Қазақстан әскери резерв қызметіне түбегейлі өзгеріс енгізуге бекінді. Шілденің ортасында «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына жарияланған құжаттан соны ұқтық. Шамасы, көрші-қолаңмен қанша татумыз дегенмен де қуатты армия ұстап, ел басына күн туа қалса, сапқа тұрар ерлердің санын кемітпеуді атқамінерлер жан-жақты ойластырған сыңайлы.
Енді әңгіменің тоқетеріне көшсек, «Ашық НҚА» порталында әдетте түрлі заң, қаулылар мен бұйрықтардың талқыланатыны бар. Сол порталда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы жарияланған. Сырт көзге әдеттегі көп құжаттың бірі болып көрінуі мүмкін. Алайда резерв қызметін жүйелеудің, елдің қорғаныс қабілетін арттырудың өзекті екені сөзсіз. Ал тұжырымдамада қабылдана қалған жағдайда 2024 жылдан бастап енгізілетін жаңа ережелер ашық сипатталған. Айталық, тұжырымдамада қазіргі заманғы қарулы жанжалдар әскери сипаттағы қауіп-қатерді ресурстары мықты армия ғана шеше алатыны айтылған. Яғни, жаңа тұжырымдамаға сәйкес, армияның заманауи қару-жарақ және техникамен қамтамасыз етілуінен бастап, қажет кезінде әскери машықтарды игерген азаматтарды әскер сапына молынан тарту, көлік-логистикалық кешендердің мүлтіксіз жұмыс істеуі, экономиканың ұрыс жағдайына бейімделу қабілетінің сақталуы тәрізді көптеген фактор ескеріледі деген сөз. Дегенмен құжатта экономика немесе инфрақұрылымға емес, адами ресурстарына көбірек мән берілгенін атап өткен жөн. Бір жағынан бұл дұрыс шығар. Қазақстанда бүгінде әскери өнім шығаратын 24 зауыт бар. Оған тамыздан бастап атышулы АК немесе Калашников автоматын өндіретін тағы бір кәсіпорын қосылады. Демек, түнде көру құралдары, байланыс стансаларынан бастап қатардағы атыс қаруына дейін өзіміз өндіреміз деген сөз. Енді тек армияның жеке құрамын толықтыратын адами ресурстарды жетілдіру қалып тұр. Онсыз заманауи сын-қатерлерге төтеп беру мүмкін емес. Содан да болар, еліміз резерв мәселесіне көңіл бөле бастады.Кеңестік тәсіл ескірді
Негізі, кез келген мемлекет соғыс жағдайында халықты жаппай жұмылдырып, дұшпанға қарсы тұра алады. Жаһандағы барлық мемлекетте дерлік мұндай қадамға мүмкіндік беретін құқықтық негіздер жасалған. Қазақстан бейбіт уақытта Қарулы Күштер сапын сарбаздармен толықтырудың аралас тәсілін ұстанады. Яғни, біздің армияда келісімшартпен жұмыс істейтін кәсіби сарбаздар да, мерзімді әскери міндетін өтейтін жауынгерлер де қызмет етеді. Келісімшарт әскерінің саны әдетте көп өзгере қоймағанымен, мерзімді әскери қызметшілердің саны құбылып тұрады. Кей жылдары 33 мың, кейде 35 мың азамат мерзімді әскери міндетін өтейді. Алайда бұл тәсіл ел азаматтарының ішінде әскери даярлықтан өтпегендер санын азайта алған жоқ. Бұл өз кезегінде резервті әлсіретері сөзсіз. Мәселен, Украинадағы оқиғалар даяр әскери резервтің болмауы опық жегізетінін көрсетті. Украина әскері сепаратистермен күрес барысында дер кезінде шығынды толтырып, қарапайым болса да әскери машығы бар азаматтармен әскери бөлімдердің жеке құрамын толықтыра алмады. Сондықтан Қазақстанның резервке көңіл аударуы маңызды қадам. Мұны саясаттанушы Асхат Қасенғали да құптап отыр. «Шешімнің қабылдануына Украинаға жасалған Ресей агрессиясы әсер еткені анық. Себебі ресми Киев дәл осындай ұрысқа қашанда дайын резервтегі әскерінің жоқтығынан, шығысында бірнеше бағытта жанған сепаратизм отын дер уақытында сөндіре алмады. Бұл өзгешелік ежелгі көшпенділердің де өмір сүру салтына сәйкес келеді, заманауи форматы десек те болады. Яғни, бейбіт заманда қарапайым күн кешкен жігіт, соғыс уақытында әп-сәтте арғымағына мініп, қаруын асынып, жауынгерге айналған. Қазіргі резервистер де осындай жүйені қалыптастыруы тиіс. Біздің орасан үлкен аумақты сақтап қалу және тыныштығын күзету үшін әр азамат жауынгер болуы қажет. «Соғыс тілемейміз, бірақ оған дайынбыз» принципіне сәйкес», – дейді сарапшы. Ал енді жаппай жұмылдыру немесе мобилизациялаудың ескірген тұсына тоқталайық. Рас, ел басына күн туа қалса барша азаматтарды атқа қонуға шақыру, шынын айтсақ ежелгі көшпенділердің тәсілі. Алайда көшпенділер ұдайы соғыс тәсіліне машықтанған, бала күнінен жауынгер болуға тәрбиеленген қауым. Ал кеңестік үлгідегі жаппай мобилизациялау кезінде азаматтың әскери дайындығы, белгілі бір дағды мен машықты меңгеруі ескеріле бермейді. Әрі жаппай жұмылдыру кезінде жүйелі жұмыс ұйымдастыру да қиын. Оның үстіне заманауи техникалар үстемдік құратын қазіргі заманғы соғыстарда әскери дағдысы жоқ азаматтарды ұрысқа салу шығын ғана. Тіпті, Кеңес кезінде де солай еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ешбір әскери жаттығу жасамаған, атыс-шабысты көрмеген, қағаздағы тактикадан басқаны білмейтін тұтастай әскери бөлімдер жойылып кетті. Сондықтан енді ескі тәсілге жүгінудің қажеті жоқ. Екіншіден, жаппай ер-азаматтарды жұмылдырған кезде армияның тылын қамтамасыз етуі тиіс кәсіпорындардағы білікті мамандар да алғы шепке кетуі мүмкін. Бұл жағдай әскерді қамтамасыз ету ісіне кедергі келтіреді. Білікті мамандар мен ғалымдар бірден алғы шепке жіберілмеуі керек. Сол үшін алдын ала резерв даярлаған дұрыс.Швейцариялық тәсіл ме?
Жалпы, әскери резерв даярлау тәсілі әлемнің көп елінде бар. Қазақстан әскерилері бұл жүйеге көшу үшін батыс елдерінің үлгісін алғанға ұқсайды. Айталық, Швейцарияда ер-азаматтар әскери міндетін өтеген соң ұзақ мерзім бойы запаста тұрады. Әрі бұрын олар армиядан оралғанда винтовкасын үйіне ала келетін. Сөйтіп, 2000 жылдардың басына дейін Швейцариядағы әр азаматтың қос-қостан мылтығы болған. Қажет болса винтовкасын асынып, әскер қатарын толтыруы тиіс еді. Рас, қазір азайды, дегенмен сондай тәсіл 50 жылдан қолданылған еді. Әрине, Қазақстан ондай ереже енгізгелі отырған жоқ, бірақ әскери даярлықтан өткен резервистерге жеке қару белгіленіп беріледі. Қорғаныс министрлігінің өкілі, майор Ғани Нүсіповтің айтуынша, олар әскери бөлімдерде сақталады. «Резервтегі адамдарға әскери бөлімдерде сақтауда тұрған қару мен жауынгерлік техника бекітіліп беріледі. Әскери бөлімдер сабақтар мен оқу-жаттығулар уақытында нысанды киім-кешекпен, казармада тұрумен және тамақтандырумен қамтамасыз етеді», – деді офицер. Ал резервтегі әскери қызметшілерге техниканың бекітіліп берілуін мамандар жабдықты тоздырмай ұстауға септігі тиетін амал деп бағалап отыр. Тұжырымдамада «Мұндай жағдайда техника, өзін пайдалану ресурсын жойып, тек ұзақмерзімді сақтауда тұрмай, оған қызмет көрсетіліп, тез арада қолдануға әзір тұратын болады» деп жазылған. Ал әскери резервке қатысты құжаттың жалпы мазмұнына келсек, 2024 жылдан бастап азаматтар әскери дайындықтан өтуге шақырылады. Әрине, бірінші кезекте әскери оқу орындарында немесе кафедраларда оқығандарға, бұрын әскери қызмет атқарғандарға басымдық беріледі. Ал өзгелер қалауынша қатыса береді. Әскери дайындық мерзімі жылына 60 күннен аспайды, жұмыс істеп жүргендердің жалақысы сақталады, ал айлықтың жартысын мемлекет өтейді, жұмыссыздарға айына 42 500 теңге төленеді. Соңғы сома 2024 жылға қарай өзгеруі де мүмкін, өйткені ең төменгі жалақы АЕК мөлшері арқылы есептелетіндіктен, бұл соманы бекітілген норма деп бағалауға болмайды. [caption id="attachment_152637" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Айтпақшы, әскери резервке тұру ұсынысын қабыл алған адам өзі дайындықтан өтетін бөлімшемен 3 жылға келісім жасайды. Сол үш жылда ең төменгі айлық көлемінде ай сайын қаржы түсіп отырады. Мұны әлеуметтік жағы деп қоялық. Енді әскери жағына тоқталсақ, резерв жүйесі тұрақты әскери бөлімдердің жеке құрамын арттыруға септеседі. Айталық, әр бригадаға резервке бір-бір батальоннан қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сын сағатты армияны қосымша күштермен қамтамасыз етудің тиімді тәсілі болмақ. Әрі резервистер «ашық ауыз балапандар» емес, әскери машығы бар жауынгерлер болады. Қорғаныс министрлігінің өкілі, майор Ғани Нүсіповтің сөзіне қарағанда, мұндай қадамға министрлік түрлі жанжалға талдау жүргізген соң барыпты. «Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы сын-қатерлерге тұрақты негізде талдау жүргізеді. Оларға қарулы жанжал, сонымен қатар авариямен, пандемиямен, экологиялық апатпен байланысты төтенше жағдай жатады. Бұл ретте халықаралық тәжірибе жұмылдыру резервін өрістету мен тартудың қысқа мерзімде талап етілуі мүмкін екенін көрсетеді», – дейді ол. Ал сарапшы Асхат Қасенғали әскерді геосаяси қауіптерге даяр етіп ұстау өзекті екенін айтады. Бұл, әрине қорғаныс саласының нығаюына әсер етеді. Неге? Себебі соғыс жағдайында мобилизацияға ұзақ уақыт кетеді. Военкоматта тізім жасау, әскери міндеттілерді шақыру, оларды тіркеу, арнайы дайындықтан өткізу, ұрысқа жіберу. Мұның барлығы кемі бір айлық жұмыс. Ал резервтік әскер бірден әскери бөлімшеге келіп, қаруын асынып, майданға аттанады. Біркүндік жұмыс. Яғни, жылдамдық бар. Ал ұрыста әр минут маңызды екенін ескерсек, бұл өте маңызды өзгеріс екенін түсінеміз. Әрине, мұны жасау барысында батыс елдерінің тәжірибесі ескерілді. Сарапталып барып қабылданған шешім», – деді А.Қасенғали. Қысқасы, еліміздің қорғаныс қабілетін жақсарта түсу үшін тағы бір сәтті қадам жасалатын сияқты. Тек заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға қоғам тым белсенді бола қойған жоқ. Дұрысы жобаға ой қосып, пікір білдірсек керек-ті. Кейін заң қабылданған соң байбалам салатын әдетімізге баспасақ болғаны. Әзірге бұл – жоба.Ардақ СҰЛТАН