Алматыда өгей қызын өлтірді деген күдікпен 47 жастағы ер адам қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызы хабарлады.
«Алматы облысының 47 жастағы тұрғыны 13 жасар қызын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. 23 шілде күні Талғар қаласындағы жер үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар 13 жасар қыздың денесі табылды. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы қажетті іс-шаралар өткізіп, қыздың өгей әкесін күдікті деп таныды. Белгілі болғандай, ер адам қыздың анасымен азаматтық некеде тұрған екен. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында оқиға орнынан жасырынған күдіктіні Алматы қаласының аумағында Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері ұстады», - деді Ш. Берікқызы ІІМ-де онлайн брифингте.ІІМ өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.