Жергілікті билік жүйесін дамыту неге маңызды?
Жергілікті билік жүйесін дамыту неге маңызды?
343
оқылды

Демократиялық елдердің бірден-бір белгісіжергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің кең дамуы. Ай­мақтардағы азаматтар әрбір мә­селе бойынша орталықтың бұйрығын күтпейді, өздері сайлаған өкілдер арқылы түйткілдерді жылдам шешуге тырысады. Алайда осы бір қара­пайым формула көп жерде нәтиже бермейді. Нақтырақ айтса, кейбір елдер формуланың нәтижесіне қол жеткізе алмайды. Себеп неде?

Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің классикалық моделі қарапайым. Өңірдегі жұрт өз өкілдерін жергілікті заң шығарушы органға, біздіңше мәслихатқа сайлайды. Ал өкілдер, яғни депутаттар электорат атынан өкілдік етіп, шешім шығару құқығына ие болады. Жергілікті заң шығару органы өзінің жиындарында аймақты басқару, дамыту бойынша дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Аталған шешімдерді жергілікті атқарушы орган, біздіңше әкімдік жүзеге асырады. Сондай-ақ азаматтар атқарушы органның басшы­сын (әкім, мэр, губернатор) да сайлай алады. Ал енді бұл жүйені жетілдірудің маңызы қанша? Біз секілді унитарлы елдерге аймақтағы билік жүйесін дамытқан дұрыс па? Неге бір орталықтан барлық шешімді шы­ғарып, өңірлер оны жүзеге асыра бер­ме­ске? Неге әкім атаулыны орталықтан тағайындап отыра бермейміз? Оларды сайлау қажет пе? Ал енді осы сан сауалды жіктеп, жауабын табуға тырысайық. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің артықшылығы аз емес. Біріншіден, бұл аймақтағы халықтың саяси белсенді бо­луы­на, қабылданатын шешімдерге ара­ласуына, сол арқылы ортақ жауапкершілікті алуына итермелейтін механизм. Азаматтар өз өкілдерін, әкім, мэрін сайлап, оларды бақылап, талап-тілектерін айтып, қоғам­дық процеске белсене араласады. Бұл маңызды ма? Әрине, өйткені мемлекет өмірінен тыс қалған адам өзінің базалық құ­қы­ғын пайдаланудан да шет қалады. Оған қоса, қоғамдық процеске араласпаған кісінің саяси, әлеуметтік көзқарастары да әдетте тұрақсыз болады. Ондай адамды түрлі фейк ақпарат арқылы манипуляциялау оңай. Оны пандемия сан рет дәлелдеп берді. Екіншіден, билік үнемі халықтың ба­қы­лауында болады. Қалайша? Ауыл, аудан, провинция, губерния басшысын халық сайласа, оның қаншалық тиімді, сауатты, бел­сенді қызмет еткенін тұрғындар өзі бағалайды. Себебі келесі сайлауда басшы өз орнында қалу үшін тағы да электораттың қолдауына ие болуы тиіс. Ал егер басшы орталықтан тағайындалатын болса, онда халықтың пікірі, қолдауы, талап-тілегі оған аса маңызды емес. Себебі оған баға беретін, тағайындап, қызметінен алатын орталық орган. Үшіншіден, өңірдегі электораттың жер­гілікті билікті өзі сайлауы елдегі сыбай­лас жемқорлықтың азаюына ықпал етеді. Қалайша? Жергілікті атқарушы билік басшы­ларын (әкім, мэр, губернатор) орта­лықтан тағайындау қашанда жемқорлық тәуекелін жоғары етеді. Өйткені майлы орынға ұмтылатын үміткерлер аз емес. Өзгелерді басып оза шығу үшін пара беру, басқа да заңсыз әрекеттерге баратындар табылады. Әкімнің орнын пәленше мың долларға сатып алыпты деген ел арасын­дағы гу-гу әңгіме осыдан шығады. Ал егер сол әкімді жергілікті халық сайласа, онда жоғарыдағы жемқорлық жүйесі тыйылады. Өйткені кандидаттар электорат кімге дауыс беретінін білмейді, кім көп дауыс жиса, сайлауда сол жеңімпаз. Ол үшін ел­дің көңілінен шығу керек. Ал барлық дауыс берушіні парамен сатып ала алмайсың. Төртіншіден, жергілікті биліктің дамуы қаржының, табыстың әділ бөлінуіне ықпал етеді. Аймақтардың салығы унитарлы рес­пуб­ликаларда ортақ қазынаға құйылатыны, кейін өңірлерге тең бөлінетіні мәлім. Алайда республикалық бюджетке көбірек табыс әкелетін аймақтар өз табысына қол жеткізе алмайтынына налиды. Мысалы, еліміздің Атырау, Маңғыстау облыстары газ, мұнайлы өңір есептеліп, мұнай компа­нияларынан көбірек салық жинайды. