Ғабит Дабылов: Жалағаш ауданындағы сайлауда жастар белсенділік танытты
Ғабит Дабылов: Жалағаш ауданындағы сайлауда жастар белсенділік танытты
244
оқылды

Биыл тұңғыш рет ауыл әкімдерін халық өздері сайлауға мүмкіндік алды. Бүгін Қызылорда облысындағы барлық ауыл тұрғындары осы міндетті тиісінше атқарып жатыр. Сайлауға келіп, дауыс беруде қарттар мен жастар да белсенділік танытуда.

Ауыл әкімдерін сайлау науқаны еліміздің қиын кезеңіне тұспа-тұс келсе де, барынша заңға және карантин талаптарына сай өтуде. Осындай жауапты сәтте Қызылордадағы әр сайлау учаскесі тыңғылықты дайындалып, барлық талаптарға сай жабдықталған. Қызылорда облысы бойынша 40 сайлау округінде сайлау бюллетеньдеріне енгізілген кандидаттар саны 122,  саяси партиялар — 47 кандидат, 75 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Басқа аудандармен бірге Жалағаш ауданындағы сайлау өтіп жатқан 4 ауылдық округте халықтың белсенділігі жоғары. «Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі №138 сайлау учаскесінде өтіп жатқан сайлауда халықтың белсенділігі жоғары. Елді мекенінде таңғы сағат 7:00-ден бастап сайлаушылар учаскеге келіп, өз таңдауын жасауда. Жалпы Бұқарбай батыр ауылдық округінде – 2034 халық болса, оның 1112 сайлаушы. Сондай-ақ 18 мүмкіндігі шектеулі азамат және 29 жасқа дейінгі 314 тұрғын бар. Барлығы ауылды дамытамыз деп үш үміткер үмітін үкілеп отыр. Ауыл халқы өз таңдауын жасап, үміткерлер арасынан өздері қалаған азаматқа дауыс беруге үлкен мүмкіншілік туды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсы білетін, ауылдың экономикасын, тыныс-тіршілігімен таныс азаматтарды тұрғындар өздері таңдауға мүмкіндік туғанына дән ризашылықтарын білдіруде», – дейді Nur Otan партиясы атынан барған байқаушы Ғабит Дабылов. Байқаушының сөзінше, сайлау учаскесіне ерте келіп, белсенділік танытқандар арасында жастар мол екені байқалды. Түске дейін халықтың басым көпшілігі өз таңдауларын жасап, қалаған кандидаттарына дауыс беріп, ауылдың тұтқасын ұстар азаматтарды өздері таңдап жатқанына ризашылықтарын білдіріп жатыр. Сайлау учаскесіне келуші тұрғындардың қатары әлі де көп. Еске сала кетейік, кандидаттарға дауыс беру науқаны кешке дейін жалғасады.

Н.ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы