Сайлау
Сайлау
© abai.kz
677
оқылды

Ақмолада 11 сайлау округінде өз-өзін ұсынғандар ғана қатысты

Ақмолада ауыл әкімдерінің сайлауына сайлаушы­лардың 75,75 пайызы қатысқан. Жалпы, 290 кандидат бағын сынаған сайлауда 201 адам өз-өзін ұсынғаны анықталды.

Саяси партиялармен 89 кандидат ұсынылған. Оның ішінде 76 үміткер «Nur Otan» партиясынан, «Ақ жол» партиясынан – 5, «Қазақстан халық партия­сынан» – 6, «Ауыл және «ADAL» партияларынан бір-бірден үміткер­лер қатысқан. 11 сайлау округінде тек өзі-өзін ұсынған кандидат­тар сайлауға түсіпті. «Облыс аудандарында сайлауға ең көп үміткер Шортанды ауданы Бозайғыр округінен 5 кандидат, Ерейментау ауданының Күншалған ауылдық округінен және Атбасар ауданының Ярославль округінен төрт үміткерден қатысты», – дейді облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Манарбек Садуов. Сайланған 95 әкімнің 14-і – мемлекеттік қызмет­шілер. Ал бұрын да әкім болып қызмет еткен 52 үміткер өз орнына қайта сайланды. Әкім лауазымына ұмтылған­дардың бірі коммерциялық құрылым өкілі болса, 13-і – бюджеттік ұйым қызметкерлері, бесеуі уақытша жұмыс істемейтін адамдар болған. «Сайлауға қатысқан үміткерлердің 15-і әйелдер болды. Яғни, орташа есеппен бұл додаға түскендердің 16 пайызы. Үміткерлердің орташа жасы – 47, ең жасы 29 жасқа келген. Сайлау қорытындысы бойынша Егіндікөл ауданының Абай ауылынан сайлауға түскен М.Қарбекова сайлаушылардың 100 пайыз дауысын жинапты. Жалпы, сайлау комиссияларының әрекеті бойынша жоғары тұрған комиссиялар мен сотқа арыз түскен жоқ», – дейді спикер.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Жетісулықтар әкімдер сайлауына белсене қатысты

Алматы облысының аудандарында әкімдер сайлауы заң талаптарына сай ұйымдастырылып, ойдағыдай өтті. Жетісу өңіріндегі 71 ауылдық округ бойынша жергілікті жұрт алдағы жылдары өздеріне жетекшілік істеп, ауыл­дардағы проблемаларды шешетін басшыларды таңдады. Жетпіс бір орын үшін болған бәсекеге 235 үміткер қатысып, орташа есеппен алғанда бір лауазымға 3,3 адамнан келді. Ал кейбір ауылдық округтерде 5-6 үміткер бір орынға таласты. Қорытынды есеп бойынша сайлауға қатысуға тиісті жетісулықтардың 67,5%-ы сайлау учас­келеріне келіп, өз таңдауларын білдіріпті. «Бір орын үшін орташа бәсекелестік 3.3 адамнан болды. Әкімдер сайлауына үміткерлердің сенімді өкілдері, түрлі деңгейдегі тәуелсіз байқаушылар, журналистер қа­ты­сып, барлығының заң аясында атқарылуын басты на­зарда ұстады. Коронавирусқа қатысты қалыптасып отыр­ған жағдайға сай барлық қажетті саинтарлық талаптар толығымен орындалды. Тәртіп сақшылары да өз міндеттеріне орай қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылады. Жетісулықтар өздерінің сайлауға қатысты құқықтарын заңға сай жүзеге асырды, белсенділік бай­қатты. Ақтық қорытындыға сай тізімге енгізілген сайлаушылардың 67,5%-ы немесе 149 888 адам дауыс бер­ді», – деді соңғы ақпараттармен бөліскен облыстық сай­лау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық. Сайлау Жетісу Облыс бойынша бұл жолғы сайлауға 235 үміткер тіркелген. Ал су жаңа ауыл әкімдері анықталған аудан­дарға келер болсақ, олардың тізбесі төмендегідей: Еңбек­шіқазақ ауданында – 10, Ақсу ауданында – 9, Алакөлде 8 ауылдық округте жаңа әкім таңдалса, Балқаш пен Ұйғыр ауданының әрқайсысында алты-алтыдан он екі ауылда, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Талғар аудандары­ның әрқайсысында төрт-төрттен он алты ауылда, Жамбыл мен Қараталдың әрқайсысында екі-екіден төрт ауылда, Ескелді, Іле, Қарасай аудандары мен Текелі қаласының әрқайсысында бір-бірден төрт округте әкімдер сайланған. Кегенде 5 ауылдық округтің, Сарқанда 3 ауылдың тізгінін халық таңдауына лайықты болып танылған әкімдер ұстайтын болды. Сайланған әкімдердің 53-і мемлекеттік қызметшілер санатынан, оның ішінде 31-і әкімдік міндетті атқарғандар. Тағы жетеуі коммерциялық құрылымдардан келсе, тоғызы бюджеттік ұйымдарда жұмыс істеген. Екеуі уақытша жұмыста жоқтар қатарынан. Екі әкім әйелдер арасынан суырылып алға шыққан. Бір әкім ғылым кандидаты. Жетпіс бірдің он бірі немесе 15 пайызы экономист болса, оны немесе 14 пайызы заңгер. Су жаңа әкімдердің 40-ы өздері сайланған ауылдық округте, 30-ы сол ауданда, біреуі облыста тұрады. Олар­дың алпысы саяси партиялармен ұсынылған: «Nur Otan» – 57, «Ауыл» ХДСП – 3. Қалғаны өзі-өзін ұсынғандар. Алакөл ауданындағы Жағатал ауылдық округі бойынша жеңіске жеткен Қайрат Тұрлыбеков сайлаушылардың 100 пайыз дауысын иеленіп, жұрттың толық сеніміне ие болды. Ал Қаратал ауданындағы Бастөбе ауылдық округінің сайлаушылары «бәріне қарсымын» деп дауыс беруде «алдан көрінді. Осы округ бойынша дауыс берген 3 329 азаматтың 406-сы немесе 12,2 пайызы сайлау бюлле­теніндегі «бәріне қарсымын» деген жазбаны белгілепті.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бұл сайлаудың жөні бөлек...

