тапсырмасын орындау барысын талқылады. Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі Сот алқасының судьясы Аслан Түкиев айтып өткендей, барлық 17 өңірде және Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар (МАӘС) өз жұмысын бастады. Ол жаңа сот органының басты ерекшелігін түсіндірді.
«Азаматтық процестен айырмашылығы көбіне жауапкер мемлекеттік орган болатын әкімшілік процестерде талапкер жағы әлсіз. Сондықтан әкімшілік соттарда судьяға мемлекеттік органмен дау кезінде талапкерге көмектесуге ресми түрде рұқсат етілген. Мәселен, судья талап қоюшымен бірге талап-арыз жазады, қажет болған жағдайда, егер талапкердің өзі объективті себептермен оларды ұсына алмаса, дәлелдемелер жинауға көмектеседі. Ал дәлелдеу ауыртпалығы толығымен жауапкердің жағына жүктелген», – деді Аслан Түкиев.
Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың судьясы 1 шілдеден бастап МАӘС-қа 1181 талап-арыз түскенін, оның басым бөлігі жер, салық мәселелеріне, мемлекеттік сатып алуларға және сот орындаушыларының әрекеттеріне қатысты екенін айтты. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері жұмысшылардың кейбір санаттарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтінін алға тартты. Кеңес төрағасы Айдос Сарым оқу орындарының әкімшілік қызметшілеріне қатысты мәселені көтерді.
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің еңбек және әлеуметтік жағдайлары айтарлықтай жақсарды. Алайда мектептерде білім ошағының өміріне тікелей араласатын, бірақ өгейдің күйін кешіп отырған жұмысшылар бар», – деді ол.
Осыған байланысты Айдос Сарым заңнамада маңызды мемлекеттік қызмет атқаратын, бірақ мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайтын коммуналдық қызметшілер мәртебесін бекітуді ұсынды.
«Бір ғана Алматының өзінде ешқандай мәртебесі жоқ 10 мыңға жуық адам бар. Олар қалалық су арнасының, энергосбыт және т.б. қызметкерлері. Мысалы, олар жеңілдетілген ипотека алу үшін «Отбасы банк» бағдарламаларына қатыса алмайды. Бұл жерде орталық және жергілікті атқарушы органдар тиісті ұсыныстар енгізуі керек», – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар әзірледі. Олардың ішінде заңнамада коммуналдық қызметшілер мәртебесін бекіту, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау бойынша мемлекеттік органдардың ауқымды рейтингін енгізу және мемлекеттік қызметшілерді оқытуда азаматтық қоғамның әлеуетін пайдалану.