Вагулиндықтар жол жөнделгенін қалайды
Вагулиндықтар жол жөнделгенін қалайды
199
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында өтіп жатқан әкімдер сайлауында қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық санитарлық талаптарға баса мән берілген. Дауыс бермес бұрын сайлаушылардың дене қызуы тексеріліп, медициналық маска мен бір ретті қолғап таратылады. Денсаулығы күрт нашарлаған адамдар үшін арнайы медициналық кабинеттер жұмыс істеп тұр.  Қызылжар ауданына қарасты Вагулино ауылдық округіндегі №278 сайлау учаскесінің төрағасы Олег Лахтин ауыл тұрғындары бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Бұл сайлау учаскесінде 444 адам тіркелген. Олар таңғы 7-ден бастап өз өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға ағылды.  Вагулино ауылдық округіне Кустовое, Желяково, Красноярка, Красный Яр және Вагулино ауылдары қарайды. Ауылдық округтің 1635 тұрғынының 1043-і – дауыс бере алатындар қатарында.  Ауылдық округ әкімінің орынтағынан 3 адам дәмелі. Оның екеуі – «Nur Otan» партиясының мүшесі болса, біреуі – өзін-өзі ұсынған. Тұрғындардың айтуынша, Вагулино ауылының инфрақұрылымы жақсы дамыған: Мәдениет үйі, медициналық қосын, мектеп жұмыс істеп тұр, жол да, су да бар, үйлердің тең жартысына су енгізілген. Тек бір әттеген-айы – ауылдың ішіндегі жолдың жағдайы қинап тұрған жайы бар. Сондықтан сайлаудан күтері көп ауыл тұрғындары жаңадан сайланған әкімнен осы мәселенің шешімін тапқанын күтеді. Қызылжар ауданындағы 7 мыңнан астам сайлаушының 4 мыңнан астамы сағат 14.00-ге дейін өз таңдауын жасап үлгерді.

          Роза ШӘКЕН