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары да донор саналады. Тек Алматы шаһары 2019 жылы республикалық бюджетке 115 млрд теңге құйды. Бірақ донорлардың бюджеті өзгелердікімен тең. Есесіне, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары еліміздің дотациялық өңірлері саналады. Тек Түркістан облысы 2019 жылы респуб­ликалық бюджеттен 420 млрд теңге көмек ал­ған. Ал енді бұл облысқа тағы 3,6 трлн тең­ге жұмсамақ. Әрине, қаражат бөлі­нісінде оңтүстік өңірдегі халықтың көптігі мен тығыз орналасқанын да ескерген жөн. Бірақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамыса, табыстың басым бөлігі жергілікті бюджетте қалады. Бұл сол аймақтың өркендеуіне оң ықпал ететіні мәлім. Бесіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік саланың, адами капитал­дың дамуына да әсер етеді. Қалай дерсіз? Бүгінде отандық бюрократиялық жүйедегі ең негізгі мәселенің бірі – командалық көші-қон. Басқа облыстан не орталықтан келген әкімдер өздерімен бірге өзіне сенім­ді деген бірнеше маманды қоса әкеледі. Сәйкесінше, оларға жұмыс орнын табу үшін жергілікті кадрлар қызметінен боса­тылады. Бұл мемлекеттік қызметтегі сабақ­тас­тықты, ішкі жүйені бұзатыны анық. Оған қоса, сырттан келген мамандардың өңірді жылдам зерттеп, бірден тиімді жұ­мыс істеп кетуі оңай емес. Ал егер жергілікті басқару органдарының басшылары сай­ланса, онда «кадрлық көші-қон» азаяды. Жергілікті мамандардың тұрақты қызмет етуіне жағдай жасалады. Сапалы мамандар меритократия принципімен жоғарылайды. Әрине, кез келген процестің өз тәуекелі болады. Сондай-ақ жергілікті билікке көбірек мүмкіндік, құқық берудің де кем­шін тұстары болуы мүмкін. Қандай? Ең ал­ғаш­қы тәуекел – жергілікті трайбализм­нің дамуы. Бұл көптеген елдерге тән қа­сиет. Ру, тайпа, әулиет, ұлт, қала, мекендерге бөліну көптеген халықтарға тән. Сондық­тан жергілікті билік органдарына сайлау барысында электорат кандидаттардың шығу тегіне көп мән беретінін жоққа шы­ғара алмаймыз. Трайбализм – Қазақстан жағдайындағы реалистік проблема. Ол аймақтардағы сайлау нәтижесіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан бұл факторды жоқ­қа шығара алмаймыз. Алайда трай­бализм уақытша құбылыс деуге болады.  Неге уақытша? Бастапқы кезеңде тұрғын­дар адамның руына, шыққан тегіне қарап, дауыс беруі мүмкін, бірақ ондай басшылар көңілден шықпаса, ауызы күйген үрлеп ішеді, онда 2-3 сайлаудан кейін азаматтар үміткерлердің кәсіби қабілетін бағалай бастайды. Келесі қатер – жергілікті жемқор­лықтың өршуі. Егер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамытылса, онда аймақ­тарға тек таңдау құқығы емес, өңірлердегі ресурстарды басқару мүмкіндігі де қоса беріледі. Яғни, бюджетті, субсидияларды, гранттарды, басқа да қаржылай-материал­дық ресурстарды үлестіру мүмкіндігі өңірлерге көшеді. Бұл бастапқы кезеңде сыбайлас жемқорлықтың артуына жағдай жасауы мүмкін. Себебі бұған дейін бұл құқық орталықта болды. Оған қоса, егер бір кандидат мемлекеттік органға тұрақты түрде сайланып отырса, ондай адамның да жемқорлыққа жол беру тәуекелі бар. Өйт­кені оны бұрынғыдай орталық қадағалай алмайды. Иә, кез келген бастаманың екі тұсы болады. Бірақ қалай десек те, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің артықшылығы, халыққа пайдасы мол. Ең маңыздысының бірі – халық өз аймағы, тағдыры үшін жауапкершілік алады. Шешім жылдам қабылданады, әр ұсақ мәселе бойынша орталықтың рұқсатын, бұйрығын күтіп отырмайды. Қазақ тарихында да әр аймақтың рулары өз биін, батырын, болысын сайлап, мәселесін шешіп отырған. Бұл да ұлтымызға тән жергілікті басқару жүйесі еді. Енді оны кәсіби деңгейге шығаратын кез келді.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА