Бүгін еліміз бойынша ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Түркістан облысы бойынша тіркелген 241 сайлау учаскесінде де 60 ауыл округіне сайланатын жаңа әкімді таңдауда. Солардың қатарында Кентау қаласына қарасты халқы көп әрі тығыз орналасқан Қарнақ ауылының тұрғындары да сайлауға қатысып, 5 учаскеде өздерінің таңдауларын жасауға мүмкіндік алып отыр. Қарнақ ауыл әкімдігі бойынша 7477 сайлаушы бар.
Жалпы Түркістанға жақын маңда орналасқан Қарнақтың тарихы тереңнен бастау алады. Басқасын айтпағанда, бір замандарда ұлтымыздың бірқатар саңлақтары Шәді Төре, Шоқан Уалиханов, Шортанбай Қанайұлы, Бұқар жырау сынды есімдері елге танымал ойшылдар мен қаншама діни қайраткерлер Қарнақ медреселерінде білім алған болса, ұлттық жәдігерлеріміздің бірі тайқазанның да осында құйылғанын тарихтан білеміз.
Кеншілер қаласы - Кентаудың іргесінде тұрған Қарнақ ауылының бірлігі мен ынтымағы жарасқан тұрғындары білім мен ғылымды әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту жолында еселі еңбек етіп келеді.
Осы орайда, жаңа әкімді сайлау үшін саяси науқан өткізіп жатқан Қарнақ ауылына ат басын бұрып, ауыл шетіндегі Шаштөбе мектебінде орналасқан № 59 сайлау учаскесіне бардық.
Байқағанымыз, учаскеде сайлаушылар дауыс беруге белсенділікпен қатысып жатыр екен. Осыған орай, дауыс берудің қалай өтіп жатқаны жайлы және өзге де мағлұматқа қанығу үшін бақылаушылардың бірі Анар Бүркітбаеваны сөзге тартқан болатынбыз.
«Таңнан бері осындамын. Сайлау учаскесі уақытылы ашылды және сайлаушылардың келуі де қарқынды болып жатыр. Дауыс беру рәсімінің ашықтығы мен әділдігіне назар аударып отырмын. Дауыс беру барысында ешқандай ескертулер мен құқық бұзушылықтар орын алмады, заңды әрі әділ өтуде. Бұл сайлаудың ерекшелігін айтар болсам, әрине әкімнің халық арасынан сайлануының өзі тұрғылықты халықтың мұң-мұқтажын қамтамасыз етілуіне үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өйткені, халықтың өзі таңдаған ауыл әкімі ауылдың тыныс-тіршілігін жетік білгендіктен ертеңгі күні халықпен санасып, жұмысын нақты әрі тиянақты жүргізеді. Сондықтан бізге өз лидерімізді, ауылбасшымызды таңдауға мүмкіндік берген Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Менде сайлауда дауыс беру құқығым бойынша өз таңдауымды жасадым. Осы ауылдың өсіп өркендеуі жолында жақсы жұмыс істеу қолынан келеді деген үміткеріме дауыс бердім. Себебі, халық қашанда елім, жерім дейтін азаматтарды қолдайды» — дейді Анар Бүркітбаева.
Бақылаушыдан өзге дауыс беріп жатқан басқа да тұрғындардың пікірін тыңдадық.
«Қарнақ ауылының тұрғындары өз сайлау учаскелеріне келіп, ауылдың келешегін ойлайтын, ауылға жаны ашитын әкімін сайлап, өз таңдауларын дұрыс жасайды деп сенемін» деген Қарнақ ауылының өнерпазы, зейнеткер, мәдениет саласының ардагері Мырзахметов Файзулло есімді ақсақал сөзін былай жалғады. Ақсақалдың өзі бүгінгі сайлау науқанын қолдау мақсатында ауыл ортасындағы мәдени шаралар өткізілетін ашық алаңда халықтың көңіл-күйін көтеру үшін қойылатын музыкалық әуендерді ұйымдастыруға өнерпаздарға көмектесіп жүр екен.
«Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған ауыл әкімдерінің сайлауы бұл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Ауыл әкімдерінің сайлауын халық жақсы қабылдап отыр. Бұл дегеніміз – әкімді халық болып өзіміз таңдасақ, ауылдың тұрғынын сайласақ, онда ауылдың өсіп-өркендеуіне сол азамат өзінің үлесін қосады деп ойлаймын», — деді Файзулло ақсақал.
Жалпы, Қарнақ ауылында 5 сайлау учаскесі бар. Тарқатып айтсақ, № 58 сайлау учаскесі М.Қашқари атындағы мектеп лицейінде орналасқан. Ол жерде жалпы дауыс берушілердің саны 2204 адамды құраса, № 59 сайлау учаскесі Шаштөбе мектебінде 1178 адам, ал №65 сайлау учаскесі Қарнақ мектебінде – 1422, № 66 сайлау учаскесі Ахын Тума мектебінде – 1811 және № 45 сайлау учаскесі Құшата елді мекеніндегі Төрткүл Төбе мектебінде 8626 адам дауыс беруге құқылы.