БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйым (ДТҰ) тарихтағы рекордтық дағдарыс туралы мәлімдеді. 2019 жылға қарағанда биыл халықаралық туризм 85%-ға құлдыраған: 460 миллион турист азайды! ДТҰ 2021 жылды «туризм тарихындағы ең ірі күйзеліс жылы» деп атады. Дегенмен осындай қысылтаяң кезеңде де ішкі туризм өкілдері нөлі көп ашқаның ақысын сұраудан қымсынбайды. Қызмет сапасы оған сай болса жөн ғой.
Кең даламыз – қуатты, инфрақұрылым – ұятты
БҰҰ дерегінше, Қазақстан «ауызша және материалдық емес мәдени мұра объектілерінің саны» бойынша жер-жаһанда 16-орында, «дүниежүзілік мұраның табиғи объектілерінің саны» жөнінен 32-орында, ал «дүниежүзілік мұраның мәдени объектілерінің санына» байланысты 62-орында тұр. Төрткүл дүниеде қыдыратын елін дәл осы тізімдер бойынша таңдайтын туристердің тұтас топтары бар. Британдық Brand Finance консалтингтік компаниясының бағалауынша, коронавирус және әлемдік экономиканың тоқырауынан туындаған барлық проблемаға қарамастан, Қазақстан туристік тартымдылығы бойынша 2019 жылғы позициясын пандемия кезеңінде де сақтап қалды. Оған қоса, қазақ елі «ең жылдам өсіп келе жатқан ұлттық брендтердің бірі»! «Әлемдегі құнды ұлттық брендке айналған елдер» рейтингінде Қазақстан былтыр 100 ел арасында 44-орынды иеленді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7 позицияға жоғары. Ал осының бәрін оқып, қызығушылығы оянып, елге ынтыға, ұмтыла жеткен туристі бізде не күтеді? Біріншіден, сапасы төмен туристік инфрақұрылым, бағасы негізсіз қымбат, қызметі сапасыз қонақүйлер, курорттар, мәдени ойын-сауық объектілері (Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингі бойынша 127-орында), екіншіден, жете дамымаған, билеті қымбат әуеқатынасы (123-орын), үшіншіден, ойқы-шойқы, сапасы сын көтермес жолдар (106-орын), төртіншіден, автомобильдерді жалға беру бойынша компаниялардың жетіспеушілігі, каршерингтің жоқтығы секілді қаптаған проблемаға жолығады.Ішкі туризм рекорд орнатуда
Қазақстанның ЖІӨ-нің құрылымындағы туризмнің үлесі 2019 жылы 6%-ды құраған. 2020 жылы 5,2%-ға дейін төмендеді. Ресми статистикаға жүгінсек, 2020 жылы Қазақстанға шетелден 2 миллион турист келіп үлгеріпті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,3 есе аз. Жатжұрттық саяхатшылар ағыны 70-90%-ға күрт кеміді. Биыл ұқсас жағдай қалыптасуда. Отандық туроператорлар мен турагенттер қызметінің кірісі 70-80%-ға құлдыраған. Бірақ әр өңірде жағдай оң не теріс жаққа құбылады. Былтыр 2,9 миллион қазақстандық өзге елдерде демалған. Бұл 2019 жылға қарағанда 3,7 есе кем. Елімізде екі жылдан бері ішкі туризм дүркірей дамуда. Алайда соған қызмет ететін қонақүйлер бөлмелердің толу деңгейі 17%-ға дейін құлап қалғанын айтып, салық органдарына кірістің жоқтығы туралы есеп беруде. Салықшылар түгіл салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі де бұл дерекке күмән келтірді және бұл «қонақүйлер мен пансионаттардың көлеңкелі айналымға көшкенін білдіруі мүмкін» деген тұжырым айтты. Пандемияны қалқан етіп, салықтан жалтаруы ықтимал. Себебі тіпті тарифтері шетелден де қымбат болып келетін Rixos Water World Aktau, Rixos Borovoe секілді бес жұлдызды қонақүйлерде бос орын табу қиын. Еліміздегі танымал санаторийлер мен курорттардан, туристік базалардан алдын ала орын алмасаңыз, далада қаласыз. Дегенмен ресми мәлімет бойынша, туризм саласына тартылған қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 2018 жылы – 5,5, 2019 жылы 6,3 миллион адамға қызмет көрсетсе, 2020 жылы небәрі 3,6 адамды қабылдағаны туралы ақпарат ұсынған. Турист орналастыру орындарының келушілерге қызмет көрсетуден тапқан табысы 2018 жылы – 103,9 миллиард, 2019 жылы – 120,5 миллиард, ал 2020 жылы 66,9 миллиард теңге болыпты. Аз емес. Коронавирустың таралуына байланысты шекаралардың жабылуы қазақстандықтарды ел ішінде демалуға итермеледі. Азаматтар қалаларға жақын табиғи демалыс орындарына, ұлттық парктер мен курорттық аймақтарға ағылды. Оның үстіне КВИ-мен ауырғандарға табиғат аясында тынығып, кеуде кере тыныстау жанға шипа, тәнге дәру екені мәлім. Рас, төтенше жағдай және карантин шектеулері кезінде курорт-шипажайлар да жабылды. Бұл ішкі туристік ағымның дамуына тұсау болды. Нәтижесінде, ішкі туристер саны 2019 жылғы 6,7 миллион адамнан 2020 жылы 4,5 миллион адамға дейін, яғни 32,8%-ға азайған.Қазақстандықтар жұлдызы аз қонақүйге «құмар»
«Қазақстандықтар қайда демалуды ұнатады?» деген сауалға жауап берсек, ішкі туристердің 21%-ы ұлттық парктерге барған (2019 жылы – 16%). Курорттық ұйымдарда демалғандар үлесі 6%-ға дейін артты (2019 жылы 4,7%). Мұнда да коронавирустың ықпалы байқалады. Әйткенмен, шетелдік туристермен салыстырғанда ішкі туристер қалтасынан аз қаражат шығындайды. Оның үстіне кейінгі жылдары қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендеуде: нақты мәнде ақшалай кірістер мен жалақының өсу қарқыны 2014 жылдан бері жыл сайынғы инфляциядан төмен болып, теріс мәнге ие. Нәтижесінде, өз елімізде демалысын өткізген қазақстандықтардың 50%-дан астамы санатсыз қонақүйлер қызметін пайдаланады. Ал 5 және 4 жұлдызды қонақүйлерді тек 14%-ы таңдайды.Демалушы көңілін баға бұзады
Ел Үкіметі алда ішкі туризмді дамытуға басымдық бермек. Осы мақсатта келесі жылы Kids Go Free тетігі іске қосылатын болды. Оған сәйкес, Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушылар ұшақтармен тегін ұша алады. Яғни, егер отбасы ішкі туризм өнімін (туржолдама) сатып алса, отандық демалыс орнында тынықса, онда оның балаларын әуемен тасымалдау билетінің құны бюджеттен субсидияланбақ. Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарынша, алдағы 10 жылда Kids Go Free аясында 550 мың бала қамтылады. Тарата айтсақ, 2022 жылы 10 мың бала тегін ұшады деп жоспарланып отыр. Ішкі туристік сала жобаларына 2031 жылға дейін кемінде 1 триллион 473 миллиард теңге инвестиция құйылады деген жоспар бар. Соның ішінде Үкімет 221 миллиард теңге шетелдік инвестиция тартуға ниетті.Бағасы қанша?
Бурабай, Балқаш, Алакөл, басқа да танымал демалыс орындарында азаматтар бір бөлмелі үйлерді орта есеппен 7-12 мың теңгеден жалға алады. Бұл топпен, не отбасы мүшелерімен түнесе, қолайлы. Ал қонақүйлердің тарифі маусымға байланысты, мысалы туристік базалар мен пансионаттар бөлмелерін маусым және қыркүйек айларында төмен бағаға, шілде мен тамызда қымбатқа ұсынады. Мәселен, маусымда көптеген қонақүй 3 реттік тамақтандыруды қоса алғанда әрбір ересектен тәулігіне 5,5-7 мың теңгеден сұраса, шілдеден кейін баға 9-12 мыңға және одан жоғары өседі. Осылайша, «жабайы» демалыс та, ұйымдастырылғаны да біраз қалта қағады. 10 күндік демалыс әр адамға 100 мың теңгеге дейін шығын шығаруды талап етуі мүмкін. Мәселені кемпинг, глемпинг аймақтарын ұйымдастыру шешер ме еді, бірақ карантин шектеуі жағдайында оған тыйым салынған. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова таяуда Премьер-Министр А.Маминге жазған түсіндірме жазбасында «туристік дестинацияларда 2031 жылға қарай қосымша 22 мың 200 төсек-орын іске қосылатынын» хабарлады. Қазақстандық туристер ағыны бірнеше миллионға жеткен шақта осынша орынның мардымсыз екені әлден-ақ байқалады. Ішкі туризмді тегеурінді әрі серпінді дамыту үшін біздің шенеуніктерге де, Kazakh Tourism ұлттық компаниясындағыларға да батылдық, амбиция және креативті идея жетіспейтін сияқты. Жыл өткен сайын ел ішінде демалғысы келетіндер саны артып келеді. Алайда көп жағдайда ішкі туризм өкілдері ұсынатын қызметтің ақысы да, сапасы да азаматтарымыздың көңілінен шыға бермейді. Алыс өзен-көлдерге ойқы-шойқы жолмен жетуге көнетіндер көп. Бірақ демалыс орнында бос бөлмеге әкесінің ақысын сұрап, зіркілдеп сөйлей кететін қаншама «қызмет көрсетуші кісі» бар. Мұндай «сервистен» аузы күйгендер келесі жолы амалсыз қымбат та болса шетелдегі курорттарға бет бұрады. Сәйкесінше, қаржымыз да сол жақта қалады.Айхан ШӘРІП