Теміртауда жасөспірімдер арасындағы төбелес 12 жасар баланың өлімімен аяқталды. Қайтыс болған Илья Сумкин басынан соққы алып, оқиға орнында есінен танып қалған. Артынша баланың сол күйінде есін жимағаны туралы ақпарат тарады. Елді дүрліктірген оқиға жайында баланың әкесі Вадим Сумкин айтып берді. Айтуынша, ұлының жүрегіне осы уақытқа дейін бес рет ота жасалып, ол кардиостимулятордың көмегімен өмір сүріп келген, - деп хабарлайды ЭК.
Басылымның хабарлауынша, 12 жасар Илья жүрегіне бірнеше күрделі ота жасалса да, болашақтан үміт үзбеген, сабағын жақсы оқитын бала болған. Кардиостимулятордың көмегімен өмір сүріп келген жасөсіпірім өскенде программист болуды армандаған. Алайда бір ғана соққы оның өмірін үзіп кетті.
"Балалар бастапқыда доп теуіп ойнаған екен. Одан кейін Илья өзара төбелесіп кеткен балаларды ажырата бастаған. Оның жүрегі ауырады, жарымжан еді. Бес отадан өткен. Бұл туралы аула балалары түгелдей білетін", - дейді қара жамылған әке.
Сонымен қатар ол Ильяның анасымен ажырасып кеткенін, ал бала екі ортада жүргенін айтты.
"Анасымен ажырасып кеткенбіз. Ол қазір коронавируспен ауырып, карантинде жатыр. Сондықтан Илья бізге келген. Ол анасына арнап өлең шығарыпты. Шыны керек, ерте есейді. Мектепте үздік оқушы болды. Өздігінен бағдарламалық қамсыздандырумен айналысып, ағылшынды жетік білетін. Міндетті түрде ауруын жеңіп, ақша табатынын айтатын. Міне бір ғана соққы өмірін жалмап кетті", - дейді өкініштен өзегі өртенген Вадим Сумкин.
Сонымен бірге ол баласының тағдырын ешкім қайталамаса екен деген тілек білдірді.
"Бұл оқиға туралы жазыңыздар. Мұндай жағдай енді қайталанбаса екен. Балаларды дұрыс тәрбиелеу керек. Оларды кім тәрбиелеп жатыр? Интернет пе? Ұлым сол жерде болғанына өкінемін. Соққы алғанына өкінемін", - деді ол.