«Ауыл әкімі саясатпен емес, шаруа мәселесімен айналысу керек» – байқаушы Жандос Дүйсембаев
«Ауыл әкімі саясатпен емес, шаруа мәселесімен айналысу керек» – байқаушы Жандос Дүйсембаев
298
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауындағы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырмасы аясында Атырау облысында да 18 ауыл әкімін сайлау өтіп жатыр.

– Махамбет ауданындағы 9 ауылдық округтің ішінде Сарайшық, Бейбарыс, Ақжайық, Есбол ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы науқаны басталды.  Тұрғындар өз әкімдерін сайлауға мүмкіндік алды. Өзім Сарайшық ауылдық округіндегі №223 сайлау учаскесіне байқаушы болып келіп отырмын. Сайлау барлық карантин талаптары сақтала отырып өтуде. Бақылаушылардың қатарында қоғамдық бірлестіктер мен партиялардың өкілдері де бар, – деді  байқаушы Жандос Дүйсембаев. Дауыс беру рәсімі заң талаптарына сәйкес таңғы жетіде басталды. Екі сағаттың ішінде 50-ге жуық тұрғын келіп дауыс берген. – Қалыптасқан дәстүр бойынша тұрғындардың басым бөлігі түске дейінгі мерзімде, сағат 10-нан кейін келе бастайды. Байқауымша,  тұрғындардың саяси белсінділігі бар. Халық Қазақстан тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан әкімдер сайлауынан үлкен үміт күтеді. Өйткені әкім бұл жергілікті жердегі ең биік лауазымды тұлға. Оған жүктелер басты міндет – халықпен етене жұмыс істеп, саяси мәселелерден гөрі, тұрғындар күнделікті бетпе-бет кездесетін шаруа мәселелерін реттеу. Бұл сайлау учаскесінде жалпы 1300-ге жуық дауыс беруші бар. Әкімдер сайлауы үлкен өзгерістердің бастауы болатыны анық, – деді Жандос Дүйсембаев.

Назгүл Назарбекова