 Халық көптен күткен ауыл әкімдерін сайлау да аяқ­талды. Ата қоныс ауылдарды дамытуға білімі мен ілімін жұмсайды деп сенген үміткерлерге дауыс берген халық нәтижесін тағатсыздана күтеді. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов ауылдық округтер әкім­дерін сайлау қорытындылары туралы брифингте барлық 18 сайлау округі бойынша әкімдер сайланғанын айтты. – Сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 44 305 азамат енгізіліп, оның 32 981 дауыс беруге қатысты. Бұл жалпы сайлаушы электораттың 74,4 пайызы. Ауыл­дық округ әкіміне кандидат ретінде 52 адам саяси додаға түсті. «Nur Otan» партиясынан – 15, ADAL саяси партия­сынан 1 адам ауыл әкімі болып сайланды. Одан бөлек өзі-өзін ұсынған екі кандидат та осындай лауазымға ие болды, – деді Азамат Айманакумов. Айтарлығы, Атырауда сайлаушылардың 74,4 пайызы дауыс берді. Оның ішінде, Қызылқоғада — 85,8; Исатайда — 85; Жылыойда – 80,7; Индерде — 77; Махамбетте — 80,8; Құрманғазыда – 71,7 және Атырау қаласында – 66 пайыз. Ал, сайлаушылардың жалпы саны – 44 305. Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 175 байқаушы қатысты. Оның 19-ы – БАҚ, 89-ы – қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйым, 46-сы – саяси партия өкіл­дері және 21-і – үміткерлердің сенім білдірген адам­дары. Сайлау күні Атыраулық қариялар мен мүмкіндігі шек­теулі жандар үйден шықпай-ақ дауыс берді. Дамбы ауылының тұрғындарының сайлауға келу белсенділігі көзге анық көрініп-ақ тұрды. Түс ауа сайлаушылардың тең жартысы дауыс беріп үлгерді. Дамбы ауылдық окру­гінде 38 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірді. Олардың бірі – еңбек ардагері Ғарифолла Хитуов. «Өзім де 1993 жылы Дамбы ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Бұл қызметті 8 жыл атқарып, зейнетке шықтым. Тәуел­сіздік алған жылдардан бері ауылымыз жақсы өзгерді. Ауыл тұрғындары қалаға оңай жетеді, барлық үйлерде жарық, су, газ бар. Дегенмен де ауыл дами бергені дұрыс. Біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы - сайлау нәтижелеріне байланысты. Сайлауға үйден шық­пай-ақ қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рақмет, – деді зейнеткер. Ауыл әкімдерін сайлау ақиқатында тұрғылықты халық пен әкім болып сайланған лауазым иесінен жауапкер­шілікті, сенімнің ақталғанын талап етеді. Оны алдағы уақыт көрсетеді...

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Жамбылда ауыл әкімдерінің жартысынан көбі жаңарды

Елімізде тұңғыш рет өткізілген ауыл әкімдерінің сай­лауы тарих қойнауына енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жанданған бастамаға жамбылдықтар жұдырықша жұмылып, үн қосты. Өткен жексенбіде ашылған 89 сайлау учаскесіне ағылған жұрттың қарасы қалың болып, бұқара өз таңдауын жасады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтуынша, бұл сайлау әулиеаталық ауыл әкімдерінің жартысынан көбін жаңартыпты. Яғни, билік дәлізі мен саясат сахнасында жаңа есімдер естілді. Бұл жайында ол «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте кеңінен баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, 38 сайлау округі бойынша 111 кандидат үміткер болып түскен екен. 104 391 адам сайлаушы ретінде тіркелсе, оның 94 646-і дауыс берген. - 89 сайлау учаскесінде 651 байқаушы сайлау барысын бақылады. Дауыс беру барысында ешқандай заңбұзу­шылық болған жоқ. «Nur Otan» партиясының атынан 31 үміткер ауылдық округ әкімі қызметіне өтсе, «Ауыл», «Ақ жол», ADAL және «Қазақстан халық партиясынан» бір-бір кандидаттан әкімдік лауазымына ие болды. Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 3 үміткер халықтың көп даусын жинады. Сайлау Жамбыл Сайланған 38 әкімнің 3-і – әйел. Олар Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округі, Жамбыл ауданы Ақбастау ауылдық округі және Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округіне әкім болды. Ең жас 28 жастағы әкім Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылдық округінен сайланды. Ең жасы егде тартқан 60 жастағы әкім Жамбыл ауданы Жамбыл ауылына әкім болып барды. Барлық әкім 1-2 күнде жұмысына кіріседі. Әкімдік өкілеттіліктері – 4 жыл. Оларға 57 тармақтан тұратын міндеттеме жүктеліп отыр, – деді Сайлау комиссиясының төрағасы. Осы тұста ерекше атап кетерлігі, сайланған 38 әкімнің 13-і бұрынғы әкімдер. Осылайша, бұл сайлау науқаны әулиеаталық ауыл әкімдерінің жартысынан көбін жаңартып отыр. Сондай-ақ әкім болғандардың ішінде жұмыссыз жүрген азамат та бар. Әрине, сайлаудың ашық та, әділ өткені қуантады. Одан бөлек, саяси науқанға «еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін» үн қосқаны жанға жылу. Мәселен, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылындағы №166 сайлау учаскесінде Балнұр Тұрлықұл есімді жас өмірінде бірінші рет дауыс берсе, Аса ауылының 110 жастағы тұрғыны Күлбарам Сүгірова өз таңдауын тасымалдау жәшігі арқылы үйінде жасады. Қалай дегенде де, бұл сайлау көптің есінде қалары анық. Ресми мәлімет бойынша, көп үміткер Жамбыл ау­да­нында тіркелсе, кандидаттардың 20 пайызын нәзік­жан­дылар құрады. Міне, осылардың ішіндегі халықтың сенімінен шыққан үміткерлер ауыл әкімі атанды. Бұл сайлау алдағы үлкен саяси науқанның алғашқы қадамы ретінде өткенін ескерсек, өз функциясын толық орын­дағандай. Демек, енді аудан әкімдерінің сайлауы да өтуі бек мүмкін деген сөз. Енді оны уақыт көрсете жатар.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы

Қарағанды облысында сайлауда тәртіп бұзу тіркелмеді

Қарағанды облысында 60 мыңға тарта ауыл тұрғыны өз таңдауын жасады. Енді 149 елді мекенде аудан басшы­сына емес, өзін сайлаған халыққа тікелей есеп беретін ауыл әкімдері жұмысына кіріспек. Жай кірісіп қана қой­майды, халқы күткен алғырлықпен, іскерлікпен, жаңашыл­дықпен кадр саясатына тың серпін бермек. Ауыл болашағы үшін облыстағы ауылдық округтер әкімдерін сайлауға 60 мыңдай сайлаушы қатысса, бұл – тіркелген дауыс берушілердің 74 пайызы. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов ауылдық округ әкімдерінің алғашқы сайлауында бақылаушылар да, сенімді өкілдер де белсенді болғанын айтады. Ал сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, 25 шілдеде учаскелердің жабылу сәтіне дейін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 75,85 пайызы дауыс берген. Сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, дауыстарды қайта санау, учаскелік сайлау комиссияларының хатта­маларында сәйкессіздікте қателер болмаған, сондай-ақ сайлау комиссияларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне жазбаша шағымдар түспеген. Сайлау Қарағанды – Қарағанды облысында сайлау барлық 75 сайлау округінде, 149 елді мекенде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 257 кандидат енгізілді, олардың 79-ын саяси партиялар ұсынды. «Nur Otan» партиясы – 61, «Ауыл» ХДП – 3, «Ақжол» – 3, «Адал» партиясы – 3 және ҚХП – 9 кандидат ұсынса, 178-і – өзі-өзін ұсынушы. 75 сайлау округі бойын­ша сайлаушылар тізіміне 81 540 азамат енгізілді, дауыс беруге 61 846 адам қатысты – бұл 76%, – дейді Ерқара Балқараұлы. Ерқара Аймағамбетов сайланған 75 адамның 28-і мемлекеттік қызметші екенін айтты. Оның 17-і сол ауыл­дық округке қайта сайланды, тағы 7-еуі басқа ауылдық округтердің әкімі, 5-еуі коммерциялық құрылым өкіл­дері, 17-і – бюджеттік ұйым қызметкері, 1-еуі уақытша жұмыс істемейтін, тағы 3-еуі әкім-әйелдер. Олардың арасында экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инже­нер­лер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, саясаттану­шылар, басқа да мамандық өкілдері бар. Аймақтар бойынша сайлаушылардың белсенділігі жағынан қара үзгені – Осакаров ауданы. Алдын-ала дерек 4 мыңнан аса аудан тұрғыны 88% бюллетень алып, өз таңдауын жасағанын көрсетеді. Осакаровты небәрі 1 пайызға ғана алға салған Жаңаарқа ауданы да қалысқан жоқ. 87,61% бюллетень пайдаланған 2779 ауыл тұрғыны ұлт ұйытқысы болған ауылдың болашағы үшін дауыс берді. Үшінші орынға шыққан Қарқаралы ауданының тұрғындары 85,34% бюллетень пайдаланып, яғни 3 330 адам дауыс беріп, тарихи сәттен шеткері қалмай әрі өз мүдделері үшін ауыл әкімдерін сайлауға атсалысты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы

Қызылордада 40 ауылдық округтің әкімі сайланды

25 шілдеде тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдері сайлауға түсті. Қызылорда облысындағы жеті ауданда өткен саяси науқанда 40 ауылдық округтің әкімі сайланды. Енді ауылдың тұтқасын ұстар азаматтар халықтың сенімінен шығуға бар тәжірибесін салып, ауылды гүлдендіруге қызмет етпек. Ел тарихында биыл бірінші рет өткізілгеннен кейін кем-кетіктің болары да сөзсіз. Ауылдастар арасында руға тартыс бола ма деген қауіп те болды. Бірақ екі ұдай пікір­мен таласып-тартысып жүріп ауыл тұрғындары да саяси науқанды абыроймен атқарып шықты. Өңір жұрты ауылдың сай-саласын жақсы білетін, жоғарғы жаққа сөзін өткізе алатын адамдарды кандиттар қатарына қосуға тырысты. Сайлау учаскелері бойынша 36 071 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді, оның 30 149-ы (83,58%) дауыс беруге қатысты. Әкімге үміткерлер саны – 122 адам. 40 округтің барлығында әкімдер сай­ланды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясы – 30 адам, «Ауыл» ХДПП – 2 адам, ADAL ПП – 2 адам, Қазақстан халық партиясы 1 адам ұсынса, өзін-өзі ұсыну бойынша 5 адам кандидат ретінде тіркелді. Қызылорда облысы бойынша 54 сайлау учаскесінде дауыс беру өтіп, оған 304 комиссия мүшесі тартылған. Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төра­ғасы Ғалым Баймырзаевтың сөзінше, қандидаттарға сайлаушылардың 83,6 пайызы дауыс берген. Арал ауданы бойынша 12 округте 19 учаскеге 8 019 сайлаушы, оның ішінде келушілер саны – 7 295. Ал Қазалы ауданы бойын­ша сайлауға қатысушылар – 93,38%, Қармақшыда – 83,70%, Жалағашта – 87,76%, Сырдария ауданы бойынша – 92,02%, Шиелі өңіріне – 78,67 % және Жаңақорған ауданында 74,43 % адам өз таңдауын жасады. «Сайлау барлық учаскеде Конституциялық заңға сәйкес өтті, құқықбұзушылықтар аңықталған жоқ, арыз-шағымдар түскен жоқ», – деді Ғалым Қонақбайұлы.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы

 

Халқына жақын болса игі...

