Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда Қазақстан билігі халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Еңбеккерлердің жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы, студенттердің шәкіртақысы мен түрлі жәрдемақылар, төлемдер кезең-кезеңімен өсіріліп, ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдеріне мемлекет ұдайы қамқорлық жасап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясаты да халықтың тұрмысын жақсартып, ел экономикасын тұрақты дамытуға негізделген еді. Бүгінде өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиындықтар естелікке айналды. Дегенмен біз тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары саласындағы жетістіктерді, бүгінгі мәселелерді әңгімеге арқау ете отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновпен сұхбаттастық.
– Серік Жамбылұлы, ел тәуелсіздік алғанына 30 жыл өтті, бұл аз уақыт емес. Енді Қазақстанда бастапқы кезеңдерде қандай қиындықкедергілерге тап болды, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қандай шаралар жасалғанын айтып берсеңіз. – Сұрағыңызға толыққанды жан-жақты жауап беру үшін өткенге сәл шегініс жасауға тура келеді. Сөз жоқ, жаңа қоғамдық формация, соның ішінде Кеңес Одағының ыдырауы, ұзақ жылдар бір-біріне шаруашылық және экономикалық жағынан кіндігінен байланып келген елдер арасындағы байланыстардың үзілуі қазақстандық еңбек нарығының жағдайына өте теріс ықпал етті. Елді жаппай жұмыссыздық жайлады. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалды. Бұл өзгерістер өндірістің құлдырауымен, қолайсыз демографиялық үрдістің өршуімен және халықтың елден тыс жерлерге көшіп-қонуының жиілеуімен қоса жүрді. Білікті жұмыс күшінің сыртқы миграциясы еңбек әлеуетінің жай-күйін әлсіретті. Егемендіктің алғашқы елең-алаңы кез келген ел үшін аса маңызды. «Алыс жол – алғашқы адымнан басталады», өткенімізге бүгінгі күн биігінен көз салсақ, дәл сол кезеңде мемлекет негізі қаланып, қоғам өз дамуының бастапқы серпініне түскенін көреміз. Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен тарихи қысқа мерзім ішінде ғасырларға татитын ғибратты да сындарлы жол жүріп өттік. «Алдымен – экономика, сосын барып – саясат» деген бағыт таңдалып, ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту алдыңғы кезекке шығарылды. Мемлекет бұрынғы жүйенің құлдырап, қабілетсіз болып қалғанын ескере отырып, нарықтық экономика жағдайына сәйкес келетін әлеуметтік қорғаудың жаңа үлгісін құруға бет алды. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кезеңге дейінгі жүріп өткен жолды шолып шықсақ, халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты қандай өзгеріс болды? – 1991 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстанның саяси болашағына күмән келтірген пікірлер іштен де, сырттан да жан-жақтан қардай борап жатқан шақта, халық үшін ауадай қажет «ҚР халқын әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет 1992 жылдан бастап азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға кірісті. Әрине, зейнетке шығу жасының төмендігі, өсіп келе жатқан бейресми сектор, салықтан жалтарудың кең етек алуы және өтпелі кезеңнің басындағы экономикалық құлдырау зейнетақы төлеу мен зейнетақы төлемдерін жинау бойынша берешектің ұлғаюына алып келді. Мемлекеттің зейнетақылар мен жәрдемақылар бойынша берешегі 1998 жылға қарай 36 млрд теңгеге жеткен еді. Бұл қолданыстағы зейнетақы жүйесін тұрақсыз етті. Сондықтан 1998 жылы зейнетақы жүйесін реформалау басталды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып жеке жинақтар қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Қабылданған шаралар зейнетақы төлемдерін едәуір арттыруға мүмкіндік берді: 1999-2021 жылдар кезеңінде олардың орташа мөлшері 24 есеге жуық өсті және қазір орташа 100 мың теңгені құрайды, ал зейнетақының ең жоғары мөлшері 134,9 мың теңгеден асты. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде болған ауқымды өзгерістердің арқасында ынтымақты және базалық зейнетақы төлеу шығысы 1999 жылы небәрі 99,1 млрд теңгені құраса, биыл бұл мақсатқа қаралған қаржы 2 трлн 742,2 млрд теңгеге жетті. Зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 1995 жылғы 300 теңгеден 2021 жылы 61 796 теңгеге дейін өсті (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) және биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,8 есе асып түсті. Былтыр 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арналған жаңа жәрдемақы енгізілді, оның мөлшері отбасының табысына байланысты емес, балалар санына байланысты 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған. 2020 жылы жәрдемақымен 236,2 млрд теңге сомасына 392,4 мың отбасы қамтылды. Қазір ана мен баланы қолдау бюджеттен берілетін жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдердің 2 түрі есебінен қамтамасыз етілуде. Биыл бұл мақсатқа 756 млрд теңге қарастырылған, бұл былтырғы осы көрсеткішпен салыстырғанда 19%-ға артық. Еңбек нарығын дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында Тұңғыш Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттерін орындау үшін 2016 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы қабылданды, оған 2018 жылғы қарашада мемлекеттік бағдарлама мәртебесі берілді. Ол еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді алудың тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағдарланған болатын. Мұны жүзеге асыру барысында оған 2,8 миллионнан астам адам қатысты. Қабылданған шараның нәтижесінде жұмыспен қамтылған халық саны 1991 жылғы 7,4 млн адамнан 2021 жылдың бірінші тоқсанында 8,8 млн адамға дейін өсті. Жұмыссыздық көлемі 1999 жылғы 13,5%-дан биыл бірінші тоқсанында 4,9%-ға дейін қысқарды. Төменгі күнкөріс көлемінің көрсеткіші 1997 жылғы 3 505 теңгеден биыл 34 302 теңгеге жетіп, 10 есе ұлғайды. Кедейлік деңгейі 1996 жылғы 34,6%-дан былтыр 5,3%-ға қысқарды. – Пандемия өршіген кезде азаматтарды қолдау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз тарапынан не істеді? – 2020 жыл – Қазақстан экономикасы үшін соңғы 20 жылдан астам уақыт ішіндегі ең қиын жыл. COVID-19 пандемиясының салдары 1998, 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстарға қарағанда, экономикаға қатты әсер етті. Есігімізді қақпай енген індет туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн» деген сөздері аяқастынан басталған ауыртпалықтан абыржып қалған халыққа қанат бітірді. Пандемиядан туындаған қиындықтарға және өткен жылы қабылданған қажетті шектеу шараларына қарамастан, еңбек нарығының негізгі индикаторлары тұрақтылықтан ауытқымады. Бұған Үкіметтің халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жедел шаралар кешені ықпал етті. Осындай шаралардың бірі «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы болды, оның шеңберінде 239 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарлама арқасында 6,7 мың әлеуметтік маңызды жоба іске асты. Былтыр мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен ЖҚЖК іске асыру аясында 1,4 миллионнан астам жұмыспен қамтудың түрлі шарасы қамтылды. Бұл жұмыссыздықты 5% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Салыстыру үшін келтіре кетейін, адамзатқа аранын жайған тәжтажал тұсында аузын айға білеген елдердің өзінде жұмыссыздық деңгейі күрт өсті: АҚШ-та – 8,1%-ға дейін (+4,4%), Канадада – 9,6%-ға дейін (+3,9%), Испанияда – 15,5%-ға дейін (+1,4%)). Биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 млн адам қамтылатын болады. Қазір «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасуда, оның шеңберінде шамамен 700 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жұмыспен қамтудың Жол картасы жобаларын іске асыру кезінде 41 мың жұмыс орны құрылады, оның 28,3 мыңы тұрақты болады. Сондықтан 2021 жылдың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сондай-ақ төтенше жағдай тәртібі мен карантин енгізілген кезде халықты қолдаудың қосымша шаралары қолға алынды.Зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 1995 жылғы 300 теңгеден 2021 жылы 61 796 теңгеге дейін өсті (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) және биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,8 есе асып түсті.
Алғаш рет Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер енгізілді: – біріншіден, қызметін шектеуге байланысты табысынан айырылған азаматтар үшін – ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем. ТЖ және карантин кезеңінде оны 476 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам алды; – екіншіден, жұмыста COVID-19 жұқтырған дәрігерлер үшін және медицина қызметкері қайтыс болған жағдайда олардың отбасылары үшін 9,5 мың адам 20,5 млрд теңге сомасына төлем алды. Бұдан басқа, ай сайын әлеуметтік осал санаттардағы 1 млн-нан астам азамат жалпы сомасы 25 млрд теңгеге азық-түлік жиынтығы түрінде қолдау алды. Індетті жұқтыру қаупін азайту үшін: 600 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; 55,5 мың мүгедектігі бар адамға мүгедектікті белгілеу және жәрдемақы төлеу мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. – Кез келген мемлекеттің әлеуметтік сипаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген көзқарасымен өлшенеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде азаматтардың осы санатының өмір сүру деңгейі қаншалықты жақсарды? – Бүгінде елімізде 695,1 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 419,9 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 180,6 мың адам зейнеткерлік жаста және 94,6 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. Ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау әрқашан Үкімет қызметінің және біздің министрліктің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл мәселені тиімді шешу үшін 2005 жылы Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі құрылды. 2015 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау, тіршілік әрекеті шектелген адамдарға қатысты мемлекеттік саясаттағы бірқатар тұжырымдамалық өзгеріс жүзеге асырылды. Мысалы, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың үкіметтік емес ұйымдарының қатысуымен әзірленген Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық шаралар жоспары 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылды. Қазір Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар қолданысқа енген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 343 мыңнан астам адам немесе мұқтаж жандардың 81%-ы «Оңалтудың жеке бағдарламасына» сәйкес, оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Бүгінде бұл шарамен 525 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылған. Қажеттіліктер ескеріле отырып, оңалтудың техникалық құралдарының тізбесі 32-ден 60-қа дейін кеңейтілді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын паспорттау және бейімдеу арқылы кедергісіз орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2021 жылғы 1 маусымдағы қорытынды бойынша оларға паспортталған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 99,8%-ы қолжетімді болды. «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» порталында бұл санаттағылар жүйеге кіріп, қандай да бір нысанның қолжетімділік деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» енгізілді. Қолжетімділік картасына әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымның 35,4 мың нысаны жөнінде мәлімет енгізілген. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалауға мүмкіндік беретін «Е-Собес» жаңа автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қосылды. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы заң талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүзеге асырылуда. Бұл бағытта 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 222 тексеру жүргізіп, 190 нұсқама берді, 4,3 млн теңге сомасына 28 айыппұл салынды. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметке сәтті ықпалдастыру үшін жұмыс іздеуге және жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оқыту мен қайта мамандануға көмектесуді қамтитын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары ұсынылады. Қолданыстағы заңнамада зиянды және ауыр еңбек жағдайын қоспағанда, жұмыс орындары санының 2-4%-ы мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындары квотасын бөлу көзделген. Былтыр мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде Электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеуді жақсарту үшін қолдануға арналған Кәсіптер атласы әзірленді. Мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін биыл жоспардағы 12 орталықтың 6-ы ашылып үлгерді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімі мен мерзімін оңтайландыру мақсатында біз мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 1 шілдеден бастап жоба 6 өңірде – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында бастау алады. Сол арқылы келешекте мүгедектігі бар адамдарды мекемелер табалдырығын тоздырып, қызмет көрсетушіге тәуелді қылмайды. – Қазір қандай мақсатты алға қойып отырсыздар және болашақта қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтуде? – Ауқымды міндет туралы айтар болсақ, олардың ең бастысы – Әлеуметтік кодексті әзірлеу. Президенттің тапсырмасы бойынша, біз өткен жылы кірістік. 100-ден астам сарапшының, соның ішінде Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының қатысуымен жұмыс тобы құрылып, 30-дан астам заңнамалық және 150 заңға тәуелді акт зерделенді және халық пен қоғамдық бірлестіктен түскен 500-ге жуық ұсыныс қаралды. Нәтижесінде, Кодекс тұжырымдамасы әзірленді. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұқараның оларды түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық қағидатын бір құжатқа шоғырландыру. Осылайша, Әлеуметтік кодексті қабылдау: азаматтарға олардың әлеуметтік құқығы мен міндеті туралы бірыңғай білім көзін құруға; халықтың әлеуметтік әл-ауқатының автоматтандырылған мониторингін жүргізуге; әлеуметтік құқық пен кепілдікті қамтамасыз ету бойынша алдын алу шарасын қабылдауға; мемлекеттік қызметтерді электрондық және проактивті сипатта көрсетуге; азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. 2021 жылдың басында мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 91%-ы цифрландырылды, олардың жартысынан астамы белсенді түрде көрсетіледі. Биыл көрсетілетін қызмет санын 93%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Іске асырылып жатқан цифрлық жобалардың бірі – мүгедектігі бар адамдарға оңалту қызметтері мен құралдарын тікелей өнім берушіден сатып алуға мүмкіндік беретін «Әлеуметтік қызметтер порталы», бұл ең алдымен қызмет сапасының өсуіне ықпал етеді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетеді. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдар портал арқылы оңалту құралдары, жеке көмекшінің қызметтері, ымдау тілі маманының қызметтері, санаторлық емдеу шаралары бар, барлығы 128 мың қызметке тапсырыс берді және алды. Сондай-ақ біз «Отбасының цифрлық картасын» – өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды автоматты түрде анықтауға, қажетті кешенді қолдау шараларын белсенді көрсетуге, сондай-ақ қолжетімді индикаторлар арқылы отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлауын болжауға мүмкіндік беретін жобаны жасау бойынша жұмысты бастадық. Қазір цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын кезең-кезеңімен енгізу жүріп жатыр. Бірінші кезеңде, 2020 жылы ірі қалалардағы 17 пилоттық жұмыспен қамту орталығының базасында Электрондық еңбек биржасы арқылы төрт қызметті ұсыну бойынша жоба іске қосылды: жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеу, жұмыссызды тіркеу, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын таңдау, оның ішінде жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар және әлеуметтік жұмыс орындары бар. Екінші кезеңде Электрондық еңбек биржасы арқылы барлық қазақстандық үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының осы онлайн-қызметтерін қолжетімді ете отырып, 1 мамырдан бастап іске асыра бастадық. Биыл жұмыспен қамту қызметіне жүгінудің кем дегенде жартысы онлайн режимде болады деп болжап отырмыз. Сондай-ақ Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі – e-HR жобасын дамыту белсенді жүріп жатыр. Бүгінде жүйеде 4,8 млн келісімшарт тіркеліп, 171 мың ұйым қосылған, бұл барлық жұмыс істейтін азаматтың шамамен 79%-ын құрайды. Биыл еңбек шартының кемінде 85%-ын e-HR жүйесімен қамту жоспарланып отыр, ал 2022 жылы барлық жұмыс істейтін халықты толық қамтуға қол жеткізу көзделген. Осы жылғы 1 маусымнан бастап «Бала тууға байланысты және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау» қызметі жеңілдетілген түрде көрсетілуде. Нәтижесінде, проактивті түрде сәтті көрсетілген қызмет саны 10%-дан 37%-ға дейін артты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Халық даналығында: «Теңіздің ащы-тұщысын білу үшін оны сарқып ішуге ұмтылудың қажет жоқ, дәмін татсаң жеткілікті» деген сөз бар. Соған жүгінсек, көзіқарақты оқырман еліміз көлемінде біздің сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың құлаш жетпес көлемі мен көз ілеспес қарқынын аңғарып отырған шығар. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әлеуметтік бағдарды темірқазығындай ұстанған тәуелсіз Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі әрқашан ең алғашқы кезекте болғанын және бола беретінін мақтанышпен атап өткім келеді. Ал біздің министрлік қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра беретін болады. Ең басты құндылығымыз – тәуелсіздігіміз баянды болсын! – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