Солтүстік Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен жою үлесі 14,2 пайызға жетті. Осы және өңірдегі ауаның ластануына қатысты мәселелер «Nur Otan» партиясы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес отырысында талқыға салынды.
Бүгінде қоқысты бөлектеп жинау мәселесі «Радуга» ЖШС-нің көмегімен шешімін тауып жатыр. Кәсіпорын тұрғындар қоқыс тастайтын орындарға 1 120 контейнер және мекемелер мен ұйымдарға қағаз қалдықтарына арналған 800 экобокс орнатқан. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қалдықтарды түр-түрі бойынша сұрыптап, қайта өңделген полимерден халық тұтынатын тауарлар өндіреді. Бұған қоса қайталама шикізат қабылдайтын сегіз стационарлық және бір мобильдік қосын ұйымдастырылған. Пайдаланылған сынапты шамдарды лақтыру үшін Петропавлда – 30, облыс аудандарында 49 контейнер бар. Өңірде қоқыс жинау, сұрыптау, өңдеу және жою жұмысымен 20 кәсіпорын айналысады. Соның ішінде 11 кәсіпорын қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен, 9-ы өнеркәсіптік және медициналық қалдықтарды жоюмен шұғылданады. Отырыс барысында айтылғандай, биыл «Қызылжар Тазалық» ЖШС-не қарасты Петропавл полигонында қоқыс сұрыптау қолға алынды. Әзірге оның қуаттылығы шамалы – жылына 30 мың тоннаға дейін. Сұрыпталған қайталама шикізат «ЛС Петропавловск» ЖШС-не қайта өңдеуге тапсырылады.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы