Ауыл әкімдерін сайлау: саяси жаңғырудың жаңа кезең
Ауыл әкімдерін сайлау: саяси жаңғырудың жаңа кезең
903
оқылды

Өткен жексенбі күні елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға куә болдық. 25 шілдеде  алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің  сай­лауы өтті. Сөйтіп, Қазақстан қоғамы 2024 жылға дейін жал­­ғасатын әрі уақыты келгенде  ұдайы ұйымдастырылып оты­ратын жергілікті әкімдерді сай­­­лау кезеңіне өтті. Биыл  алғашқы 730 ауыл әкімін бұқара тікелей дауыс беру арқылы сайлады.

Негізі, кез келген мемлекеттің ХХІ ғасырдың бәсекесіне төтеп беретіндей деңгейде дамуына әсер ететін бірқатар фактор бар. Әрине, экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын түзеу кезек күттірмей­тін іс екені белгілі. Дегенмен бұқа­ра­ның мемлекеттік басқаруға ті­келей араласуы, елде наным-сенім мен сөз бостандығының, адам құқығы­ның, соның ішінде сайлау және сай­лану құқығының сақ­талуы тә­різді мәселелер өзекті екені сөзсіз. Өйткені ағылшын саясаткері Уинстон Черчилльдің сөзімен айтсақ, адамзат бүгінге дейін ойлап тапқан жүйелерінің ішінде демо­кра­тиядан тәуір ештеңе жоқ. Ал де­мократиялық қоғам құру – бір күн­нің ісі емес. Содан да шығар, ке­зінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «алдымен экономика, содан соң саясат» дейтін ұстанымның дұрыс екенін жиі айтатын. Әрі елді демокра­тияландыру үрдісін тежеген емес. Кезең-кезеңімен саяси рефор­ма­ларды жүргізе отырып, осынау қадамға алып келді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер сайлауын елдегі саяси реформалардың жүйелі әрі батыл жалғасуын қамтамасыз етіп, «Қа­зақстан-2050» Стратегиясында ме­желенген басымдықты жүзеге асыруды бастады. Мұны ауыл әкім­­дерін сайлаудың саяси ірге­та­сы, алғышарты ретінде бағалауға болады.

«Қазақстан-2050» стратегиясымен  үндес бастама

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жариялаған «Қазақстан-2050» стра­тегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында  басқаруды орталықсыздандырудың маңызды екенін атап өткен еді. «Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүм­кіндік беру керек» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.  Сөйтіп, ауыл әкімдерін сайлаудың маңызды екенін атап өткен еді. Тіпті, мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу бастамасы да көтерілген. Сол жылдары мәслихат арқылы 2 533 әкім сайланатыны да айтылған. Осылайша, Нұрсұлтан Назар­баев  елдегі экономикалық ахуал түзеліп, Қазақстан тұрақты даму жолына түскен соң бірте-бірте саяси реформалар жасау уа­қыты келгенін де  байқатқан. Ал «Қазақ­стан-2050» стратегиясына «Мемлекеттілікті  одан әрмен  нығайту үшін демократияны да­мыту» дейтін арнайы басым бағыт ен­гізілді. Кейін, дәлірек айтқанда 2017 жылы Президенттің бірқатар құзыреті Парламент пен Үкіметке берілді. Елбасының тікелей Жарлығымен  жүзеге асырылған консти­туциялық реформалар осылайша  елдегі демо­кратиялық үрдістерді тереңдете түс­кен еді. Бір сөзбен айтқанда,  Қазақстан ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне ұзақ даяр­лықпен келді. Алдымен  жоғары  билік эшалонындағы жауапкершілік бөлінді. Президенттік институт сақталғанымен,  Үкіметтің де, Парламенттің де жауапкер­шілігі күшейтілді.  Кейін  Елбасы өзгеше үлгідегі билік транзитін ұйымдастырып, жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент бо­лып сайланғаны мәлім.  Ал елді демо­кра­тияландыру бағытындағы  реформаларды Президент Қ.Тоқаев жалғастырды.

Саяси реформалар бір күнде жасалмайды

Әрине, әсіреқызыл сөзге құмар, қоғам бір күнде өзгере салуы тиіс деп ойлайтын белсенділер  Қазақстанда ауыл түгілі облыс,  республикалық қала әкімдерінің де  сайланып,  биліктің мүлдем  орталық­сызданғанын қалайтын кездері болады. Сырт көзге  жағымды ұсыныс болғанымен,  мұндай ұрандар  популистік бастамадан басқа ештеңе емес. Өйткені  бүгінде біз тамсанып жүрген батыс елдеріндегі демо­кратияның өзі  ұзақ жылдардың же­місі. Ал өзгелер жүздеген жылда жүріп өткен жолды ширек ғасырда өтпедік деу  қисынсыз болар еді. Әрі әр халықтың өз танымы, мәдениеті, өмір сүру жағдайы мен елдің географиялық орналасуы, аймақтың  геосаяси жағдайы деген болады. Бұлардың барлығы ескерілмесе, демократияның соңы охлократияға ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан билігінің  ұстаны­мын көптеген сарапшылар дұрыс деп бағалайды. Президент Қ.Тоқаев та «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында саяси реформалардың асығыс жасалмауы керек екенін атап өткені бар. «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары дең­гейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз» деген еді Президент. Сонымен бірге саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемле­кеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайтынын айтқан. «Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық» деп жазған  болатын Мемлекет басшысы.  Мұның өзі ауыл әкімдерін  сайлау деңгейіне жету үшін қоғамды даярлау,  нормативтік базаны қалыптастыру, тіпті елдегі  әлеуметтік-экономикалық жағдайды төмендетпеу,  мемлекеттік дең­гейде шешілуі тиіс мәселелерді түбегейлі реттеу тәрізді түрлі сатылардан өту  қажет болғанын көрсетіп отыр. Ал 25 шілдеде өткен сайлау алдын ала ойластырылған,  жан-жақты сараланған бастаманың  нақты  жүзеге асуының бастамасы. Саясаттанушы Расул Жұмалы Aiqyn газеті тілшісіне берген сұхбатында мұны сонымен бірге демократияның нығайту жолындағы тың қадам ретінде бағалады. «Әкімдерді сайлау – халықтық демократияны нығайту бағы­тын­дағы тың қадам. Сонымен бірге бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетіл­діру тұрғысындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастаманың өмірге жолдама алғанының нақты көрінісі. Елбасы тұсында басталған Қазақстанның демократиялық дамуы тоқырап, тоқтап қалған жоқ. Елде қазір осы бағытта қарқынды реформалар жүруде. Оның бір бағыты және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудің нақты қадамы – ауыл мен ауылдық округ әкімдерін сайлау», – деді Р.Жұмалы. сайлау Ал әкімдер сайлауымен  Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин жергілікті мемле­кеттік басқарудағы институционалдық өзгеріс басталғанын айтты. «Бірін­шіден, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі инсти­туцио­нал­дық өзгерістерді бастады. Олар келешекте мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасын байыппен айқындайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды. Екіншіден, бейбіт жиындар туралы жаңа заңды қабылдаумен, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы жетілдірумен қатар, әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу қазақстандықтардың саяси мәде­ниеті мен саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Ерлан Қарин. Жалпы, ауыл әкімдерін  сайлау жауап­кершілік жүгін  биліктің түрлі деңгейінде жүйелі бөлісуді қамтамасыз етіп, әлеумет­тік-экономикалық реформалардың  тия­нақты жүзеге асырылуына  мүмкіндік бере­ді. Сонымен бірге бұқараның билікке деген сенімі де нығая түспек. Әрине, одан бөлек сайлау мәдениетінің қалыптасуына, саяси немқұрайдылықтан  құтылуға ықпал ететін жанама әсерлері де  болатынын ескеру қажет. Ең бастысы, іскер азамат­тардың әкім  болып сайлануы  жергілікті жердегі  мәселелерді  дұрыс шешуге ықпал етеді. Өйткені халықтың сенімінен  құнды дүние жоқ. Сенімді ақтамау саяси һәм азамат ретіндегі беделді  жоятын қадам. Мұны әкім болып сайланған азаматтар жақсы білсе керек.

Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды

Әлемде қала мэрлерін, елді мекен басшыларын, шерифтерді сайлау тәрізді  биліктің ең төменгі эшалонындағы басшы­ларды бұқараның тікелей сайлап алу дәс­түрі ондаған жылдардан бері бар. Көрші Ре­­сейде де губернаторларды сайлап жатады. Түбі бір түркітілдес елдердің ішінде Түркияда әкімдерді сайлау қызу өтеді. Бірақ Орталық Азияда мемлекеттік басқарудың ең төменгі сатысында  сайлау  ұйымдастыру болған емес. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан  тағы да озық үлгі көр­сетті. Әрине, ел тарихындағы елеулі оқиға­ның  артықшылығы, сайланған әкімдердің үмітті қаншалықты ақтайтыны бөлек әрі бүгін-ертең белгілі  бола қоя қоймайтын әңгіме. Алайда шығыстың дүниетанымдағы әрі ұзақ жыл бойы мемлекеттілігінен айыры­лып, тек 30 жыл бұрын ғана қайтадан ел бола білген халықтар үшін таңсық дүние еке­ні анық. Дегенмен Қазақстан билігінің  ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды жүйелі  жүзеге асыруының нәтижесінде  қоғам әкім сайлауына біршама даярланды. Бәлкім содан да шығар, дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды.  Президент жа­нын­дағы Қазақстан стратегиялық зерт­теулер  институты директорының орын­басары Алуа Жолдыбалина масс-медиа өкілдеріне  берген сұхбатында осы жағ­дайды айрықша атап өтті. «Сайлауға жұрт­тың қатысу деңгейі жоғары болды. 90 па­йыз­ға дейін жеткен өңірлер бар. Ең төмен көрсеткіштің өзі 75 пайыздың айналасында. Осылай болатыны болжанды да. Өйткені Парламент сайлауында да, Президент сай­лауында да ауыл халқы қалалықтарға қара­ғанда өте жоғары деңгейде қатысады. Бай­қаушылардың мәліметі бойынша, сайлау кезінде сондай бір өрескел заң бұзу тіркелмеген. Сондай-ақ қандай да бір аран­датуға бағытталған әрекеттер, жалған ақпарат тарату болған жоқ. Осының бәрін ескеретін болсақ, әкім сайлауының алғаш­қы кезеңі сәтті өтті деп айтуға болады», – деді А.Жолдыбалина. Айтпақшы,  ауыл әкімдерін сайлауда Қазақстан билігінің ұзақмерзімді жоспар­лары­ның тағы бір нақты орындала бас­тағаны байқалды. Ол – әйелдердің белсен­ділік танытуы. Қоғамдағы әйелдің рөлін арттыру, оларды мемлекеттік басқаруға тарту, мүмкіндіктерін пайдалануды көзде­ген Елбасының саясаты да нәтиже беріп жатыр.  Президент Қ.Тоқаевтың саяси ре­фор­малар пакетінің ішінде  саяси үрдістерге әйелдер мен  жастарды тартуды көздеген ұстанымының да жеміс бере бастаған тұсы – осы. Былтыр «Nur Otan»  партиясының праймеризінде  саясатқа әйелдер мен жастарды белсенді тартуға барынша  көңіл бөлінсе, осы жолы ауыл азаматтары «қамшы салдырған» жоқ.  Әрі партиялық тізімге әйелдер мен жастарға арналған квота енгізу Мәжіліс пен мәсли­хат сайлауына ғана қатысты  еді. Әкім сайлауында мұндай шарт жоқ. Дегенмен осы жолы аты ұсынылған азаматтардың  ішінде әйелдер аз болған жоқ. Алуа Жолдыбалина әйелдер  үлесі бірқатар облыстарда 30 пайызға жеткенін айтады. «Мысалы, Мәжіліс сайлауына үміткерлерді ұсыну тәртібіне әйел адамдар мен жастарға 30 пайыздық квота енгіздік. Бұл жерде ондай квота болмағанымен, бірнеше аймақтағы үміткерлердің тіркелуін талдау кезінде әйел адамдардың белсенділігін көрдік. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан, Қарағанды, Атырау облыстарында әйел үміткерлердің белсенділігі 30 пайыз шамасында болғанын көрдік. Яғни, Пар­ламент сайлауындағы әйелдер белсенділігі әкім сайлауына да әсер еткен. Әйел адам­дардың депутаттыққа емес, әкімдікке үміткер ретінде тіркелуі өте жақсы тен­денция», – дейді ол. Демек, консервативтік көзқарас орныққан Орталық Азия айма­ғында әйелдердің белсенді бола түсуі де Қазақстаннан басталды деген сөз. Мұның өзі «Орталық Азияда алғаш рет» дейтін тағы бір графаның қосылуына ықпал ететін шығар. Өйткені әкім сайлауына 458 әйел үміткер ретінде атын ұсынды.

«Nur Otan»   партиясынан 584 үміткер  қатысты

Әкімдер сайлауының ең басты ерек­шелігі – азаматтардың өз-өзін ұсына алатынында. Яғни, әкім болуға ниет етіп, халықтың қолдауына ие боламын деген адам өз-өзін үміткер ретінде ұсына алады. Оған қандай да бір партия мүшесі болуы немесе белгілі бір қоғамдық ұйымдар атынан  әрекет етудің қажеті жоқ. Заң­намадағы белгілі талаптарды орындап,  бұқараның тиісті қолын жинаса жетеді. Дегенмен бұл ерекшелік сайлауға партия­лардың қатысуына да шектеу жасамайды. Содан да болар, осы жолғы сайлауда өз-өзін ұсынған үміткерлермен қатар, партия атынан қатысушылар да  болды. Мәлімет­­терге қарағанда, 730 сайлау округінде 2 582 адам аты ұсынылып, 2 297-сі тіркеуден өтіпті. Олардың 1 419-ы – өз-өзін  ұсынушылар.  Ал 878 үміткерді  6 саяси партия ұсынған. Дегенмен партия атынан аты ұсынылған  үміткерлердің басым  көпшілігі «Nur  Otan» партиясынан екенін атап өту керек. Дәлірек айтқанда, биліктегі партия атынан 584 үміткер бақ сынады. Партия үміткерлері сайлауалды үгіт-насихат  кезеңінде 45 мыңнан астам іс-шара өткізіп, 228 мыңнан астам үгіт-насихат материалын таратып, 1,2 млн сайлаушыға өз бағдарламаларын  таныстырған.  «Nur Otan» партиясы жа­нын­дағы Азаматтық қоғамды және мемле­кеттік басқаруды дамыту жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық кеңес төрағасы, Мә­жіліс депутаты Айдос Сарымның айтуын­ша, ауыл әкімдерін  сайлау алғаш рет ұйымдастырылғанымен  бұқараның бұл бастамаға көзқарасы жақсы болыпты. «Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына деген халықтың көзқарасы оң. Азаматтардың қызығушылығы жоғары екенін байқап отырмыз», – деді Айдос Сарым. сайлау Негізі, ауыл әкімдерін сайлауда өз-өзін ұсынушылар мен партия атынан қатысу­шылардың да  өзіндік ерекшеліктері мен ар­тықшылықтары болады. Өз-өзін ұсы­нушылар  тың  идея мен жергілікті халық­тың қолдауына сүйеніп,  ауылдарды бас­қару­дың өзіндік үлгісін жасауы мүмкін. Олар ауыл мәселесін өзінен жоғары тұрған билік құрылымдарына жеткізуде  халық атынан сөйлеуде батылырақ болуы ғажап емес. Дегенмен ел көңілінен шықпаған әкімді тұрғындар қызметінен кетіре алатыны тағы бар. Мұны саясаттанушы Расул Жұмалы да қолдап отыр. «Осы сайлауда жеңіске жеткен әкім ел үмітін ақтамаса, жергілікті тұрғындар бастама көтеріп, оны кейін орнынан алғызып тастатқыза алады. Нәтижесінде, тағайын­далған не мәслихат депутаттары сайлаған әкімдерге қарағанда, жергілікті тұрғындар сайлаған әкімнің ынта-мотивациясы да өзгереді, ол үшін бастысы – жоғары тұрған әкімнің көңілінен шығу болмайды, қайта ол ең алдымен өз жұмысына ауылдастардың көңіл толуына мән береді», – дейді саясат­танушы.  Ал біздің пайымдауымызша,  өз-өзін ұсынып, әкім болған азамат ауыл­дастармен тізе қоса әрекет етуге барын са­ла­ды. Жергілікті кәсіпкерлерді,  белсен­ділерді қасына топтастырып, ауыл мәсе­лесін көп болып шешуге  ұмтылуы мүмкін. Оптимистік сценарий – солай. Дегенмен  партия атынан ұсынылып, әкім болған азаматтардың да өзіндік артықшылығы бар.  Олар  ауыл мәселесін партия арқылы Мәжіліске дейін жеткізе алады. Оның өзінде  егер партиясы  Мәжілісте  болса ғана. Алайда  партиялардың да партиясы бар екенін ескеру қажет. Айталық, «Nur Otan» партиясынан аты ұсынылып, әкім болған азаматтар ауылды көркейтуде партияның  ұзақмерзімді бағдарламасы негізінде әрекет етеді. Жыл басында өткен сайлауда  биліктегі ең қуатты саяси күш  кешенді бағдарлама ұсынғаны  белгілі. Олардың ішінде «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ облыстар, қала­лар мен аудандарға арналған 216 өңірлік бағдарлама бар еді. Партия атынан сайланған әкімдер осынау кешенді жоспар аясында жұмыс істейді деген сөз. Егер үміткер іскер болса өңірлік бағдарлама­ларды орындауға арналған Жол картасына өзі басқаратын ауылдың мәселесін енгізуге барын салары сөзсіз. Әрі партиядан аты ұсынылып, әкім болған азаматтың артында қуатты тірек тұр деген сөз. Біздің пайым­дауымызша, мұндай әкімдердің  табысты жұмыс істеу мүмкіндігі әжептәуір  жоғары болады. Біріншіден, оның жұмысын ха­лық­пен бірге  оны ұсынған партия да  бақы­лайды. Партияға саяси күштің ими­джін түсіретін шенеунік керек емес.  Екіншіден, мұндай әкімдер партия арқылы ауылға инвестиция, меценат тарту мүмкіндігіне ие бола алады. Алайда  бәрібір әкім жұмысының қандай нәтиже берерін ауылдың орналасқан жері, ондағы тұр­ғындар саны,  инфрақұрылымы, жергілікті бюджетті толтыратын салық көлемі тәрізді фактор шешетінін естен шығармаған абзал. Дегенмен үлкен өзгерістен,  шағын қадамнан жасалатыны тағы бар.

