Атырауда індет өршіп тұр
Атырауда індет өршіп тұр
215
оқылды

Пандемия басталған жылдан бері Атырау өңірі «Қы­зыл аймақта» көп «қонақтайтын» болды. Бүгінде Аты­рау­да індет жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетті.

Әлемді құрсауына алған індет Атырау өңірінде наурыз айында өршіп, аз уақыт саябырлап, маусым айында қайта күшейді. Соңғы мә­ліметке сенсек, Атырау облы­сын­да бір тәулікте COVID-19 жұқ­тырған 500-ге жуық адам анықталды. Атырау облысы Денсаулық сақ­тау басқармасының баспасөз қыз­меті берген ақпаратқа қара­ған­да, Атырау қаласында COVID-19 жұқтырудың 278 жағдайы растал­ды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 29 науқас анықталды. Індет қалада ғана өршіп тұрған жоқ, жеті аудандағы жағдай да мәз емес. Қауіпті инфекция жұқтыр­ғандар санының өсуі, әсіресе Жылыой ауданында байқалған. Коронавирус инфекциясы бар 372 науқаста ауру тиісті белгілермен өтіп жатыр. Індетті емдеуге арнал­ған модульдік ауруханада, екінші облыстық ауруханада, фтизио­пульонологиялық орталықта, кар­диоорталықта, Атырау теміржол ауруханасында, аудандық инфек­циялық стационарларда және Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда емделуде жатқан науқастар көрсеткіші – 100 пайыз. Соңғы тәуліктерде ауруханаларда орын жеткіліксіздігі мен ауруының орташа ауырлығымен 2 848 адам үй жағдайында ем алуға мәжбүр.

Hayat-Vax вакцинасына сұраныс артып тұр

Елімізде ақпан айында вакцина егу басталған уақытта Атырауда вакцина алушылар аса белсенділік көрсетпеді. Вакцина халыққа қол­жетімді болу үшін ірі сауда орта­лықтарында екпе бөлімшелері ашылды. Вакцина алуға насихат жұмыстары вакцинаны ерікті алу­шылар арасында ақшалай ұтыстар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде облыс бойынша ко­ро­навирусқа қарсы вакциналардың I компонентімен 132 904, ал II компонентімен 79 066 адам егілді. Айтарлығы, «Спутник V», «KaзBaк», Hayat-Vaх және «Корона Вак» вакциналарын атырау­лық­тар­дың таңдауына мүмкіндік болды. Вакциналар ішінде Hayat-Vax вакцинасы туралы жақсы пікірлер қалыптасып, тұрғындардың жап­пай осы вацинаға сұранысы артты. Бүгінде бірінші компонентін алған Атырау тұрғындары облыста бұл препараттың жоғына алаңдай бас­тады. Өңірге Hayat-Vax вакци­на­сы­ның бірінші және екінші ком­по­ненттерінің жалпы 35 мың дозасы келген екен. Бүгінде бірінші ком­по­­ненттің 18 551 дозасы және екін­ші компоненттің 16 449 дозасы игерілді. – Қазір облыстық фармацев­тикалық қоймадан Атырау емха­наларына екінші компоненттің 220 дозасы жіберілді. 22 шілдеде өңірге екінші компоненттің тағы 1 000 дозасы келеді. Hayat-Vax-тың екін­ші компонентінің қалған 882 до­засы жақын арада жеткізіледі, – деп сендірді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы. Осылайша, бірінші компонент­ті алған барлық адам Hayat-Vax-тың екінші екпесін ала алады. Ал бұл вакцинаның бірінші компо­нентінің қосымша жеткізілімдері бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Алайда тұрғындар осы вакцинаның қосымша келгенін күтіп жүргенін білдік. Қала тұрғыны Ербол Елтайұлы­ның айтуынша, Hayat-Vax-тың жанама әсері осыншалықты жанға батарлық болмайды немесе тіпті болмайды екен. – Созылмалы ауруларым бол­ған соң, ресейлік және қазақстан­дық вакциналарды салдыртуға жүрексініп жүрмін. Сондықтан Hayat-Vaх вакцинасын Үкіметтің та­ғы да сатып алғанын қалаймын. ­Бол­маса «Корона Вак» вакци­на­сының Атырауға жеткізілгенін күтемін, – деді.

Мобильді бригадалар үлгермей жатыр

Атырауда індет асқынғалы тұр. Бұл күнде 375 дәрігер «қызыл ай­мақта» науқастарды емдеуде. Індет қаһарына мінер болса, резервтегі жоғарғы, орташа және кіші са­наттағы 275 дәрігер «қызыл ай­мақта» науқастарды індеттен құтқару үшін жұмылатын болады. Қазір ауруханадағы 67 науқас­тың жағдайы ауыр, 11 науқас ӨЖЖ аппараттарына қосылған. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мобильді бригадалар қатарын көбейтіп жатырмыз десе де, науқастар үйлеріне шақырған дәрігерлік көмектің бірнеше сағат бойы келіп болмай, жандары қы­сы­латынын айтып шағымданып жа­тыр. Бұл орайда Денсаулық сақ­тау басқармасы басшылығының ай­тар уәжі «Науқастанушылар көп­тігінен мобильді топтар шақы­рулар бойынша уақытынан кештеу барып жатыр», – деген бір ауыз жауап. Атыраудағы жағдайдың уыстан шығып кетіп, науқастарға көмек беру, оларды бақылау жайына қалғанын әлеуметтік желідегі ашық жазбалар мен пікірлер де қуаттай түседі. Мәселен, Шынар есімді азамат өзінің Facebook-тегі па­рақшасында «Атырауда ауыруға болмайды» деп бастап, пандемия басталғалы елдегі денсаулық сақтау саласының «деңгейі» байқалып, «беті ашылғаны» белгілі деп жа­зыпты. Өзі ауырған 8 күн ішінде Шынар «Медицина қызметкерле­рінің аузынан «бізге қарамайсыз, анда қарайсыз, біз тек көріп кетуге келдік, дәріні біз жазып бердік, енді оны ана емхананың бәленбай деген дәрігерінен алыңыз, соларға хабарласыңыз?» деген сөздерді ғана естіп келемін. Бір аптаның ішінде белгілі бір мекенжай бо­йынша екі емхананың қайсысына қарайтынымыз шешілмей келеді.Олардың мобильді тобының адам­дары келіп, «бізге қарамайсыз, неге бізді шақырасыз?» дейді. Сөй­тіп, екі ортада олардың сырқатты емдеу емес, «менікі емес, сенікі, сенікі емес, менікінің» құр­баны болып жатырмыз. Осының кесірі­нен бір аптадан астам уақыт болды, бір емдеу шарасы өткізілген жоқ. 5 күн 40 гр температурада жат­қанда көмекке келмеген соң, қалған күндері олардан үмітің де үзіледі екен» деп жазба қалдырған екен.

Жаңа туған сәбилер анасынан ковид жұқтырмаған

Атырауда наурыз айынан бас­тап модульдік аурухананың инфек­циялық стационарында 88 сәби дүниеге келді. 20 шілдедегі мәлімет бойынша, модульдік аурухананың инфекциялық стационарында 87 жүкті, 10 босанған әйел және 7 жаңа туған нәресте жатыр. – 88 сәбиге коронавирус ин­фек­циясын анықтау мақсатында жасалған ПТР-тест теріс нәтиже берді. Өкінше қарай, жүкті әйел­дердің инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Сәби жоспарлап жүрген немесе жүкті әйелдерге өздерін қауіпті инфекциядан барынша қорғауға шақырамын, – деді №2 Атырау облыстық ауруханасының директоры Мағжан Сиджанов. Ал жуырда облыс әкімі Ма­хамбет Досмұхамбетовтің төраға­лы­ғымен өткен кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қатыс­ты мәселелер қаралды. Аймақ бас­шысы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығын, ауыр­ғандар саны өсіп келе жатқанын ескертті. Атырау облысы бойынша Санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов баяндағандай, биылғы 25 маусымнан бастап ауыр­ғандар санының артуы байқа­лады. Соның ішінде 1-21 шілде аралығында коронавирус инфек­циясы жұғуының 5 082 жағдайы тіркелген. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда облыс бойынша науқастар саны 1,2 есе өскен. Сондықтан Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы сақтық, сондай-ақ бақылау шараларын күшейтуді, соның ішінде барлық нысандарды Ashyq қосымшасымен қамтуды ұсынды. Жиынды қорытындылаған об­лыс әкімі М.Досмұхамбетов коро­навирус инфекциясымен ауыра­тындар санының артып, шырқау шегіне жететін кезеңі алда бола­тыны туралы болжамды ескерте оты­рып, алдын ала қамданып, сақ­тық шараларын күшейте түсу қажетін қадап айтып, әсіресе, ха­лық арасында түсіндіру-ақпарат­тық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы