«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиалының жетекшісі, өңірлік капитаны, «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дәурен Сейітқалиев әкім болудан үміттілердің қандай мәселені көтергенін, ауылдықтардың сайланатын әкімнен нені талап ететінінайтып берді.
– Дәурен Нұхұлы, әкім сайлауының қайнаған ортасында жүр екенсіз. Тарихи науқан қалай өтуде?
– Біздің Атырау облысында 36 сайлау учаскесі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Онда 150-ге жуық байқаушы дауыс берудің өту барысын қырағы қадағалап отыр. Әзірге сайлау нәтижесіне кері әсер етердей елеулі заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Учаскелерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар тегіс сақталуда. Сайлау комиссиялары, байқаушылар, сайлаушылар әлеуметтік алшақтықты ұстануда. Індет тарауына жол бермеу үшін барлық шаралар қабылданған.
– Халықтың сайлауға қызығушылығы, қатысуы қалай? Елдің көңіл күйі қандай?
– Таңнан бері ауыл тұрғындары белсенді келіп, сайлауға қатысып жатыр. Қазірдің өзінде облысымызда сайлаушылардың жартысына жуығы дауыс беріп үлгеріпті.
Ауылдықтар бірінші рет әкім сайлауына қатысуда. Бұрын тек Президентіміз бен Парламент және мәслихат депутаттарын сайлауға ғана атсалысатын. Бірақ ауыл-аймақта жұртшылықпен күн сайын араласатын, тікелей жұмыс істейтін – ауыл әкімдері ғой. Олар да сайланса деген пікір айтылып жүретін. Енді Мемлекет басшысы бұқараға осындай мүмкіндік ұсынды.
Халық та өзін елегенге жақ қой. Өз әкімін тікелей өзі сайлауға мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылықтарын білдіруде. Бұл мүмкіндік ауылдықтарға өзін маңызды сезінуге, сөзі мен пікірінің салмағы барын түсінуіне жол ашты. Бұл азаматтарымыздың саяси мәдениетінің ары қарай өсуіне серпін беруі тиіс. Яғни, әрбір азамат мемлекетіміздің, өз өлкесі мен өз елді мекенінің болашағына жауапкершілік алады.
Байқаушылар да дауыс беруге келгендермен тілдесіп, пікірін білуде. Билікке наразылығын білдіріп, дау шығарған ешкім болмады.
Кешке қарай дауыс берушілер легі артады деп күтіп отырмыз. Сол шақта жұрттың ауыл шаруашылығына, төрт түлік малға қатысты шаруасы бір жақты болып, елдің қолы босайды. Шынын айту керек, ауылдық үшін өзін асырап отырған жұмысы мен кәсібі бірінші орында тұрады.
– Жалпы, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай өтті? Оның барысында қандай да бір заң бұзушылықтар тіркелді ме?
– Біздің облыста сайлауалды агитация тыныш өтті, жақсы ұйымдастырылды. Заң бұзушылықтар байқалмады. Кандидаттар да шағым айтып, жүгінбеді. Сайлау учаскелерін алдын ала аралап, аумақтық сайлау комиссияларының дайындықтарын тексеріп кеттік.
– Байқаушылар тарапынан қандай сын-ескертпелер болды?
– Байқаушылар арасында шетелдіктер жоқ, бәрі өзіміздің ауыл-кенттің белсенді азаматтары, өз ауылының болашағына алаңдайтын тұрғындар. Арнайы келіп, байқаушы болып тіркелді. Көбісі алғаш рет осындай мәртебе алған. Бірінші қадамын жасап отыр. Демек, отандық саясатқа жаңа тұлғалар қосылуда деуге болады.
Олармен тілдестік, пікірін білдік. Сарайшық жақта сайлау учаскесінде орын аз болып, байқаушылардың бәрі бірдей ішке кіре алмапты. Карантин шектеулеріне байланысты әлеуметтік алшақтық сақталуы шарт қой. Учаскеге бөлінген орынжай шағындау болыпты. Содан байқаушылардың белгілі бір кесте бойынша кезек-кезек ішке кіретіні, ауысып тұратыны туралы ортақ шешім қабылданып, жағдайды осылай реттепті. Басқа учаскелерде орын жетерлік. Себебі, дауыс беру учаскелері негізінен, мектептерде, мәдениет үйлерінде орналасқан.
–Сайлаудың маңызы неде деп ойлайсыз? Ол қарапайым халыққа не береді?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру үшін әкімдерді сайлау мәселесін заңдастырғаны мәлім. Енді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды енгізіп отыр. Біріншіден, бұл ауылдықтар үшін үлкен мүмкіндік. Енді олардың сөзі билік үшін бастысы болады. «Сені мен сайлағанмын!» деп жергілікті тұрғындар еркін айта алады.
Екіншіден, осы сайлауға бірнеше жылдан бері дайындық жұмыстары жүргізілді. Яғни, мемлекет қауырт, бейберекет кіріскен жоқ. Ауылға арналған бюджеттің 4-ші деңгейі енгізілді, көптеген салық түрін жинау және жұмсау құзыры ауыл әкіміне берілді.
Яғни, сайланған әкім қолында қаржы болмай, қайтадан жоғары тұрған аудан әкіміне қол жайып, тәуелді болмайды. Ауылда кәсіпкерлікті дамытса, одан түскен қаптаған салықты ұқсата жұмсай білсе, ол ауылдар гүлденеді, өзгеге үлгі болады.
– Ауыл әкімі болудан үмітті кандидаттар қандай мәселені көтерді?
– Олар жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Дауыс жинау, ел сеніміне ие болу үшін олар жоқты жоқ деп ашық айтып, ауылдарды жарықтандыру, газдандыру, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау, жолдарды жөндеу секілді нақты проблемаларды ашып көрсетіп, оны шешу жолдарын қал-қадерінше ұсынды.
Ауылдықтар олардан балабақша, мектеп салып беруін сұраған. Қазір халықтың басы өсуде, демография жақсарды. Су мәселесі де көкейкесті. Көп ауылда сорғының айдау күші аз болып, су тәулік бойы берілмейді. Қысым-арыны тек түнде күшейгендіктен, кейбір ауылда жұрт түнде суға түсуге мәжбүр. Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамыту мәселелері бар. Жайылымның жетіспеушілігі кездеседі.
Халық кандидаттардың пікіріне құлақ қойды, енді таңдауын жасайды. Жаңа сайланған әкімдер ел үмітін ақтайды деп сенеміз.