Статистика не дейді?

Сонымен, 25 шілде күні өткен сайлаудың толық қорытындысы әлі шыққан жоқ. Толық нәтижені білуге үш күн уақыт керек. Жеті күнде сай­ланған әкімдерді тіркеу аяқталады. Ал 730 сайлау округі 14 облыста бол­ды. Дауыс берушілер үлесіне кел­сек, 25 шілде күнгі сағат 20.00-дегі дерек­тер бойынша, Шы­ғыс Қазақ­стан облысында дауыс берушілердің 90,9 пайызы өз таң­дауын жасап, ре­кордтық белсен­ділік танытыпты. Одан кейінгі орында 90,7 пайыз көр­сеткішпен Жамбыл, 87,1 пайыз­бен Солтүстік Қазақстан, 84,4 пайыз­бен Қостанай облыстары тұр. Ал Қызылордада бұл көрсеткіш – 83,6, Маң­ғыстауда – 82,4, Батыс Қазақ­станда – 81,4, Ақтөбеде – 79, Түркіс­танда – 77,1, Павлодарда – 76,9, Ақмолада 75,5 пайыз болды. Ал әкім сайлауындағы қызықты деректер жайлы айтсақ, Ақтөбе об­лысында 35 әкім сайланса, оның тек екеуі өзі-өзін ұсынған үміткер екен. Өзгесі партия атынан ұсы­ныл­ған азаматтар. Жаңадан сай­ланған 35 әкімнің 28-і «Nur Otan» партиясынан. Маңғыстауда 279 адам үміткер­лердің барлығына қарсы дауыс бе­ріпті. Бұл құқық сайлауға қа­тысты заң нормалары өзгертіл­геннен кейін алғаш рет енгізіліп отыр. Демек, ауыл әкімдерін сай­лауда азаматтар осынау құқын да пайдаланды деген сөз. Солтүстік Қазақстанда 71 әкім­нің 42-і, Қостанайда 65 әкімнің 46-сы өз орнына қайта сайланыпты. Әрине, жаңадан сайланған әкім­дердің ішіндегі ең жасы немесе қар­ты, ең көп дауыс жинағаны де­гендей түрлі дерек келтіре беруге болады. Дегенмен сайлау нәтиже­лері әлі толық шығып біткен жоқ. Сондықтан статистика да алдағы күндері толығуы немесе қызығырақ бола түсуі мүмкін. Бастысы ауыл халқы әкім сайлауында белсенділік танытты. Ауылдықтар өз мекенде­рінің тағдырына бейжай қарамай­ты­нын байқатты. Ел ерге сенетінін көрсетті.

Түйін:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан бұрын «Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сон­дай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады» деген болатын. Сөйткен реформа басталды. 25 шілдеде өткен ауыл әкімдерін сайлау науқаны шынында да үлкен өзгерістің басы болмақ. Өйткені 2024 жылға дейін барлық аудандық маңы­зы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері сайланып бітуі тиіс. Ал одан кейін биыл сайланған әкімдердің алғашқы мерзімі де бітіп үлгереді. Демек, бұдан былай жер­гілік­ті тұрғындар өздері қалаған аза­матты басшы етіп сайлап алуға дағ­ды­лана түседі деген сөз. Бұл мем­­ле­кет­тік басқару ісіне бұқара­ның арала­суын арттырып, халық­тың билікке деген сенімін нығайт­пақ. Әрі ел хал­­қының 40 пайыздан астамы тұра­тын ауылды жерлердің мәселелерін билік пен халықтың бірлесе шешуіне жол ашпақ. Ал ауыл әкімдерін сайлау жақсы нәти­же берсе одан жоғары тұрған әкімдер сайлануы әбден мүм­кін. Оған тек уақыт пен жаңадан сай­ланған әкімдердің табысты жұмыс істегені керек.

Ардақ СҰЛТАН