Жастар – мемлекеттің болашағы. Жастар – еліміздің іргесі. Оларға қандай қолдау көрсетсек те, артық болмайды. Әсіресе, Үкіметтің қолдауы керек. Бүгінде жастарға арналған бағдарламалар мен жобалар жоқ емес, бар. Сонымен қатар жастардың басты мәселесі – баспана. Осы және басқа да мәселелер жөнінде облыс әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөнінде кеңестің отырысы өтті. Кеңеске қала әкімдері мен қалалық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері қатысты.
Баспанаға зәру жастар көп...
Отырыста күн тәртібіндегі жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жайлы мәселе көтерілді. Сонымен қатар облыстық жастар ресурстық орталықтарының қызметі туралы да айтылды. 1 шілдедегі деректерге сүйенсек, облыста үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы жастардың саны 8 мыңнан асады. Олардың дені – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Абай, Осакаров аудандарында. Кейінгі үш жылдың ішінде әлеуметтік осал топтардағы 559 жас баспаналы болды. Биыл облыста әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға 1 099 жалдамалы пәтер, үй кезегінде тұрғандарға 478 несиелік тұрғын үй пайдалануға берілмек. – Атаулы көмекке мұқтаж жандардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды жеке қарастырған жөн. Осы санатта облыс бойынша кезекте тұрғандардың жалпы саны – 7 118. Олардың негізгі бөлігі – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Шахтинск қалалары мен Осакаров ауданында. Бүгінде үй кезегінде тұрғандар үшін заңнаманы негізге ала отырып, облыс әкімінің қаулысымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бермек. Жоспарды дайындау кезінде қала және аудан әкімдері осы санаттағы азаматтарға бөлінетін тұрғын үй саны туралы жоспарлы көрсеткіштерді ұсынды. Ал бұл жоспар 3 жыл ішінде орындалуы керек, – деді Қарағанды облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов. 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында қала және аудан әкімдері 3 жыл ішінде 618 пәтер бөлуді жоспарлап отыр. 2021 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша 72 пәтер бөлінген. Тағы бір айта кететін жайт, Қарағандыда аталған санаттағы 3 356 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ал жоспар бойынша қала әкімдігі 2021 жылы – 5, 2022 жылы 5 пәтер бөлуді жоспарлап отыр. – Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі жеке бағыт – жатақхана құрылысы. Елбасының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты 3 әлеуметтік бастамасы аясында облыс орталығында 100 орынға арналған 1 жатақхана салынады. Сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша 882 орынға арналған 6 нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр, – деді Біржан Нұржанұлы. Ол Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне 500 орындық жатақхана салу жоспарда барын айтты. Бүгінде бағдарлама операторымен шарт жасалып, Құрылыс комитеті әзірлеген типтік жобалық сметалық құжаттаманы қолдану арқылы жүзеге асырылмақ. Осы тәжірибені ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі ұсынған жатақхана құрылысы механизмі шеңберінде жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Мысалы, студенттер мен жастар, сондай-ақ жетім балалар, жұмысшы жастар, жас отбасылар үшін 500 орындық жатақхана салу жобасын іске асыру. Жоғарыда аталған механизмді қолданудың заңнамада қарастырылған әртүрлі нұсқалары бар екенін атап өткен жөн. Оның біріншісі – Мемлекеттік-жеке серіктестік жобасын негізге алу арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізу. Жобаны қаржыландыру жергілікті мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасына бастамашылық ету арқылы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Құрылысқа және инженерлік коммуникациялар жүргізуге арналған жер учаскесін жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. – Екіншісі – құрылыс аймақтың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары есебінен жүргізіледі. Аталған жоба аясында өңірдегі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тәрізді ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары атсалысады. Құрылысқа арналған жер телімі инвестор мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрамындағы консорциум құру арқылы жергілікті деңгейде шешіледі. Нысан іске қосылғаннан соң жатақхана тұрғын үй қорының жартысы инвестордың, яғни кәсіпорынның жас жұмысшыларына, ал келесі бөлігі инвестицияны ішінара өтеу үшін студенттерге беріледі. Бұл жоба студенттер контингенті үлкен Қарағанды және Теміртау сияқты қалалар үшін тиімді.493 отбасы баспана кілтін алды