Солтүстік Қазақстан облысында әкімдерді сайлау 71 сайлау округінде, соның ішінде Мамлют ауданының орта­лығы – Мамлютка қаласында және 70 ауылдық округте өтті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскиннің айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлауды жарамсыз деп тануға немесе қайта сайлау өткізуге ешқан­дай негіз жоқ. Бақылаушылар Солтүстік Қазақстан облы­сында сайлау ешқандай заңбұзушылықсыз, ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті. Сайлау комиссияларының әре­кет­теріне қатысты ешқандай шағым тіркелмеді. Соттарға талап-арыз түскен жоқ. Дауыстарды қайта санау жүргізіл­ген жоқ. Әкімдіктен үміткер ретінде сайлау бюллетеньдеріне енгізілген 214 кандидаттың 68-ін саяси партиялар ұсынған болатын. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы – 57, «Ауыл» ХДПП – 3, «Ақ Жол» ҚДП – 2, АDAL КП – 2, ХКП 4 адам ұсынды. 146 кандидат өзі-өзін ұсын­ғандар. Олардың арасынан жеті адам діттеген мақсатына жеткенін атап өткен жөн. Қалған 64-інің 55-ін билік партиясы ұсынса, үшеуі – «Ауыл» ХДПП, екеуі – «Ақ Жол» ҚДП, біреуі – АDAL КП, үшеуі – ХКП ұсынған кан­дидат. Сайланған 71 әкімнің 42-сі бұған дейін де осы лауа­зымды атқарған. Су жаңа әкімдердің сапалық құрамына тоқталар болсақ, 57-сі немесе 80 пайыздан астамы – мемлекеттік қызметшілер, 4 адам – коммерциялық құрылымдардың өкілі, алтауы – бюджеттік ұйымдардың қызметкері, 2 адам уақытша жұмыссыз. «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының бір түлегі де ауыл әкімі атанды. 19 әйел әкім сайланды. Бұл – барлық әкімдердің 26,8 пайызы. 13 әкімнің мамандығы – экономист, 14-і – заңгер, 21-і – оқытушы, 7-еуі – инженер. Сайлау СҚО Аққайың ауданы Қиялы ауылдық округінің әкімі атанған 30 жастағы Фарида Жолдаспаева ең жас әкім болса, Қызылжар ауданы Березов ауылдық округінің тізгінін қолына ұстаған 62 жастағы Аяс Дәуренбеков – жасы ең үлкені. Жаңадан сайланған әкімдердің орташа жасы – 45 жас. Айта кету керек, әкімдердің барлығы бірдей сайлау өткен округте тұрмайды. Ондайлардың саны – 54. Қалған 17-сі басқа елді мекендерде тұрады. «Альянс» әйелдер күштері Солтүстік Қазақстан облыстық бірлестігінің жетекшісі, Петропавл қалалық қоғамдық кеңес төрайымы Бақытжан Сәмиева бұл сайлау ауылды жаңғыртуға бастайтын қадам деп есептейді. «Сайлау арқылы жеңіске жету – көпшіліктің сеніміне ие болу деген сөз. Жерлестерінің сенімін арқалаған әрі халық сайлаған әкім жергілікті жердегі шешімін күткен күрмеуі қиын мәселелермен етене таныс. Ендеше, ол соларды шешіп, жерлестерінің әл-ауқатын арттыруға тырысатыны сөзсіз. Тек сайлауалды бағдарламасында берген уәделері сылдыр сөз күйінде қалмаса, берген сертінен таймай, адал қызмет етсе игі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы жаңа Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында көтерген ауыл әкімдерін сайлау туралы ұсынысы үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қолдауға ие болды», – деді Бақытжан Мағжанқызы. Алғаш рет өткен сайлауда солтүстікқазақстандықтар жақсы белсенділік танытты. Тұрғындардың 80 пайыздан астамы өз таңдауын жасап, туған ауылының тағдырына жауапты адамды сайлаудан шет қалған жоқ. Ендігі кезекте олар жаңа әкімдер биліктің емес, халықтың сөзін сөйлейтінін қалайды.

 Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы