Алматы облысындағы Қора өзенінен жүк көлігімен өтпек болған 15 адам суда тұрып қалды, деп хабарлайды өңірлік ТЖД баспасөз қызметі.
Кеше кешкі сағат 22:30-да Төтенше жағдайлар департаментіне суда қалған туристер жайлы ақпарат түскен. 15 адамның Бұрқан Бұлақ сарқырамасынан ЗИЛ маркалы көлігімен қайтып келе жатқаны анықталды.
Өзеннен өтпек болған олар суда тұрып қалған. Шақырту орнына Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Ескелді ауданы ТЖБ қызметкерлері келді.
Құтқарушылар туристерге сағат 01:40-та жеткен. Олар туристердің өзеннің қарама-қарсы жағалауында, қауіпсіз орында екенін анықтады.
Туристердің өздерімен бірге шатырлары мен тамағы болған. Таңға жуық адамдарды өзеннен өткізу жұмыстары басталды.
Ведомство мамандарының мәліметінше, түнгі уақытта биік таулардағы мұздықтардың еруі тоқтайды. Таңға таяу өзендегі су деңгейі төмендеп, жүк көлігі 5:20-да жағажайға өз бетінше шықты.
Туристер құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз орынға жеткізілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.
https://www.youtube.com/watch?v=o5jNpyXDFHk