Қазақстанда үй алудың ең тиімді жолы - Дәулет Мұқаевпен сұхбат (видео)
Қазақстанда үй алудың ең тиімді жолы - Дәулет Мұқаевпен сұхбат (видео)
406
оқылды
Қазақстанда баспаналы болу неге қиын? Қиын болуының бірнеше факторлары бар. Құрылыс материалдары қымбат, үйдің бағасы қымбат. Халықтың орташа табысы, айлық жалақы мөлшері аздық етеді. Екіншіден, бай мен кедейдің арасында алшақтық өте басым. Елімізде баспана бағасының тұрақты түрде өсуінің себебі неде? Соңғы екі жылда құрылыс материалдары өте қатты қымбаттап кетті. Арматураның бағасы 200 пайыз өскен. Бұл дегеніміз екі есе өсім ғой. Цемент бағасы екі есе өсті, кірпіш бағалары өсіп жатыр. Қымбатшылық бәріне әсер етеді ғой. Сондықтан бірінші кезекте - осы. Екінші кезекте, мемлекеттік бағдарламалардың жандануы. "Шаңырақ" бағдарламасы шықты, одан кейін зейнетақы қорындағы ақшаны алу шықты. Соның бәрі сұраныс артқаннан кейін бағаның өсіміне алып келеді.
Соңғы рет қашан пара бердіңіз?
2 мың теңге параға жата ма? 086 деген медицина формасы бар. Кейін астанаға келген кезде жалқаулық ұстап қалдым ба, білмеймін, емханаға барып, оның өзінде бір танысым номер беріп, қолыма 2 мың теңге ұстап алғанмын "086, келіп едім, ақшаны кімге беремін" деп қоямын, қалай беру керек екенін де білмеймін. Кабинеттегі апайлар атып тұрады ғой "сен не айтып тұрсың" деп. Сосын бір кісі жеке шақырып алып "әй, оны өйтіп айтпайды, үндемей жасалатын нәрсе" деп.
Сізге ең жиі қойылатын 3 сұрақ
Бірінші кезекте көбіне "үйді қалай аламын" деген сұрақ келеді. Бәрінде ақша жинап алады. Одан кейін екінші кезекте сұрайтыны - Отбасы банкінде ОП деген нәрсе бар, бағалау көрсеткіші. "ОП (оценочный показатель) деген не?" деп сұрайды. Оны халыққа қарапайым тілде "үш жыл жинау керек, үйдің 50 пайызына толтыру керек" деген сұрақты қойғаннан кейін түсіндіремін. Үшінші кезекте білмеймін енді басқа да әртүрлі сұрақтар келе береді.
Елімізде үй алудың ең тиімді жолдары ...
Бұл жерде мен үнемі айтамын адамның табысына байланысты. Мысалы, сол айлығыңыз  80-100 мың теңге арасында болса, табысты арттырудың жолдарын қарастыру керек, қосымша кәсіп бастау керек, саудаға шығу керек. Қазір енді пандемия онлайн өмірді екі есе арттырып жіберді де, инстаграмда саудаға шығып кеткендер екі есе көбейді. Сондай нәрсені жасау керек. Ал егер табысыңыз 200-250 мың теңге болса, Отбасы банкке үш жыл бойы қаржы жинаған, тиімді болады. Бұл жерде бағалау көрсеткіші (ОП) 16-ға жетіп жатса, табыс көзін растамай да үй алуға мүмкіндік бар. Бір жақсысы - ол жерде переплата аз болады.
Жәрдемақының көбеюі қоғамды масыл етпей ме?
Масыл етеді. Шетел аралап жүрмін ғой, әсіресе соңғы рет Грузияда, Әзербайжанда болғанда маған айтады "Дәулет, сендерде халық үкіметтен бір нәрсе күтіп отырады" дейді. Түрік ағайындар да айтты. Сендерде барлығы "дай, дай, дай" дейді. Ал біздің елде керісінше "соғыс болмаса екен, мина басып кетпесек екен деген қорқынышпен, соған шүкіршілік етіп өмір сүреміз" дейді. Сондықтан да әрине мемлекет тарапынан қолдау болғаны жақсы. Бірақ "балық берме, қармақ бер" деу керек.
Adal партиясына өтуіңіздің себебі үлкен сыйақы емес пе?
Жоқ, енді оны барлық адам солай ойлайды. Партияға шақырғанда ақша береді деген сияқты. Маған өзге де партиялардан ұсыныс түскен. Содан кейін мен "жоқ, бармаймын, партия мүшесі болмаймын" деп жүрдім де, үшінші рет сондай ұсыныс түскеннен кейін құдайдың өзі адамға мүмкіндік береді дейді ғой. "Жоқ-жоқ" дей бергеннен гөрі ертең ойда өкініш болмасын деген оймен де осы Adal партиясына түскенім бар.
Айына қанша адам көмек сұрайды?
Күніне деп айтайыншы, күніне қайырымдылық қорға 40-50 хат келеді. Менің өзіме 10-15 хат келеді. Әрине оның барлығына жағдай жасау мүмкін емес. Сондықтан барынша тырысамыз. Оның өзінде бізде қордың жарғысына сәйкес айына бір рет үй алуға болады, ары кетсе, екі үй аламыз. Одан кейін емге көп сұрап жатады. Ауру деген нәрсе қарап отырса, бәрімізде бір аурудан шығады. Сондықтан көп ауырған жандарға да көп көмектесе бермейміз.
Қайырымдылыққа қанша қаражат жинадыңыз?
Өзім жария етіп, жария етпейтін де қайырымдылықтар бар. Оқырмандардың осы уақытқа дейін жинаған ақшасы 450 миллион теңгеден асады.
Сіз жарнамалаудан бас тартатын тауарлар ...
Бірінші кезекте, қаржы пирамидалары. Бізде ол заң аясында тыйым салынған. Көбі білмейді, басында пирамида екенін түсінбейді. Сондықтан кейін алданып жататыны бар. Сосын ер адам болғаннан кейін өзім косметикаларды, опа-далап жарнамасын жасамаймын. Ол әйел затына тән нәрсе болғаннан кейін де шығар. Оны әйелім жасап жатады. Одан кейін кооперативтердің жарнамасын жасамаймын. Себебі бір кооператив тарапынан 200 миллион теңгелік коттедж алу ұсынысы келген еді. Бірақ ол кезде "ешқандай мемлекеттік бағдарламаларды айтпайсың" деген талап қойылған болатын. "Тек кооператив жарнамасын жаса" деді. Мемлекет оларға кепіл болмайды. Сондықтан ойланатын нәрсе. Оның жарнамасынан үзілді-кесілді қарсы болдым. Одан кейін желілік маркетинг жарнамасын жасамаймын.