Бүгінде облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде 37 672 азамат тұр. Оның ішінде 2 690-ы – көпбалалы отбасы, 14 431-і – халықтың әлеуметтік осал топтағы, 13 119-ы – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, 7 118-і – жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болса, 314-і – тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар. 2020 жылы облыс бойынша үй кезегінде тұрған 1 569 азаматқа баспана кілті берілген. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен (1091) салыстырғанда 31%-ға артық. Бұлардың қатарында коммуналдық тұрғын үй қорынан – 897, ипотекалық несие беру бағдарламасы бойынша – 102, демеушілік – 40, «Отбасы банк» АҚ желісі бойынша кредиттік тұрғын үй – 124, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 365 отбасы, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша (5-10-20) тұрғын үй қарыздары 41 отбасына берілді. Биыл жыл соңына дейін 1 600-ге жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. – Биыл жыл басынан бері 493 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 102 көпбалалы отбасы, 76 жетім бала, 148 әлеуметтік осал топтағылар, 44 бюджеттік ұйым қызметкері, 16 тұрғын үйі апаттық деп танылған азаматтар бар. Одан бөлек, «Бақытты отбасы» – 30, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 107 отбасына баспана кілті табысталды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалана алатынын да айта кету керек, – деді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.Жастар ресурстық орталықтарына қолдау керек
2020 жылы қалалар мен аудандардағы «жастар ресурстық орталығы 624 057 мыңнан астам жасты қамти отырып, 3096 мыңнан астам іс-шара өткізген. Жастардың жағдайын жақсарту мақсатында 2020 жылы аймақтағы жастар ресурстық орталықтарының жоспарлары қабылданған болатын. Жоспар бойынша ЖРО шаралар бөлініп, тапсырылған. Енді сәуір-шілде айлары аралығында басқарма берген шаралардың орындалуын, сондай-ақ қалалар мен аудандардың ЖРО қызметкерлеріне мониторинг жүргізу үшін сарапшылар жолға шыққан еді. Облыстық ЖРО-да 35, ал қала мен аудандарда 167 қызметкер жұмыс істейді. Өңірлердегі ЖРО штаттарын жасақтауда теңгерімсіздік барын да жасырмады басқарма басшысы. Мысалы, аудан орталықтарында ЖРО-ның 1 қызметкеріне орта есеппен 1,5 мың жастан келеді. Ал, облыстық маңызы бар ірі қалаларда бұл көрсеткіш 3 есе көп. Осыған байланысты штат санын қалыптастыру тәсілдерін біріздендіру ұсынылды. Атап айтсақ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әдістемелік ұсынысы негізінде Басқарма ЖРО базалық құрылымын әзірлеген. Оны Жезқазған, Қаражал қалалары мен Ақтоғай, Осакаров аудандарына енгізу ұсынылады. – Проблемалық мәселенің тағы бірі – жастар саясаты саласын қалдық қағидаты бойынша қаржыландыру тәжірибесіне қатысты. Бірқатар аймақта ЖРО-ы тиісті үй-жайларға орналастыру, материалдық базаны жабдықтау мәселелері әлі күнге дейін шешілмеген. Мысалы, Жаңаарқа ауданында 12 ЖРО қызметкері жалпы ауданы 34,8 шаршы метр болатын бір кабинетке орналастырылған. Қаражал қаласындағы орталық 32 шаршы метр кабинетте орналасқан әрі жастармен жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндігі де жоқ. Ал Ақтоғай ауданындағы ЖРО орналасқан кабинеттің орташа температурасы қыста 20 градустан аспайды. Осы мәселелерді шешудің жолдарын да қарастырған едік. Осы жылдың соңына дейін Жезқазғандағы ғимаратта күрделі жөндеу жүргізу арқылы Жастар сарайын ашуды жоспарлап отыр. Приозерск қаласында қараусыз қалған балабақша ғимаратын жөндеуден өткізіп, жастар сарайы ретінде қайта ашу қажет, – деді басқарма басшысы. Бүгінде осы мәселелерді шешу үшін құжат әкімдіктерге жеткізілді. Жол картасын жүзеге асыруға қолдау көрсетуіңізді сұраймын, – дейді Біржан Нұржанұлы.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы